12 Ақпан, 2015

Экономикасы кері шегінбеген елміз

278 рет
көрсетілді
34 мин
оқу үшін
11-02-01. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында осылай деді Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан Үкіметінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға Үкімет мүшелері, ведомстволар басшылары, әкімдер қатысты.   11-02-02. Қазақстан Президенті өз сөзінде жалпы алғанда, дүниежүзіндегі дағдарысқа қарамай, елдің экономикасы 4 пайыздан артық өскендігін, ол үшін түрлі шаралар қолданылғанын жеткізді. Қазір дүниежүзілік экономика қиын-қыстау жағдайға тап болғанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Эконо­микалық дағдарысқа геосаяси текетірес те қосылып отыр. Соның сал­дарынан, әлемдік нарық белгі­сіздік жағдайға тап болды. Бұл әлемнің ажырамас бөлігі ретінде Қазақстанға да ықпалын тигізеді. Қазір біздің экономикалық саясатымыздың бағыты дұрыс. Келеңсіздіктер сыртқы нарықтың әсерінен болуда. Қазақстанның ішінде, экономикасында дағдарыс жоқ. Біз қиындықтарға қарап отырмай, олардың алдын алу үшін же­дел шараларды қолға алдық. Оны халық біледі. Мәселен, нақты жо­ба, жоспарларымыз бар. Ол жоспар­лар қатып қалған қағидаларға сүйен­бейді. Бұл жос­парлар заман­ға байланыс­ты икем­делуі, бейім­делуі керек. Біз әлеу­меттік тетік­тер­ді сақтай оты­рып, кейбір рефор­ма­ларымызға өзгеріс­тер енгізетін боламыз. Демек, біздің халқымыздың алаңдауына ешбір негіз жоқ, деді Н.Назарбаев өз сөзінде. Сондай-ақ, Елбасы Қазақстан экономикасының тамыры тереңде жатқанын, іргесі мығым, қоры жет­кілікті екенін атап өтті. Біз мұн­дай өткінші қиындықтарға, ала­пат дағдарыстарға қарамай, қайыспай төтеп бергенбіз. Азат­тықтың алғашқы жыл­дарындағы қиын­шылықтарды еске алыңыздар. Азия дағдарысынан, тіпті, дү­ние­жүзілік дағдарыстан да табыс­ты өттік. Экономикасы кері ше­гін­беген әлемдегі санаулы ел­дер­дің санатында болдық. Сол күн­дер­­дің өзінде бойға қуат, ойға сенім орнаттық, деді Мемлекет бас­­шысы. Сондай-ақ, Президент қазір­гі таңда әлемде болып жатқан қиындықтарға байланысты өзінің тікелей тапсырмасымен Үкіметке дағдарысқа қарсы іс-шаралар атқару жүктелгеніне тоқталып өтті. Өткен жылы біз Қазақстанды толыққанды қолдайтын халықаралық қаржы ұйымдарымен әріптестікті одан әрі кеңейтуге қатысты жұмыстар жүргіздік. Мемлекеттік басқару жүйесіне қатысты да кең ауқымды реформалар атқарылды. Бұл үшін мемлекеттік қызметке байланысты реформалар аясында бізге әлі де белсенді түрде жұмыстар жүргізу керек, деді Н.Назарбаев. Елбасы бұл ретте мемлекеттік басқару жүйесін қайта ұйымдастыру нәтижесінде министрліктердің саны 17-ден 12-ге дейін, комитет­тердің саны 54-тен 40-қа дейін қыс­қар­ғанын, агенттіктер қызметіне де өзгерістер енгізілгенін айтты. Бұған қоса, ведомстволар арасындағы қағазбастылық үдерісі қысқарды. Жауапкершілік күшейді. 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап, кәсіпкерлік қызметтің жұмысын жақсартуға байланысты заңның тетігі жұмыс істей бастады. Яғни, біз еліміздің бизнесі дамыған 30 елдің қатарына кіруі үшін қолдан келетін барлық шараларды жасау үстіндеміз. Өткен жылы мен «Нұрлы Жол – болашаққа бас­тар жол» Жаңа Экономикалық Саясатын жарияладым. Оның басты мақсаты – мемлекеттің жаңа заманға сай инфрақұрылымын жасау. Сондықтан, тағы да қайталап айтамын, біздің елімізге қазақстандық экономикаға қандай да бір дағдарыс әсер етіп отырған жоқ. Ғаламдық дағдарыста сыртқы фактор бар. Бірінші кері фактор – әлемде мұ­найға деген бағаның екі есе төмен­деуі, бұған қоса, біздің негізгі экспорттық тауарларымыздың бағасы төмендеуде, екінші фактор – экономикалық дағдарыс, Ресей рублі құнының түсуі, Ресейдегі рецессия, деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ, Елбасы әлемнің бірқатар елдерінде 43 млн.-ға жуық жұмыссыз азамат бар екенін, аштықтан 850 млн. адам зардап шегіп жатқанын, Еуроаймақта жұмыссыздық деңгейі 11,5 пайызды құрап отырғанын атап өтті. Көрдіңіздер ме? Бұл – әлемде қалыптасып отырған жалпы жағдай. Ал біз дүниежүзінің бір бөлігіміз. Сондықтан, бұл жағдайдың бізге әсер етпей қоймасы анық. Демек, біз оны сезінеміз. Сондықтан, өткен жылы кері үдерістердің алдын алу үшін көп шара атқарылды. «Нұрлы Жол» бағдарламасы – бұл қаржы дағдарысының алдын алуға арналған іс-шара. Мен осы жылы қиындықтар болады деп айтқан едім. Сол себепті, біз тез арада осы бағдарламаны қабылдадық. Бұл бағдарлама қиын-қыстау кезеңде экономиканың өсіміне ықпал етіп, біздің азаматтарымыз үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуына сеп болмақ, деді Н.Назарбаев. Кеңейтілген отырыста Үкіметтің жұмысы туралы Премьер-Ми­нистрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев есеп берді. Ол өз сөзінде еліміздің былтырғы әлеу­меттік-экономикалық дамуы­ның қорытындысын жариялап,  «Нұрлы Жол» Жаңа Эконо­микалық Саясатының жүзеге асырылу барысын баяндады. Биылғы жылы Үкіметтің басым міндеті – өткен жылғы қарашада Сіз жариялаған Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Қазақстан халқына Жолдауыңызды іске асыру және сыртқы сын-қатерлерді ескере отырып, елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету. Өңірлердегі жағдай мен кәсіпорындарды қолдау Үкіметтің ерекше бақылауында, деді Б.Сағынтаев. Сондай-ақ, ол қазіргі жалпы жағдай күр­делі екенін, дегенмен, біздің елдегі алдын ала қабылданған дағда­рысқа қарсы шаралардың арқа­сында бүгінде соншалық қиын­дық туындап отырмағанын атап өтті. Айталық, өнеркәсіптік кәсіп­орындарды қолдау жөніндегі іс-шаралар жоспары, агроөнеркәсіп кешенін қаржылық сауықтыру, сонымен қатар, шағын және орта бизнесті ауқымды қолдау шаралары елімізде жүйелі жүргізілуде. Дағдарыс құбылыстары мен мұнай бағасының төмендеуiн ескере отырып, өңiрлердегі кездесулер барысында кәсiпкерлер Үкiмет тарапынан жедел шешiмiн табуы тиiс қосымша мәселелердi көтердi. Бiрiншiден, кәсiпорындарға электр энергиясы мен темiржол тасымалдары тарифтерiне төмендетiлген коэффициенттер беру арқылы тауар өндiрушiлерге сауда нысандарына қолжетiмдiлiктi қамтамасыз ету жағынан нақты қолдау көрсету керек. Екiншiден, ұлттық компаниялар мен жүйе құраушы кәсiпорындармен ұзақ мерзiмдi келiсiмдер жасау және жергiлiктi қамту бойынша талаптарды күшейту арқылы өнiмдердiң сатылуын қамтамасыз ету мәселесi көтерiлдi. Отандық кәсіпорындарды тапсырыспен қамтамасыз ету үшін өңірлер бойынша сапарлар барысында ұлттық компаниялар, жүйе құраушы кәсiпорындар мен әкiмдiктер арасында тауарларды сатып алуда жергілікті қамтуды кеңейту бойынша жалпы сомасы 960 млрд. теңге болатын 121 меморандум жасалды. Бұл өткен жылдың соңында Алматы әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» қорының арасында жасалған 2015 жылға арналған 800 млрд. теңгеге тең меморандумды есептемегендегі сома, деді Б.Сағынтаев. Ал Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев өткен жылы 25 желтоқсанда болған теле­көпірде Президент айтқан тап­сыр­­маларға сәйкес, Үкімет еңбек нарығына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына бай­­ланысты тиісті шаралар қабыл­­данғанын жеткізді. Осыған байла­­нысты жұмыспен қамтуға бағыт­талған шараларды үйлестіру және жұмыссыздардың өсуіне жол бермеу үшін Үкімет бірқатар шараларды атқаратын болады, деді Премьер-Министрдің орынбасары. Оның айтуынша, ең алдымен, өн­діріс орындарының тоқтауына және жұмыссыз азаматтардың көбеюі­не жол берілмейтін болады. Бұл бағытта, өңірлердегі әкімдермен бір­лесіп, ірі кәсіпорындарға монито­ринг жүргізіледі. Бұл оларда кездесетін қиындықтардың дер кезінде алдын алу және оларды шешу үшін қажет. Өткен аптада Үкімет мүшелері еліміздің барлық аймақтарын аралады. Солардың нәтижесінде шамамен 1 млн. адамды жұмыспен қамтитын меморандумдарға қол қойылды. Сондай-ақ, әкімдерге тиісті тапсырмалар берілді, ол тапсырмалардың орындалуы үшін мониторинг жүргізілетін болады, деді Б.Сапарбаев. Премьер-Министрдің орынбасары әлеуметтік мәселелерге айрықша назар аударды. Жұмыспен қамту мәселесіне қатысты негізгі жауапкершілік өңірлерге артылып отыр. Бұл орайда, 15 ақпанға дейін облыс әкімдері ел тұрғындарын жұмыспен қамтуды бірлесе атқару мәселесіне қатысты өңірлік кешенді жоспарларды бекітетін болады, деді ол өз сөзінде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев вице-премьерді мұқият тыңдап болғаннан кейін оған: «Сендер жер-жерге бардыңдар. Халықтың басқа қандай сұрақтары бар, шешілмеген қандай мәселелері бар, қандай ұсыныстары бар?» – деген сауал қойды. Бұл орайда Б.Сапарбаев: «Жергілікті жерлерде, әсіресе, кәсіпкерлер, кәсіпорындардың басшылары, қарапайым халық Сіздің «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты бағдарламаңызды өте жақсы қолдайды. Себебі, бұл негізінен жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Өзіңіз айтқандай, егер, 400 мыңдай жаңа жұмыс орны ашылатын болса, бұл ертеңгі күні жұмыссыз қалатындарға қосымша жұмыс орны болады», деді. Сондай-ақ, ол халықтың айтқан ұсыныстары сарапталып жатқанын, күні кеше ғана Үкіметтің отырысы болғанын, ол отырыс­та Үкімет басшысы арнайы тапсырма бергенін, алдағы уақытта әкімдермен бірге сол ұсыныстарды шешуге кірісетіндіктерін жеткізді. Бұдан әрі сөз Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевке ұсынылды. Ол өзі басшылық етіп отырған министрліктің өткен жылғы жұмыс қорытындысы мен биылғы жылғы жұмыс жоспары туралы баяндады. Қазір елімізде жүйелі жүзеге асырылып жатқан индустриялық бағдарламаның әлемдік дағдарыс кезінде жақсы әсері тиіп жатқанын алға тартты. Өткен бесжылдықтағы қорытынды соны көрсетіп отыр. Ә.Исекешев өз сөзiнде ҮИИД бағдарламасының екiншi бесжылдығына қатысу туралы инвесторлармен келiссөздер жүргiзiлiп жатқанын тiлге тиек еттi. Оның айтуынша, 100-ге тарта компаниядан 40 млрд. доллардан астам қаржы тартылмақ. Сонымен қатар, министр жаңа инвесторлармен де келiссөздер жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Сөз арасында Ә.Исекешев көрші Ресейдегі экономикалық ахуал біздің елге де өзіндік ықпалын тигізіп отырғанын атап өтті. Айталық, машина жасау саласында өткен жылғы естен тандырарлық ахуал автомобиль өндірісіне қатты әсер еткен. Екі айдың ішінде 50 мың автомобиль әкелінді. Бұл шамамен жылдық өндіріс көлеміне тең. Сондықтан қаңтарда сатылым көлемі шамамен екі есеге құлдырады. Үкімет қауымдастықтармен, кәсіп­орындармен бірлесіп, қолдаудың кешенді шараларын әзірледі. Осыған қарамастан, биыл да төмендеу болатынын болжаудамыз. Ең бастысы – саланы, мамандарды сақтап, саланы дамыта беру, деді Ә.Исекешев. Министрдің атап өтуінше, елімізде бұл салада 20 мыңға жуық адам жұмыс істеуде. 11-02-03. Иә, бүгінде маңыздысы жұмыс орындарын сақтап қалу немесе ретіне қарай жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыссыз қалғандарды жұмыспен қамту. Осы ретте Елбасы сөзге араласты. Нұрсұлтан Әбішұлы компаниялар басшыларына айтқан сөзінде оларды өндіріс көлемі төмендеу кезінде кәсіпорындардағы жұмыс орындарын сақтауға үндеді. Әсіресе, ірі кәсіпорындарға қатысты: жұмыс адамы үшін ең бастысы – өз жұмыс орнын сақтап қалу. Мен мұны бұрынғы жұмысшы ретінде айтып отырмын. Нәпақа табу үшін оны өзінің ерікті түрдегі келісімімен басқа жаққа жіберуге болады. Ондай жағдайда еш мәселе жоқ. Бірақ мен барлық компаниялардың назарын аударғым келеді: егер өндірісті төмендетіп, адамдарды қысқартуға мәжбүр болсаңыздар, жұмыс орындарын сақтау қажет. Ол адам, мүмкін, басқа жұмыс істер. Адам үшін, оның отбасы үшін бұл барынша маңызды, деп баса айтты Мемлекет басшысы. Жиында сөз алған Энергетика министрі Владимир Школьник 2015 жылы мұнай бағасының құл­ды­рауына байланысты еліміздегі өндіруші кәсіпорындардың дені шығындарын азайтқанына, дегенмен, қазіргі таңда үкіметтің эко­но­микалық блогымен бірігіп, бар­лық өндіруші компаниялардың қар­жылық ахуалы сарапталып жат­қанына тоқталды. Наурыз айы­ның соңына дейін өндіру көле­мін сақтап, компаниялардың әлеу­меттік міндеттерін орындау үшін салықтық жеңілдіктер жасау жә­не ағымдағы инвестциялық шығын­дарды қысқартуға қатысты шаралар қолға алынады, деді. Сондай-ақ, ол жер қойнауын пайдаланушыларға арналған бағдарламаларға түзе­тулер енгізілуі де мүмкін екен­дігін, 2014 жылы 15 млн. тонна мұнай қайта өңделгенін атап өтті. Мұнай өңдеудің негізгі мақсат­тары – елімізді мұнай өнімдері­мен үздіксіз қамтамасыз ету, мұнай өңдеу зауыттарының техни­калық жағдайын назарда ұстап, қолдап отыру және оларды жаң­ғырту, деді В. Школьник. Энергетика министрі Мемлекет басшысының елімізде 4-ші мұнай өңдеу зауытын салуға қатысты тапсырмасы күн тәртібінде тұрғанын да жеткізді. Кеңейтілген отырыста сөз алған «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев те қазіргі әлемдік қаржылық ахуалға орай өз саласында тиісті шаралар қолға алынғанын атады. Әлемдік экономикадағы жағымсыз өзгерістерге байланыс­ты компаниялардың бизнес-жос­парлары да қайта қаралатын болады. Соның ішінде, бекітілген жоспардағы шығын көлемі 337 млрд. теңгеге қысқартылады, өзіндік құн 249 млрд. теңгеге төмендетіліп, жалпы әкімшілік шығындар 64 млрд. теңгеге, яғни 16,6 пайызға қысқарады. Бекітілген жоспардағы капиталды шығын 1,3 млрд. АҚШ долларына, тиісінше 18 пайызға қысқартылады, деді Ө.Шөкеев. Сондай-ақ, қордың инвестициялық бағдарламасын 18 пайызға қысқарту жоспарланған. Қор компаниялар тобындағы ин­вестициялық бағдарламалар химия­лық, тау-кен, құрылыс, көлік, мұ­най-газ салаларында қысқаратын болады. Сонымен қоса, мемлекеттік ин­дустриялық-инновациялық да­­му бағдарламасы-2, «Нұрлы Жол» бағдарламасы, ЭКСПО-2017 көр­­месі нысандары мен өзге де стра­тегиялық маңызы бар жобалар жүзеге асырыла бермек. Осы ретте, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазына» қоры мен ұлттық компанияларға өздерінің ақшаларын ауыстыру жолымен теңгені қолдауға шақырды. «Қор мен ұлттық компаниялардың назарын сіздердің ақшаларыңызды ауыстыру жолымен қазақстандық валютаны қолдауға аударғым келеді. Тиісті келісулер жасау керек, яғни бұл тұрғыда қандай да бір қажеттілік сәттері бар, сондай-ақ бұл сәттер теңге үшін өте маңызды. Барлық ұлттық компанияларды осы мәселеге көңіл бөлуге шақырамын. Мен мәселенің мән-жайы нені біл­діріп тұрғанын түсінемін. Қазақ­стан теңге бағамының күрт ауыт­қуы­на жол бермеуге және барша­лары­ңыз­дың мүдделеріңізді ескеруге тырысады. Алайда, жоға­рыда айтқан шараны жасау керек», деді Президент. Үкіметтің кеңейтілген отыры­сын­да облыс, қала әкімдеріне де сөз бе­­рілді. Атап айтқанда, Алматы қала­­сы­ның әкімі Ахметжан Есімов, Аты­рау облысының әкімі Бақ­ты­қожа Ізмұхамбетов өз өңірлеріндегі әлеу­меттік-экономикалық ахуал жай­лы баяндады. Қолға алынған мем­ле­кеттік бағдарламалардың ай­мақ­тар­дағы іске асырылу жайын жеткізді. Кеңейтілген отырысты Мем­лекет басшысы қорытындылап, сөз сөйледі. Жиынды қорытындыламас бұрын Елбасы мұнда келгендердің ұсыныс айтпай, үнсіз бас шұлғып кететінін сынға алып өтті. «Жина­лысқа жер-жерден келгенде әр­қай­сыларыңыз дайындалып келу­леріңіз керек. Тек қана мені тың­дап кете бермей, ойларыңыз болса, ашық айтыңыздар. Мемле­кет бас­шысының, Үкімет мүше­лерінің, әкімдердің жергілікті мәселелерді айтқан сөзінен, ұсыныстарынан барып, жалпы шешім шығады. Сондықтан, үндемей отырғанды қойыңыздар. Өткенде «Самұрық-Қазынаның» транформациясына келген Батыстың дөкей профессорлары: «Әр жерде келісіммен шешетін болсақ, мысалы, зауыттың цехында, онда әрі қарай дұрыс шешім шығатын болады», дейді. Онысы рас. Біз баяғыдай жинап аламыз да, сөйлеп-сөйлеп, қоя береміз. Ешкім ешқандай ұсыныс жасамайды, олай болмауы керек. Бір-бірімізді тыңдауымыз керек. Ұнай ма, ұнамай ма, ол басқа мәселе. Соның бәрі елге қызмет істейтін болса, тыңдау керек», деді Елбасы. Бұдан кейін Нұрсұлтан На­зарбаев өзінің қорытынды сөзін сөйледі. «Бүгін біз кеңейтілген оты­рыста қалыптасып отырған күр­делі жағдай туралы айттық. Бұл жалпы алғанда, қазақстандық эко­номиканың әсерінен болып отырған жоқ. Бұл – сыртқы дағдарыс. Яғни, бізге әлемдік дағдарыс әсер етуде, себебі, Қазақстан – әлемнің, әлем­дік экономиканың бір бөлігі. Бірақ, соған қарамастан, еліміздің эко­номикасында өткен жылдың қорытындысына сәйкес, оң өсім бай­қалды. Сол себепті, экономика бюджеті қалыптасып отырған жаңа жағдайға сәйкес бейімделуі керек. Бұл өз кезегінде экономикалық тұрғыдан да, заңнамалық тұрғыдан да тез шешімдер қабылдауды талап етуде», деді Елбасы. Осыған байланысты Қазақстан Президенті Үкіметтің, Ұлттық банк­­тің және әкімдердің алдына бір­­қатар міндет қойды. Нұрсұлтан Назарбаев инвес­тиция тартып, жаңа жұмыс орын­дарын құратын «Нұрлы Жол» бағ­дарламасы дағдарысқа қарсы тиімді құрал болып саналатынына назар аударды. «Бағдарлама Астанадан «шұ­ғы­ла қағидаты» бойынша тиімді көлік-логистикалық инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған. Ұлт­тық қордан 2015-2017 жылдары 500 миллиард теңге бөлінеді, со­ның 180 миллиард теңгесі биыл пайдаланылады», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы бұл қаражат өңірлерде уақытылы игерілуі тиіс­тігін айтты. «Барлық жобаларды осы айдан бастап қаржыландыруды тап­сырамын, өйткені бұл біздің компанияларымыздың өнімдеріне ішкі сұранысты қамтамасыз етеді», деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі экономикалық ахуалды ескеріп, «Нұрлы Жол» бағдарламасын дағ­да­рысқа қарсы жаңа шаралармен толықтыру арқылы қолдау шара­ларының аясын кеңейткен жөн екендігін атап өтті. «Бұлардың қатарында отандық машина жасау саласын және экспорттаушыларды қолдау, шағын және орта бизнес кәсіпорындары үшін инфрақұрылымдар жүргізу, АӨК-ті мемлекеттік қолдауды ұл­ғайту, ішкі нарықты қорғау шара­лары және басқа да бағдар­лар бар. Үкімет 250 миллиард теңге көле­мінде шұғыл шаралар қабыл­дау үшін резерв жасақтауы тиіс. Бағ­дарламаны бір айда толық­ты­руды және бекітуге ұсынуды тапсырамын», деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар, Қазақстан Пре­зиденті бюджет шығыстарын оң­тайландыруды дағдарысқа қарсы шаралардың негізгі элементтерінің бірі ретінде атады. «Басталған жобаларды аяғына дейін жеткізіп, жаңа бастамаларды, ұсыныстарды жағдай жақсарғанға дейін шегере тұрамыз. Бұл барлық мемлекеттік органдарға, әкім­дік­терге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кә­сіп­орындарға қатысты. Үкі­метке 2015 жылға арналған рес­публи­калық бюджетті 700 миллиард теңгеге немесе шығыстардың жалпы көлемінің 10 пайызына дейін қысқартуды тапсырамын. Бұл ретте мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелері еш өз­ге­ріс­сіз қалуы тиіс. Облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының жә­не аудандардың әкімдері де қатаң бюджет саясатын жүргізуі керек», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы ұлттық бас­қарушы холдингтер де тиісті ша­ралар әзірлегеніне тоқталды. «Самұрық-Қазына» АҚ шығыстары 337 миллиард теңгеге немесе 7 пайызға дерлік, соның ішінде әкімшілік шығыстары 64 миллиард теңгеге, «Самұрық-Қазына» тобының күрделі шығыстары 240 миллиард теңгеге немесе 18 пайызға қысқарады. «Бәйтерек» холдингі әкімшілік сипаттағы шығыстарын және негізгі салымдарын 3,8 миллиард теңгеге немесе 11,8 пайызға оңтайландыруы тиіс. «ҚазАгро» холдингіндегі оңтайландыру 196 миллион теңге немесе 12 пайыз болады деп күтіліп отыр. Осының бәрі қадағаланады, қатаң сұрауы болады. Жалпы, Үкіметтің баяндамасына сәйкес, министрліктердің, ведомстволардың, холдингтер мен жергілікті атқару органдарының үнем­деуінен 4 миллиард доллар құ­ралады, деді Қазақстан Пре­зиденті. Нұрсұлтан Назарбаев әр өңірде жұмыспен қамтылуға ықпал ету бағдарламалары әзірленуі тиістігін айтты. Сондай-ақ, тиімділігін дә­лел­деген жұмыспен қамтудың 2020 жылға дейінгі жол картасын сақ­таудың қажеттігі атап өтілді. Атап айтқанда, осы бағдарлама аясында 2011-2014 жылдар аралы­ғында 260 мың адам жұмысқа орналастырылды, 120 мың адам оқуға тартылды. Мемлекет басшысы еңбек дау­ларын дер кезінде шешу ісінің маңыздылығына назар аударды. Осы­ған байланысты әкімдерге ірі кәсіп­орындармен меморандум жасау және босаған жұмысшыларды жұмысқа орналастыру мәселесін шешу тапсырылды. Қазақстан Президенті білім бе­руді және денсаулық сақтауды жаң­ғырту жұмыстарын жалғастыру қажеттігіне тоқталды. «Бұл – болашақ экономикалық өсімге негіз қалауға мүмкіндік беретін адам капиталына салына­тын ұзақмерзімді инвестиция. Бі­лім беру саласында «Балапан» бағ­дарламасын жүзеге асыруды, орта білім бойынша жан басына қар­жы­ландыру тәртібіне көшуді және 12 жылдық білім беру моделіне бір­тіндеп өтуді жалғастыру қажет», деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жы­лы Индустрияландыру картасы жобаларын жүзеге асырудың жал­ғасатынын айтты, оның аясында сомасы 600 миллиард теңгеден аса­тын, 7,5 мыңнан астам тұрақты жұ­мыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін 75-тей жобаны іске қосу жоспарланған. Мемлекет басшысы Үкіметтің Өнеркәсіп кәсіпорындарын қол­дау жөніндегі іс-шаралардың 2015 жылға арналған жоспарын қа­был­дағанын атап өтті. «Біз дағдарысты заманауи ин­фра­құрылым қалыптастыруға, мил­лиардтаған активтерді енгізуге пай­даланамыз. Мемлекет барлық қажетті қолдау тетіктерін ұсынып отыр. Қаражат бөлінді, жағдай жасалды. Бәрінің дереу жұмысқа кірісуі қажет. Үкіметтің әрбір мүшесінен, әкімдерден нақты нәтижелер талап етіледі», деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асыру аясында отандық құрылыс материалдарын өндірушілерге жұмыс жүктеудің зор мүмкіндіктері бар екенін еске салды. «Тиісті меморандумдар бе­кіте отырып, қазақстандық қамту жөніндегі форумдар өткізу тәжі­рибесін қайта жаңғырту керек. Барлық сауда желілерінде отандық тауарлар секциясы пайда болу үшін «Қазақстанда жасалған!» акциясын бастаймыз. Облыс әкімдері мұны қадағалап отыруы керек. Барша азаматтарға осы күрделі жағдайда пат­риот болып, қазақстандық өнім­ді сатып алу жөнінде сөз арнаймыз», деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті бүгінде Ресей рублінің әлсіреуі мен ресейлік тауарлар легінің артуы жағ­дай­ында отандық өндірушілерге оның зияны тиіп жатқанына назар аударды. «Мұның Еуразиялық эконо­микалық одақпен еш байланысы жоқ. Біз бір бөлшегі болып саналатын әлемдік нарықтық экономикада мұндай ауытқулар болып тұрады. Бұл уақытша жағдай, оның шешімі табылады. Ресейде сұраныстың азаюы – Қазақстан экспортын әртараптандыру жұмысын күшейтуге ынталандырады. Сонымен қатар, арзандаған энергия ресурстары, құрамдас және қосалқы бөлшектер – өзге секторлар үшін игілік болып саналады. Өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін осы мүмкіндікті пайдалану керек», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы әлемдік экономикадағы жаңа жағдайларды ескере келгенде, негізгі бағыт ауылшаруашылық өнімдерін және азық-түлік өнеркәсібін дамыту болып саналатынын атап өтті. Бұл ретте Үкіметке 2013-2014 жылдары қолға алынған және бүгінде жалпы қарызы 313 миллиард теңге болатын 292 кәсіпорынды қамтып отырған АӨК нысандарын қаржылық сауықтыру жұмысын жалғастыру тапсырылды. Зор мүдделіліктің бар екені ескеріліп, оның көлемі 500 миллиард теңгеге дейін жеткізілетін болады. Нұрсұлтан Назарбаев бизнесті дамыту үшін теңдессіз жағдайлар жасалып отырғанын, соның ішінде жоспарлы тексерістердің толығымен тоқтатылғанын, әртүрлі рұқсаттамалардың азайтылғанын атап өтті. «Кәсіпкерлік сектор биыл қа­жет­ті қаржы ресурстарымен қам­­та­ма­сыз етіледі. Бұл ретте мұ­най баға­сының құлдырауы мұнай өнім­дері құнының төмен­деуіне әке­ліп соқтыруда, бұл экономи­каның көптеген саласына және халық­тың сатып алу қабілетіне оң ықпалын тигізетін болады. Көлік шығыстарының құны, АӨК өнім­дерінің өзіндік құны, тұтынушылар үшін жанар-жағармайдың реттеліп отыратын түрлерінің бағасы төмендеуі тиіс», деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы мұнайға төмен бағаның қалыптасуы мен экономикалық өсімнің баяулауы жағдайындағы қаржылық тұрақ­тылықты қамтамасыз ету Ұлттық банктің басым міндеті екенін атады. «Ұлттық банкке сенбейтіндей менде еш негіз жоқ. Мен өткен жолы да ескерткен болатынмын, қазіргі өткір кезеңде түрлі арандатулар, өсек-аяңдар, пәлеқорлықтың барлығы пайда әкелмейді. Біз оларды жауапкершілікке тартуымыз керек. Мен тағы да Қазақстан халқына жария етемін: біз ештеңені де жасырмаймыз. Қиындықтар болса, халықпен бірге көреміз және алда туындайтын мәселені ашық айтамыз», деген Президент, Ұлттық банк төрағасы теңге бағамының күрт ауытқуына жол бермеу бағытындағы қабыл­данып жатқан шаралар жайында баяндағанын атап өтті. Осы орайда Мемлекет басшысы түрлі алыпқашпа әңгімелерге емес, ресми тұлғалардың мәліметіне сенім арту керектігін айтты. Сондай-ақ, Елбасы қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, теңге бағамының күрт ауытқуына жол бермеу, эко­но­миканың нақты секторын қар­жылық ресурстармен қамту Ұлттық банктің бірінші кезектегі мақсаты екенін қадап айтты. Қазақстан Президенті Ұлт­тық қордан бөлінетін қаржы эко­но­миканың пайдасына жұмсалуға тиіс екенін еске салды. «Мен құрған комиссия қаражат жұмсалуының ашық болуын қатаң қадағалап, жеке өзіме баяндап отырады. Әрбір теңгеге деген сұраныс қатаң болады. Барлық деңгейдегі әкімдерге ерекше жауапкершілік жүктеледі. «Нұр Отан» партиясы бұл жұмысқа белсене атсалысып, қатаң партиялық бақылау орнатуы қажет. Ешқандай ысырапшылдыққа жол берілмеуге тиіс. Мемлекеттік қызметкерлердің жұмысы бизнес­ке айналмауы керек. Мемлекеттік қаржыны фирмаларға, өздерінің таныстарына, достарына және туысқандарына шашуларына жол бермеу керек. Өкінішке қарай, облыстың үш әкіміне қатысты дәл осы себеппен тергеу амалдары жүргізілді. Сонымен қатар, бірқатар министрліктер мен ведомстволардың басшылары қылмыстық жауапкершілікке тартылуда», деді Елбасы. Бүгінде атқарушы биліктен халық нақты әрі тиімді істерді күтіп тұрғанына тоқталған Елбасы, әкімдер халыққа жақын болуы керек, өңірлердегі мәселелерді шешуге білек сыбана кірісулері қажет екенін тапсырды. «Былтыр экономикаға 1 трлн. теңге бөлінгенін тағы бір еске салып өткім келеді. Алдағы үш жылда 3 млрд. теңгеден бөлетін боламыз. Сондай-ақ, халықаралық қаржы институттарынан шамамен 10 млрд. тағы бар. Қазақстан үшін қандай қомақты қаржы бөлініп жатқанына назар аударыңыздар. Сіздердің алдарыңызда осы қаржыны игеріп, экономикаға бағыттау сынды үлкен міндет тұр. Әр министрдің, Үкімет мүшесінің, қала немесе облыс әкім­дерінің және т.б. алдындағы үлкен міндет. Енді елестетіп көріңіздер. Осының бәрін Үкімет орталықтан бақылап, жұмыстың тоқтап қал­мауын қамтамасыз етуі керек», деп атап өтті Мемлекет басшысы. Сондай-ақ, Үкімет бұқаралық іс-шараларды өткізуге арналған шығындарды қысқарту мәселесін қарастырғаны жөн екендігін еске салды. Бұл ретте мерейтойларды жә­не оған кететін бюджет қара­жатын қысқарту керек. «Бізде мерейтой жалпыға ортақ сүйікті іс болып отыр. Мерейтой қайда болса, бәрі сонда. Жиындарға қатысу, банкеттерде отыру, осылай жалғаса береді. Әлемнің қай жерінде біз сияқты мерейтой өткізеді? Ұлы даталарды атап өтіп, баспасөзде, телеарналарда, ғылыми-тәжірибелік конференцияларда айту керек. Ал дүркіретіп той ұйымдастыру, айдалада мыңдаған қазақ үй тігу мерейтой иесіне не берерін айтыңдаршы маған?» – деп бір түйді Елбасы. «Мерейтойды туған-туысы, демеушілер өткізсін. Менің қарсылығым жоқ. Бірақ, тек мемлекеттің қаржысына емес. Мегажобалар, түрлi өткiзiлiп жатқан мерейтойларды қысқартып, балаларды дұрыстап оқытып, емдеу қажет», деді Мемлекет басшысы. Осы мәселені қадағалауды Вице-премьер Бердібек Сапарбаевқа тапсырды. Нұрсұлтан Назарбаев мем­лекеттік қызметшілер мен ұлттық компаниялардың қызметкерлері қарапайымдылық пен үнемшілдіктің үлгісін көрсетуі қажеттігін атап өтті. Қазір ел азаматтары атқарушы биліктен нақты және тиімді жұмыс күтіп отыр. Үкіметтің әрбір мүше­сінің, әрбір әкімнің міндеті – білек сыбанып жұмыс істеу. Сіздер үшін сын сағаты туды. Қаржыны игеру, жұмыс орындарын ашу талап етіледі, олай болмаған жағдайда, орынды босатқан жөн, деді Қа­зақстан Президенті. Мемлекет басшысы біздің елі­міздің барлық қиындықтарды сәтті еңсеретініне сенімді екенін айтты. Қазақстан Президенті жиын соңында елімізде қазіргі қиын­дық­тарды түбегейлі жеңіп шығу­ға мүмкіндік беретін барлық қа­жет­ті ресурстардың бар екенін атап өтті. Президент әлемдік эко­номи­калық дағдарыстан туын­даған қиындықтарға төзімділік таныту қажеттігіне, бірлік-тату­лықты сақтау керектігіне тоқтал­ды. «Бұл жыл – Қазақстан халқы Ассамблеясының, Қазақстан Республикасы Консти­ту­циясы қабылдануының 20 жыл­дығы. Осы жылдың ортақ терең мағынасы – біздің қоғамымызда өзара түсінушілік, бірлік, достық пен барлық қазақстандықтардың тең құқығын нығайта түсуде. Бейбітшілік пен келісім, халық бірлігі – Қазақстанның жетістігі мен тұрақтылығының басты өлшемі. Қарапайым халықтың қамын жеп, оларды тыңдап, көмек көрсету біздің міндетіміз. Биылғы жыл еліміз үшін абыройлы да, мәртебелі, қарқынды да, қарбалас жұмысқа толы жыл болайын деп отыр. Көріп отырсыздар, оңай болмайды. Мерейлі белестер мен Ассамблея жылын абыроймен атқару, әлемдік экономика қиындықтарына мойынсұнбай, жеңіп шығу бәріміздің ортақ парызымыз», деді Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаев қазақ­стандықтарды барға қанағат етіп, бағалай білуге шақырды. «Біз әсте тәубешіл елміз. Аласапыран күндерде көрген қиындықтарды ұмытпауға тиіспіз. Кеше қандай болып едік, бүгін кімге айналдық? Осыны ешқашан естен шығармайық. Әлемде елі жоқ, жері жоқ қаншама халық бар. Елі болғанымен игілікке жете алмай жүрген, қазынасын өзіне пайдалана алмай жүргендер көп. Байлығы кім болса соның аузында кеткен халық бар. Ал біз төріне ту тігіп, әлемге танылған елміз. Тамыздай тамылжыған тұрақтылық пен уыздай ұйыған бірлігіміз бар. Бізде бәрі бар. Сондықтан, тәубемізді ұмытпайық. Барға қанағат етіп, бағалай білейік. Ел бірлігі ешқашан құны түспейтін, жыл өткен сайын маңызы артып, мәні толыға түсетін шексіз байлық. Сол байлықты еселеп, дамыта түсейік. Бірлігімізге бекем болып, татулықты ту, тәуел­сіздікті тұғыр ете білейік. Сонда ғана мерейіміз үстем болады. Осы жолдан танбайық», деп қоры­тындылады сөзін Елбасы. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.