20 Маусым, 2015

Еңбегімен ел құрметіне бөленген

440 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
мерейсөзҚордай ауданы Ұлы Жібек жолының бойында, Қазақстан мен Қырғызстан мемлекеттерінің шектескен тұсында орналасқан. Ол алғаш рет 1928 жылы аудан болғанда Алматы облысының құрамында болғанымен 1939 жылы Жамбыл облысына қосылған. Жер көлемі 9 мың шаршы шақырым, халқының саны 140 мыңға жуық. Қордай өңірі қазақтың халық ақыны, әнші Кенен Әзірбаевтың өмірімен тығыз байланысты. Кеңекең осы аудан аумағында өмірге келген. Сондай-ақ, бұл ауданнан соңғы жылдары да кәсіпқой боксшы Марат Мәзiмбай, әншілер Айгүл Иманбаева, Саят Медеуов, жазушылар Несіпбек Дәутайұлы, Марал Ысқақбай, ғалым Мұхтарбай Өтелбаев сияқты атақты адамдар шыққан. Соңғы кездері Қордай ауданы экономикалық жағынан жедел дамып келеді, ол бай инфрақұрлым мен адами әлеуетке ие. Ауданның экономикалық көрсеткіштері жоғары өрлеп, агроөндіріс кешендері мен өнеркәсіп, кәсіпкерлік даму үстінде. Жыл сайын білім беру мен денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес нысандары жөндеуден өтіп, іске қосылуда. Жеке үй құрылыстары үлесі есебінен тұрғын үй құрылысы дамуда. Жаңа жұмыс орындары ашылуының арқасында әлеуметтік сала жақсарып, жұмыссыздық саны азайып келеді. Сондай кәсіпорынның бірі «Қордай былғары комбинаты». Ол кезінде елімізге аты белгілі болған өндіріс орындарының бірі еді. Сырт көзге тыныш қана тірлігі бардай болып сезілетін бұл кәсіпорынның тарихы тереңде жатыр. Бүгінгі таңда «Ырыс-Бақыт» болып қайта құрылған бұл кәсіпорынның күзет қойылған қақпасынан ішке енсеңіз, әр түкпірде әртүрлі цехқа бөлінген, әркім өз  ісімен  әлек болған жандарды көресіз. Бір жерде киіз басып, бір жерде тері илеп, бір жерде тон тігіп, атқа ер жасап, тұрмыстық киім-кешек  жасап жатқан қым-қуыт тірлік. Үлкен сұранысқа ие болып отырған  көздің жауын алатын  әскери киімдер, қазақы нақышпен қасқыр терісінен тігілген, құны бірқарарлық қасқыр ішіктер... Адам өмірге келгеннен кейін артына із қалдыруды, ұрпағына мирас сыйлауды мақсат етеді. Саналы адамның өмірі де сапалы болмақ. Кеңесхан Ахаев та өмір бойы еңбектен жалықпаған, халық мүддесі үшін қызмет жасаған азаматтарымыздың бірі. Кезінде түрлі баспалдақтардан өткен, еңбек майданында шыныққан Кеңекең бүгінде «Ырыс-Бақыт» ЖШС басшысы болып еңбек етеді. Бұл кәсіпорынның жұмысы жүріп, баяғы дәурені қайта оралады дегенге кешеге дейін ешкім сенбеген. Бірақ адамның емес, Алланың айтқаны болады емес пе? Іскер адамдар кез келген қиындықтан шығатын жол табады. Міне, кәсіпкер Кеңесхан Ахаев бұрынғы былғары комбинатының тарс жабылған есігін қайта ашып, небәрі 11-12 адаммен жұмысты қайтадан бастағанда өзінің іскерлігіне сенім артқаны анық. Қордай ауданындағы бұл былғары өңдеу фабрикасында бір кездері 1000-1200 адам жұмыс істеді. Аяқ киімдері өте сапалы тігілгендіктен болар, өнімдерімен алыс-жақын шетелге дейін танымал болды. Бірақ ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында көптеген кәсіпорындар сияқты ырғағынан жаңылып, ақырында жабылып тынған-ды. Тек 2005 жылы ғана бұл кәсіпорынның әлдеқашан суып қалған ошағына от жағылды. «Әрине, жұмысты қайтадан бастау оңайға түскен жоқ. Фабриканың есігінде құлып тұрған жылдары көптеген мамандар жан-жаққа кетіп қалды. Шынын айту керек, бұл кәсіпорында бұрын көбінесе орыс, неміс ағайындар жұмыс істейтін. Олардың көбі көшіп кетті. Сондықтан, ең алдымен, маман дайындау ісін қолға алдық. Сосын өндіріске өзгеріс енгізу керек деп шештік. Жаңа заман, талап та басқаша ғой қазір… Әрбір түскен табысты тиімді пайдаланып, 3 жылдың ішінде құрал-жабдықтарды бірсыпыра жаңаладық. Нақтырақ айтсам, осы жылдар ішінде жаңадан 11 жабдық сатып алдық. Қазір қорғаныс, теміржол, шекара, құқық қорғау саласының қызметкерлеріне аяқ киім, басқа да қажетті киімдер тігеміз. Сұраныс көп. Одан қала берді ер тоқым, жеңіл киіз, тағы да басқа заттар шығарамыз. Біздің өндірісте ешқандай қалдық қалмайды. Теріні де, жүнді де толық іске жаратамыз. Еуразиялық экономикалық одақтың арқасында өнімдерімізді Ресейге шығаруға мүмкіндіктер мол», дейді «Ырыс – Бақыт» ЖШС-нің бас директоры Кеңесхан Ахаев. Міне, жақында бұл былғары өңдеу фабрикасы жанынан қойдың жүнін жуып тазалайтын цех іске қосылды. Қазір кәсіпорында 250-дей адам жұмыс істеп жатыр. Жаңадан орнатылған құралдардың қуаттылығы бір маусымда осы төңіректегі елден жиналатын 600 тоннадай жүнді түгел жуып, толық өңдеуге мүмкіндік береді. Ал жуылған жүнге әлемдік нарықта сұраныс өте жоғары. Және жаңа қондырғылардың арқасында еңбек өнімділігі жоғары болып тұр. Өйткені, жартылай автоматтандырылған. Кәсіпорын тәулік бойы тынымсыз жұмыс істейді. Сондай-ақ, құралдар жүнді таза жуады. Бұл сапалы тауар өндіруге мүмкіндік беріп отыр. Қордай ауданының Жамбыл ауылында орналасқан бұл кәсіпорынның жұмысымен Кеңесхан Сәбденұлы кеңінен таныстырды. Жалпы алғанда, фабрикада мұнан өзге тағы 5 цех жұмыс істейді. Былғары өңдеу желісі де заманға лайық озық технологиялармен жабдықталған. Кәсіпорын жұмысшылары Түркиядан келген білікті мамандардан өз кәсіптерінің қыр-сырын үйреніп жатыр. Ал жұмысқа жаңадан келгендер биыл шетелде оқып, тәжірибе жинап қайтпақ. Бір ауылдың жандарын жұмыспен қамтып отырған бұл фабрика өнімдері Ресейден бөлек Англия, Қытай, Украина, Түркияға да жіберіледі. Бұл, әрине, кәсіпорын жұмысшыларының қолы алтын, ісмер, өз істерінің нағыз маманы екенін дәлелдесе керек. Осылай деп «Егеменнің» тілшісі О.Дәуіт жазған еді. Кеңесхан Ахаев 1945 жылы Талас ауданы, Бостандық ауылында дүниеге келген. Әкесі Ахай мен анасы Айша кішкене Кеңесханды бетінен қақпай, шындыққа шынықтырып, ақиқатты айбын етіп өсірді. Он жылдықты бітірген соң ол, 1962 жылы Жамбыл технологиялық институтының инженер-технолог мамандығына  оқуға түсті. Ал 1967 жылы оқу орнынан инженер-технолог мамандығын алған жас маман Кеңесхан Ахаев Жамбыл хром зауытына ауысым бастығы болып орналасып, 1968 жылы Қаратау өнеркәсіп комбинатына директор болды. 1970 жылдан 1984 жылға дейін «Прогресс» фабрикасының директоры қызметін атқарады. Еңбегімен, біліктілігімен көзге түскен жас маманды 1984 жылы еліміздің Жеңіл өнеркәсіп министрлігі Алматыға шақырады. Алматыда Кеңесхан Ахаев Қазақ өнеркәсіп комбинатының директоры болады. Кейіннен Қазақ ССР Тұрмыстық қызмет көрсету министрлігін басқарады. Кеңекең 1991 жылы Одақ тарағанда, Қазақстандағы өзіне қарасты комбинат – кәсіпорындардың жоғалып кетпей, істерін жалғастыруына қатты алаңдады. Соның бірі – «Қордай былғары комбинаты» болатын.  Халқымызда «Еңбек етсең – емерсің» деген сөз бар. Кеңесхан ағамыз қиындықты салиқалы, сабырлы ақылмен жеңіп, бүгінгі күнге жетті. Қазіргі таңда үш жүзге жуық азаматтарға жалақы төлеп, еліміздің кәсіпкерлік саласын дамытып отыр. Өзгені айтпағанда, Қазақстан Республикасы Президентінің Астана қаласында өтетін «Алтын сапа» байқауында  Жамбыл облысының атын шығарып, бірнеше рет жүлдегер атанып, әлденеше кубоктарды жеңіп алды. Елбасымен бір кездескенде Кеңесхан ағамыз «бір өгіздің терісінен елу аяқкиім шығаруға болады», – депті. Сонда Елбасы: «Бұл жақсы ғой, жұмысты жалғастыру қажет» деп Ауыл шаруашылығы министріне: «Мұқтаж болса, көмектес», – деген екен. Кеңесхан Ахаев  бүгінде Жамбыл облысының құрметті азаматы, биылғы жылы «Құрмет» орденінің иегері атанса, туған жері Талас ауданы әкімдігі мен мәслихаты, ауданның «Құрметті азаматы» атағын берген. Қазір «Ырыс-Бақыт» ЖШС-да қанатын кеңге жайып, өркендеп келеді. Жақында ғана еліміздің Парламент депутаттары мен ауыл шаруашылығы министрлігі бастаған топқа облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев   Кеңесхан ағамыздың қыруар тірлігін айтып, талайды  тәнті етті. Сөз жоқ, бұл облыс әкімінің зейнетке шықса да, тұғырдан түспей, ел дәулетін көтеруге ерлікпен үлес қосып отырған үлкен еңбекті өзгеге үлгі етіп, насихаттағаны ғой. Еңбегімен ел құрметіне бөленген Кеңесхан Ахаев Маржан жеңгеміз екеуі 4 қыз, 3 ұл өсірген ардақты ата-ана. Ұл-қыздарының барлығы да бүгінде жоғары білімді  мамандар. Кеңекең бүгінде 27 немере, 8 шөбере сүйіп отырған ардақты ата.  Алланың бес парызының бірі намазға жығылып, ел тілеуін тілеп, бақытты күн кешіп отыр. Еңбегі мен ынтымағы жарасқан балаларының арқасында,  тасын Самарқаннан алдырып, туған ауылына мешіт салдырып, енді қасиетті Тараз қаласынан «Әулиеата – Түргеш» мешітін тұрғызуды да қолға алған жайы бар... Осының өзі кешегі тарих, ел мен жер, аталар аруағына  деген үлкен парасаттылықтың белгісі. Парасаттылық қашанда пайымды жолға бастайтын шырақ екені даусыз. Жапар САТЫЛҒАНОВ, Мойынқұм ауданының құрметті азаматы. Жамбыл облысы.  
Соңғы жаңалықтар