20 Маусым, 2015

«Өңір» депутаттық тобы – Көкше жерінде

246 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Президенттің «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» халыққа Жолдауы аясында агроөнеркәсіп кешеніне инновациялық технологияны енгізу» тақырыбы бойынша Ақмола облысында Парламент Сенаты «Өңір» депутаттық тобының көшпелі отырысы болды. Отырысты ашқан Парламент Сенаты «Өңір» депутаттық тобының жетекшісі Михаил Бортник Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің экономикалық саясатының негізгі бағыттары белгіленгеніне назар аударды. Бағдарламалық құжатта Елбасы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін шешуге мүмкіндік беретін дағдарысқа қарсы жаңа шаралардың бірі ретінде агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдауды ұлғайту қажеттігін атап өтті. «Табиғи жағдайларға, энергиямен жабдықталуға, мемлекеттің қаржылай қолдауының көлеміне, бәсекелестік­тің әсеріне байланысты – осы және басқа да көптеген мәселелердің бәрі, әсіресе, қазіргі кездегі ЕАЭО аясында және Қазақстанның Дүние­жүзі­лік сауда ұйымына енуі қар­саңында біздің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге әсер етеді. Сондықтан инновациялық технологияны енгізу мәселелерінің Қазақстанда қазіргі заманғы бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіп кешенін қалыптастыруға ықпалы бар», – деді М.Бортник. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту туралы Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Қ.Отаров, агроөнеркәсіп кешеніне инновациялық технология­ларды енгізу мәселелері туралы Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Е.Көшербаев, «Аграрлық зерттеулер университеті: білім беру мен ғылымға қазіргі көзқарастар» тақырыбы бойынша С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті басқармасы төрағасының орынбасары С.Могильный, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы мекемелерінің жетекшілері сөз сөйледі. Көшпелі отырыс аясында сенаторлар «Астрахан бройлер құс фабрикасы» ЖШС-інде және көпсалалы «Бастау» ЖШС-інде болып, өндіріске инновациялық технологияның енгі­зілуімен танысты. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.