Жақында Жетісайдың Қ.Жандарбеков атындағы театры «Алпамыс батыр» пьесасын сахналады
Жиделi-байсын жерінде, Қоңырат деген елiнде, деп басталатын «Алпамыс батыр» жыр-дастанын, әсiресе, сонау өткен ғасырдың 60-70-жылдары бiлмейтiн қазақ жоқ едi десек әсiре айтпағандық болар. Сол кеңестер заманының өзiнде қазақтың қаһармандық эпостарының iшiнде «Алпамыс батырдың» шоқтығы биiк болғаны, көркемдiгi жағынан да өзгелерiнен ерекшеленiп тұратыны тағы рас-тын. Ауыл-ауылдардағы үлкен кiсiлер кiтапқа қарап жатық оқитын балаларға «Алпамыс батыр» жыр-дастанын оқытып қойып рахаттана ұйып тыңдайтын, жас ұрпаққа Алпамыстың батырлығы мен ержүректiгiн, туған елiне деген қамқорлығын, патриоттығын үлгi ететiн.
Биыл республика жұртшылығы Қазақ хандығы iргетасының қаланғанының 550 жылдығын тойламақ. Өткенiмiздi түгендеу, сан қатпарлы тарихымызды тереңдей зерделеу арқылы ғана болашағымызды баянды ете аларымызды Президентiмiз алқалы жиындарда талай рет айтты да. Мұнан кең-байтақ Қазақстанның қиыр оңтүстiгiнде орын тепкен мақтааралдықтар да шет қалмақ емес. Осының жарқын бiр айғағы ретiнде осы таяуда ғана Жетiсайдағы Қ.Жандарбеков атындағы драма театрында драматург У.Әзiмнiң «Алпамыс батыр» пьесасының қойылуы дер едiк. Оны сахнаға шығарған белгiлi режиссер, ҚР мәдениет қайраткерi Әскербек Құлданов. Көркемдiк жетекшi мен театр әртiстерiнiң өзара терең түсiнiстiгi, тарихи тақырыпқа деген жауапкершiлiк драмалық шығарманың көрермен көңiлiнен шығуына негiз қалады деп сенiммен айтуға болады. Мұны сағаттан астам уақыт бойы лық толы залдағы көрермендердiң спектакльдi тапжылмай тамашалағаны-ақ айғақтай түседi.
Әкесi Байбөрiнiң жылқыларын айдап кеткен қалмақ ханы Тайшықтың елiне жорыққа аттанған Алпамыс батырдың ерлiктерi, оның жат жұртта жаудың қолына түсiп, жетi жыл зынданда жатуы, онан аман-есен шығып елiне келуi көрермендi ойландырады, толғандырады. Осы жетi жылда Алпамыстың әкесi Байбөрi мен анасы Аналықтан бастап бүкiл ел «жасанды» Алпамыс – күңнен туған Ұлтан құлдың езгiсiнде болады. Тiптi, Алпамыстың сүйген жары Гүлбаршын мен ұлы Жәдiгерге, қарындасы Қарлығашқа зұлымдықтарында шек болмайды. Елiне келе жатып Алпамыс қырдың беткейiнде қой бағып қайғы-мұңға батып отырған Құлтай қарияға жолығады да, мән-жайды түгел бiлiп алады. Өзiнiң шын Алпамыс екенiне оның көзiн жеткiзген ол Құлтайдың киiмдерiн киiп алып елге барады. Расында да, күйзелген халқын, құлға айналған әке-шешесiн, бауырларын көредi. Ұлтан құлдың әйел етiп алмақ болғанына көнбей мұны жетi жыл сарыла күткен махаббатына адал Гүлбаршынның ерлiгi мен төзiмдiлiгiне көз жеткiзедi. Ақыр соңында жауыздық ауыздықталады, әдiлдiк жеңедi. Кезiнде Алпамыс батырға адал дос болып, елi үшiн тiптi ерлiктерге де барып жүргендердiң осы жетi жылдың iшiнде езге, жауыз Ұлтанға қарсы келе алмай жантықтарға айналғаны пьесада жан-жақты айшықты суреттеледi. Тiптi, көрерменге психологиялық тұрғыдан да ой салады. Әсiресе, Гүлбаршын сұлудың (әртiс Дана Қоңырова) махаббатқа адалдығы, оның Алпамыстың жорыққа аттанар алдындағы «Жетi дүние тұрғанша күтемiн!» деген сертiнiң өзi де бүгiнгi жастарға терең ой салады деген сенiмдемiз.
Театрымыздың әртiстерi көрермен көңiлiнен шығу үшiн барын салып ойнады. Әсiресе, Алпамыс батырды бейнелеген жас әртiс Өмiрзақ Айдаров пен Гүлбаршынды сомдаған Дана Қоңыроваға, сақау Бадамшаны келiстiре келтiрген әртiс Марияш Жұмадiллаеваға, Ұлтан құлдың iшкi жан дүниесiн аша бiлген әртiс Бақытжан Қаппаровқа, Қаражанды қатырып ойнаған Батырхан Қазыбековке, Аналықты ойнаған ҚР мәдениет қайраткерi Ұлбосын Базарбаеваға көрермендер ыстық ықыласпен қол соқты. Сондай-ақ, Н.Анасов (Құлтай), Бақыт Айдаров (Жырау), Асылхан Қолдасов (Байбөрi), Мөлдiр Қаппарова (Қарлығаш) Пердехан Садықов (Парманқұл), он жасар мектеп оқушысы Азамат Өтебеков (Жәдiгер), т.б. да ортақ iстiң орайын келтiруге, яғни пьесаның көрермен жүрегiнен орын алуына өзiндiк үлестерiн қоса бiлдi. Ал сахнаның безендiрiлуiнде театр суретшiсi, ҚР мәдениет қайраткерi Тағайбек Байдарбеков те жемiстi еңбек еттi.
Әбдіәлім ТIЛЕУБЕКОВ.