Бұл ынталандырудың қажетсіздігі ме, әлде басқа ма?
Парламент палаталарының 17 маусымда болған соңғы бірлескен отырысында екінші мәселе ретінде Үкіметтің 2014 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі тыңдалды. Осыған орай, депутаттар қатысып отырған министрлер мен ведомстволар басшыларына көптеген сұрақтар қойды. Соның ішінде Мәжіліс депутаты Гүлмира Исімбаеваның Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсеноваға қойған сұрағын қаз-қалпында ұсынып отырмыз:
«2014 жылдан бастап алғашқы медициналық-санитарлық көмекті қаржыландырудың жаңа тәртібі енгізілді. Ол тұрғындардың жан басын есепке ала отырып, норматив бойынша жүзеге асырылады. Халықтың 40-50 пайызына дейін осы медициналық алғашқы көмекті алуға мәжбүр. Ал стационарлық көмекті өткен жылы шамамен 3 млн.-ға жуық адам алыпты. Жоғары мамандандырылған медициналық көмекті 30-40 мың адам алған. Осының өзі алғашқы медициналық көмектің қаншалықты маңызды екенін көрсетсе керек».
Оны қаржыландыру мәселесі де шешілгендей еді. Өйткені, осы іске өткен жылы 196 млрд. теңге бөлініпті. Дәрігерлерді ынталандыру үшін 20 млрд. теңге қосымша қаржы бөлінген. Алайда, соның 163 млн. теңгесі игерілмепті. Әрине, пайызға шаққанда бұл сома соншалықты көп те емес, дегенмен, әр тиынның да есебі болуы керек қой. Осының себебі неде? Дәрігерлерді ынталандыру үшін берілген қаражатты толығымен жұмсаудың қиын болғаны ма, сонда?
Депутат екінші сұрағында дәрі-дәрмек бағасының қымбаттай беруіне қатысты сұрақ қойып, олардың бағасы қашан тұрақтанатынын да сұрады.
Осы сұрақтарға Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова былай деп жауап берді: «Алғашқы медициналық көмектің жан басына шаққандағы нормативін қолданудың ең негізгі нәтижелері деп біріншіден айтарым, республика көлемінде барлық облыстарда осы кепілдендірілген алғашқы медициналық көмекті қаржыландыру деңгейі теңестірілді деп айтуға болады. Ал 2014 жылға дейін облыстардың бюджеттері оны қаржылық мүмкіншілігіне қарап қаржыландыратын. Сондықтан деңгейі әртүрлі болатын еді. Ынталандыру компоненттері енгізілгеннен кейін медицина қызметкерлерінің еңбекақысы да көтерілді. Әсіресе, ауылға жас мамандар тартуға бұл үлкен септігін тигізді, деп айтуға болады. Тіпті, жеке сектордағы медициналық мекемелердің де осы алғашқы көмекке байланысты қаржыландырылуы 17 пайызға жетті. Бұл бәсекелестікке алып келеді деп отырмыз. Ал бәсекелестік сапаны арттыруға сеп болар деген үміттеміз.
Жалпы, медициналық көмектің сапасын айтқанда, жергілікті жерлердегі мамандардың біліктілігі кемшін екенін мойындаймыз, бірақ тұрмыс деңгейі жалпы өскен сайын медициналық көмекке де басқалар сияқты талаптардың көтерілетінін естеріңізге сала кетуіміз керек. Соған қарап, Үкімет жаңа технологияларды енгізуді қолдап отыр. Бұл жұмыс одан әрі де үнемі жалғасатын болады. Екіншіден, Елбасының «100 нақты қадам» Ұлттық жоспарында жеке секторды медициналық көмекке тарту жөнінде тапсырма берілген. Бұл жұмыс жалғасын табатын болады. Кадрларды қайта даярлау да сапаны арттыра ма дейміз. Министрлік оған көп көңіл бөліп отыр.
Ал енді дәрінің бағасына қатысты айтатын болсам, кепілдендірілген медициналық көмекке алынатын дәрілер бағасының жыл сайын шекті көлемін белгіледік. Шекті көлем инфляция деңгейінде ғана болып отыр. Өткен жылы теңге бағамына түзету енгізілгендіктен, 22 пайызға көтерілді. Бөлшек саудадағы дәрі бағасын мемлекеттің реттеу құқы жоқ. Бірақ, соған қарамастан, фармацевтикалық ассоциациялармен бірге бөлшек саудадағы 200-ге жуық әлеуметтік мәні бар ауруларға қолданылатын дәрілердің бағасына меморандумдар жасап, жылдың соңына дейін сол бағаны ұстап тұру мәселесін қарастырып отырмыз. Биыл Қазақстанда бірінші рет ұлттық дәрілердің формулярларын жасаймыз, онда барлық тауар өндірушілердің шекті бағасы көрсетілетін болады».
Маңызы бар мәселе болғандықтан, оқырман назарына осы сұрақ пен жауапты толық ұсындық. Көріп отырғанымыздай, министр ынталандыруға бөлінген қаражаттың неге толық игерілмегеніне жауап бермей, аттап кетті. Мұның себебі неде екен деген дүдәмал ой да көп адамның көкейінде қалды.
Жазып алған
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».