01 Тамыз, 2015

Жастық шағын отты жылдар шарпыған

520 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
03-04-15-Zhangeldi Makhashov Ауған жерінде КСРО-ның қатысуымен 1979-1989 жылдар аралығында өткен соғыс қазақ жұртының жадынан өше қоймайды. Өйткені, осы 10 жыл ішінде еліміздің 23 мыңнан астам жас жігіті жат жердегі ұрыс қимылдарына араласып, олардың ішінде 985 боздақ қыршынынан қиылды. Бұдан басқа, 23 арысымыз хабар-ошарсыз кетті, 1500-ден астамы елге оралғанымен, соғыстан алған түрлі жарақаттары салдарынан көз жұмды. Бұлардың дені қазақ баласы екені аян. Сондықтан ауған соғысын елдің санасынан сылып тастай алмаймыз. Қазір елімізде ауған соғысына қатысқан 18 мыңға жуық азамат бар. Олар тәуелсіз еліміздің дамуына хал-қадерінше атсалысып, бүгінгі ұрпақты отансүйгіштікке, ұлттық патриотизмге тәрбиелеуде айрықша үлес қосып отыр. Солардың арасында ауған жерінен ең соңынан шығарылған, генерал-лейтенант Борис Громов басқарған атақты 40-шы армияның құрамында болған қазақ ұланы Жангелді Мақашов та бар. Ол бүгінде «Ауғанстан ардагерлері» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары ретінде де танымал. Сондай-ақ, біздің кейіпкеріміз Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағаты бас директорының орынбасары болып тағайындалды. Ендеше, өмірі жастарымызға өнеге болар ардагер жөнінде аз-кем әңгіме өрбітейік. Қасиетті Түркістан қаласының тумасы Жангелді Меңлібайұлы онжылдықты бітірген соң бір жылдай құрылыста еңбек етті. Келесі жылы Шымкенттегі әскери комиссариаттан шақырту келді. Бұл 1987 жылдың сәуір айы болатын. Сол қарсаңда ауған соғысына іріктеу жүргізіліп жатқан екен. Аяқ-қолы балғадай, ана тілінен бөлек орысшаға ағып тұрған қағілез жігіт офицерлердің көзіне бірден түсті. Содан комиссариатта сайдың тасындай іріктелген бір топ жігітті қазіргі Бішкекке алып келді. Мұнда бірер апта аялдады. Оларды шені белгісіз, дұрысы «погонсыз» «покупательдер» Ташкентке алып кетті. Жігіттер өздерінің Ауғанстанға аттанатынын осында бір-ақ білді. Жас сарбаз өз серіктерімен бірге Ташкентте 3 ай байланыс қызметі бойынша теориялық білім алған соң, Шыршық қаласында осынша мерзім практикалық дайындықтан өтті. Жүзге жуық сарбаз мінген АН-12 әскери ұшақ Өзбекстанның Термез қаласынан түнде ұшып шығып, бірер сағаттың ішінде Ауғанстанның Құндыз қаласына қонды. Бөтен жер, салқын орта, көңілсіз көріністер, артиллерияның гүрсілдеген дауысы бейбіт өмірден келген жігіттерді ә дегеннен-ақ жасытып тастағандай. Бұлар келген ұшақпен әскери борышын өтеу уақыты біткен сарбаздар елге қайтқалы тұр екен. Түстері суық, жасы жиырмадағы жігіттерге ұқсамайды.Тым ерте есейіп кеткен секілді. Құндызда 2 күн болды. Одан әрі Бағлан провинциясындағы Пули-Хумри деген қалаға алып келді. Жолай бөліне-бөліне Ташкенттен бірге аттанған жауынгерлердің қатары сирей түскен. Түркістандық жерлесі Тұрғанбек Бегімов екеуі 395-ші мотоатқыштар полкінің 2-ші батальонына жіберілді. Батальон командирі – қырғызстандық майор Валерий Подлесный деген азамат. Жангелді Меңлібайұлы барлау взводының байланысшысы болды. Оның міндеті – комбаттың жанында жүріп, байланыспен үзбей қамтамасыз етіп отыру. Қағылез, өз ісіне тиянақты Жангелді көп уақыт өтпей броньды машинаның командирі, содан кейін барлау взводы жетекшісінің орынбасары болды. Мұндай қызметке көбіне орыс­тан басқа ұлт өкілдері тағайындала бермейтін. Алайда, біздің кейіпкер бұл үрдісті бұзып, өзінің бір взводты басқаруға лайық екенін іс жүзінде дәлелдеді. Кейде командирдің міндетін атқарып, талай-талай жауапты тапсырмаларды бұлжытпай орындады да. – 1987 жылдың желтоқсан айында «Магистраль» атты үлкен операция басталды. Оған 40-шы армия түгел қатысты, – деп еске алады ауған соғысының ардагері. – Мақсатымыз – Пәкістан шекарасынан 10 шақырым жердегі, яғни Хост провинциясындағы таудың арасынан өтетін жолды жауып тастаған дұшпанды бекінісінен ығыстырып шығару. Бұл жол кеңес әскерлері үшін үлкен маңызға ие еді. Біздің 2-ші батальонның барлау взводына операция өтетін жерге, яғни биіктігі 3 мың метр болатын тау басына бәрінен бұрын жету міндеті жүктелді. Өзіміздің салмағымыз 65-70 кило болса, қажетті заттар салынған қапшық 60 кило тартады. Азаптың көкесін сонда көрдік. Жау тарапынан кенеттен болуы ықтимал шабуыл қаупі, таудың биіктігі, жақпар-жақпар тастарға өрмелеп шығу қиындығы нағыз сынақ болды. Сарбаздарға физикалық қана емес, психологиялық тұрғыдан да мықтылық қажет еді. Қызылордалық Руслан Балапанов барлық қандас бауырларды қасына жинап алып: «Қазақ деген атқа лайықты болайық. Намысты қолдан бермеңдер! Өліп бара жатсақ та еңселеріңді түсірмеңдер», деп рухтандырып отырды. Марқұм былтыр қайтыс болды. Келбетті, дене бітімі келіскен сайыпқыран жігіт-тін. Дұшмандар күндіз тыныштала қалады да, түнде шабуыл бастайды. Бұл – олардың үйреншікті әдісі. Әсіресе, «Черный айст» деп аталып кеткен қарсы жақтың шабуылдаушы топтары мазамызды жиі-жиі алатын. Шымқай қара киім киіп алып, қатарласа біздің шепке қарай тайсалмай жүгіреді. Оққа ұшып, қатарлары сиресе де алға ұмтылуларын қоймайды. Олар осы тәсіл арқылы кеңес әскерін психологиялық тұрғыдан әлсіретуді ойлайтын. Тау басында Жангелді және оның жауынгер қаруластары бір айдай тұрды. Талай жантүршігерлік оқиғалардың куәсі болды. Бір күні Новосибирск қаласынан келген, бірер айдан соң үйіне қайтатын Александр атты досымен ұзақ әңгімелесті. Екеуі елге барғаннан кейін бір-біріне қонаққа баратын болып серттесті. Командир Ж.Мақашовты 2 сағаттық тынығуға босатты. Александр окопта қалған. Кенет атыс басталып кетті де, іле «Сашаны өлтірді» деген дауыс таудың ішін жаңғыртып жіберді. Орнынан атып тұрса, төрт жігіт Александрды палаткаға салып әкеле жатқанын көрді. Бетін қан жуып кеткен. Оқ дәл басынан тиіпті. Кезекті бір тапсырмамен аттанып бара жатқанда Жангелді бастаған сарбаздар мінген БТР машинасы минаға түсіп қалды. Қуатты жарылыс оңай болсын ба, үстіндегі жігіттер жан-жаққа ұшып кетеді. Іле олардың барлығын Гардез қаласындағы госпитальға жөнелтті. Өкінішке қарай, сарбаздардың арасында ең ауыр зардап шеккені Жангелді еді. Оны Кабулдағы орталық госпитальға, одан әрі Ташкентке жіберуге тура келеді. Бірақ, саптан шыққысы келмеген ол, денсаулығына қарамастан ебін тауып, әскери билетін қолына түсіріп, әскери ұшақтардың бірімен өз бөліміне қайта қосылады. Бұдан біз азаматтың ел алдындағы борышына адал болғанын аңғарамыз. 1988 жылдың мамырында КСРО әскері Ауғанстан жерінен шығарыла бастағаны белгілі. Сол тұстарда Жангелді қызмет ететін 395-ші мотоатқыштар полкіне кеңес әскерлерінің елге қайтар жолын жаудан қорғап, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті жүктеледі. Қандағар, Кабул, Құндыз, Пули-Хумри қалаларындағы дивизиялар ауған жерінен оңай шығарылғанымен, Ауғанстанның Таулы Бадахшан жағында орналасқан Пайызабад полкін шекарадан өткізіп жіберу өте қиын болады. Өйткені, Кеңес Одағы тарапынан Ауғанстанға алғашқылардың бірі болып енген аталған полкке дұшмандардың тісі қайраулы екен. Кекті жау полкті көп шығынға ұшыратады. Міне, сол тұстарда Ж.Мақашов полктегі ең таңдаулы, әбжіл қимылды, тәжірибелі сарбаздардың санатына жатқызылып, полк командирі, кейіннен генерал-лейтенант шенін алып, КСРО-ның атақты 201-ші дивизиясын басқарған Владимир Варенниковтің сенімді жауынгерлерінің бірі бола біледі. Енді осы орайдағы көріністердің бірін ауған соғысы ардагерінің өз сөзімен жеткізсек: – КСРО-ның әскері шығарыла бастаған шақта жоғары жақтың тарапынан лажы болса жауынгерлердің жау қолына түсіп қалмауы қатаң ескертіліп, ал тұтқында отырғандарды босатып алу мәселесі күн тәртібіне шығарылған-ды. Сол кезеңдерде біздің полктің екі прапорщигі мен қатардағы екі жауынгері қарсыластың қақпанына түсіп қалды. Содан, полк командирі Владимир Варенников дұшмандармен келіссөз жүргізуге мәжбүр болды. Біз жақтан 30-дай адам командирдің соңына еріп, дұшмандармен кездесуге бардық. Олар да келді. Мұздай қаруланған, түстері суық 200-ден астам моджахедтердің арасынан басшылары болуы керек, біреуі келіп, Варенниковпен сөйлесті. Қарсы жақ ел мен жер иесі ретінде өктемдік танытып, өз талаптарын қойып жатыр. Олар біздің төрт жігітке айырбас ретінде Кеңес өкіметі ықпалындағы Ауғанстан қарулы күштерінің тұтқынында отырған 17 кісісін қайтарып беру туралы талап қойды. Сонымен, қос тарап осы шартқа келісіп тарқасты. Бірер күнде олардың 17 адамын Кабулдан алдырып, жуындырып-шайындырып, жоқтаушыларына тапсырдық. Ал олар біздің төрт жігіттің үшеуін қайтарып, біреуін бермеді. Осымен іс бітті деп тұрған біздерге бұл күтпеген жағдай еді. Уәде бұзылды. Олар: «Әлгі сарбаздың орнына бір «КамАЗ» көлігін және оғымен қосып жап-жаңа 100 «Калашников» автоматын бересіңдер», деді. Әрбір сөзі, әрбір қимылы аңдулы полк командирі Варенников аталған мәселеге қатысты жеке шешім қабылдай алмайтынын, өзінен жоғары тұрған басшылармен сөйлесуі қажеттігін жеткізді. Іле Варенников дивизия штабымен байланысты. Ондағылар «сұрағанын тауып береміз, тек тұтқын сарбазды қайтарып алыңдар», деді. Бірер күнде сұраған автокөлігі мен соңғы үлгідегі 100 автоматты беріп, жау қолындағы отандасымызды босатып алу үшін тағы дұшмандармен кездестік. Көңілімізде күдік көп. Өйткені, алғашқы келісім талаптарын бұзған дұшмандарға сенім жоқ екенін жақсы білеміз. Жау жағы елден кетіп бара жатқан әскердің өкілдерін сарсаңға салғанына разы секілді. Бәріне де көнуге пейілміз. Екі тарап тағы да бетпе-бет келдік. Олар әлгі қаруласымызды қайтарды, ал біз тілегендерін бердік. Ұпай түгелденгендей болды. Бірақ үрей басылар емес. Сақ тұрмыз. Кенет Варенниковқа дұшмандар тобының басшысы тілмаш арқылы: «Сіздер біздің қонағымызсыздар. Сіздерге арнайы дастарқан жайып қойғанбыз. Сондықтан барлығыңыз да біздің ауылға барып, дәм ауыз тиіп қайтасыздар», деді. Мұны естіген біздің көңіліміз су сепкендей басылды. Отыз шақты офицер-сарбаздардың қауіпсіздігін ойлаған Варенников те не дерін білмей, тосылып қалды. Қарсыластың ішкі ойында не жатқанын ешкім білмейді. Бірақ, еңсе түсірмеу қажет. Не істеу керек? Осы арада аудармашы тәжік жігіті олардың шақыртуын қабыл алмасақ, онда бұл жерде қырғын болатынын, Ауғанстан халқы өзінің қонақжай пейіліне күмәнмен қарағанды аямайтынын жеткізді. Варенников басқа салғанын көрерміз дегендей, қонаққа баруға келісті. Полк командиріне оңай болған жоқ. Бірақ жігіттік ар-намысы тәуекелге баруға мәжбүр етті. Сонымен, көліктерімізге мініп, жаудың соңынан ілестік. Олар кеңестік жауынгерлерді шағын ауылдағы бір үйдің ауласына алып кірді. Кірген қақпа тарс жабылды. Бәрінде үн жоқ. Іштей пешенеге жазылғанына көнгендей. Қолдарын жуып, үстелдерге жайылған дастарқан басына жайғасты. Басшысын қарсы жақтың жетекшісі бөлек жайға алып кетті. Олар енген үйдің есігін күзетіп екі жақтан бір-бір сарбаз тұрды. Ауыл қожайындары алдына үлкенді-кішілі табақтарға салынған палау таратты. Қасық, шанышқы сұрағысы келгендер табылып еді, Жангелді оларға: «Бұлар тамақты қолмен жейді. Сондықтан бірнәрсені бүлдіріп алмайық десеңдер, қолдарыңмен жеңдер», деді. Іле серіктері палауға бас қойды. Ас өте дәмді дайындалыпты. Десек те, көңіл қатты алаңдаулы. Сол кезде жауынгерлер қандай да бір жағдай орын алса, тұтқынға түсіп қалмау үшін белдіктеріне ілген гранаттарын жарып жіберуге дайын отырыпты. Бірақ, қуанышқа орай, Ауғанстанның ата салттан аттамаған жігіттері қонақтарды құрметтеп шығарып салады. Осы оқиғадан кейін барлығы марапатқа ие болды. Жангелді Мақашов әлі күнге Валентин Варенниковпен хабарласып тұрады екен. Ауған соғысынан оралған ол Ресейдің Екатеринбург қаласындағы Урал заң институтын, Алматы экономика және статистика академиясын бітірді. Мамандығы – заңгер-экономист. Еңбек жолын Ресейде бастаған азамат жат жерде жүріп күзет мекемесінің бастығы болды. Елге оралған соң, туған жеріндегі қызметін кеден саласынан бастады. Өмірдің ыстық-суығын көрген кейіпкеріміз жүрек қалауымен қаруластарына, мүгедек және қаза тапқан жауынгерлердің ата-аналарына, отбасыларына қолұшын созуды алдына мақсат етіп қояды. Ауған соғысы ардагерлерінің әлеуметтік мәселелерін шешуде, олардың құқықтарын қорғауда аянып қалмады. Оңтүстік Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы кезінде қаруластарының әлеуметтік мәселелерін шешуде белсенділік танытқанын біреу білсе, біреу білмейді. Жангелді Мақашовтың елеулі еңбегі мемлекет, қоғам тарапынан лайықты бағаланып жүр. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2006 жылы «Құрмет» орденімен және 2011 жылы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».