ЭКСПО-2017 аясында Қазақстандағы туризмді дамыту мүмкіндіктері Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында талқыланды. Оған «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ кеңесшісі Роза Асанбаева, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Құрбанбаева және Қазақстан Туризм индустриясы одағының директоры Инна Рей қатысты.
Брифинг барысында алдағы ЭКСПО-2017 көрмесі еліміздің туризм саласын дамытуға мол мүмкіндіктер ашатыны айтылды. Яғни, аталған көрмеге шақыру арқылы шетелдіктерді еліміздің басқа да аймақтарына тартуға болады.
«Ұлттық компания қолданыстағы туризм жолбағдарына кешенді талдау жүргізді. Оның негізінде жалпы бағыттар тізілімі әзірлену үстінде, онда ЭКСПО-2017 көрмесін көру секілді мүмкіндіктер қамтылған. Бұл жолбағдарларға «Recommendedby EXPO» белгісі қойылатын болады және олар туралы ақпарат компания сайтында жарияланады. Сондай-ақ, «Recommendedby EXPO» тізіліміне енгізілген турпакеттерді ілгерілету және сату жөнінде tripadvisor және booking.com секілді ірі туристік порталдармен келіссөздер белсенді жүргізілуде», деді Роза Асанбаева. Бұл белсенді жұмыс таяуда әкімдік жанынан құрылған «Астана Конвеншн Бюро» дирекциясымен бірлесе жүргізілетін болады.
Инвестициялар және даму министрлігінің зерттеулері бойынша, көрмеге келеді деп күтіліп отырған қонақтардың саны 2,1 млн. адамды құрамақ. Ұлттық компания қызмет көрсетіп жатқан қонақүйлердің жалпы бөлмелер қоры 6,3 мыңға тең келетінін анықтаған. 2017 жылға қарай қосымша тағы 73 қонақ үй салынады.
Көрме қонақтары Астананы ғана емес, сонымен бірге, Қазақстанның басқа да аймақтарына барады деп жоспарланып отыр. Туристердің негізгі ағыны Бурабай шипажайының үлесіне келеді деп күтілуде. Шипажайға баруды қолжетімді ету мақсатында Астана-Бурабай автобаны қызмет етуде және Көкшетау қаласының әуежайы қайта жаңғыртылған.
Қазіргі таңда Қазақстанның басқа аймақтарында жаңа турлар дайындалып, қолданыстағы турлар жақсартылуда. ЭКСПО брендінің қолдау көрсетуімен Жібек жолының қазақстандық бөлігі бойында «OrientExpress» санатына жататын пойызды іске қосу мәселесі қаралуда. Астанаға дейінгі ұшақ билеттерінің ішіне ЭКСПО-2017 көрмесіне барудың құнын кіргізу туралы «Эйр Астанамен» және шетелдік әуе компанияларымен келіссөздер жүргізілуде.
Роза Асанбаева өз сөзінде жергілікті туристік компаниялар және де шетелдік компаниялар тарапынан бұл жұмыстарға белсенділік танытуға тұрақты қызығушылық байқалып отырғанын атап өтті. Мәселен, бірнеше қазақстандық туроператорлар қазірдің өзінде туристік пакеттерге ЭКСПО-2017 көрмесінің билетін қосу мүмкіндігін қолға алып жатқанын атап өтті.
«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясымен ынтымақтасуға әлемдегі ең ірі туроператор TouristicUnionInternational (TUI) да қызығушылық танытуда. Қазіргі таңда ұлттық компания TUI туроператорымен серіктестік туралы келіссөздер жүргізуде, бұл Еуропаның нарықтарында ЭКСПО-2017 көрмесіне бару мүмкіндігін ұсынатын Қазақстанға бағытталған туристік пакеттерді сатуға мүмкіндік бермек. Неміс операторы әлемнің 180 елінен жылына 30 миллионнан аса тұтынушыға қызмет көрсетеді. Еуропаның бір өзінде TUI компаниясына 1800-ден аса туристік агенттік тиесілі.
Халықаралық тәжірибе бойынша ЭКСПО көрмесі секілді ауқымды іс-шараларды өткізу туризм саласын ғана емес, сонымен бірге, экономиканың басқа да салаларын дамытуға қозғау салады. Статистикаға сүйенсек, 1 турист өзі келген ел аумағында 1,5 мың долларға жуық қаржыны жұмсап, шамамен 6-12 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Осылайша көрмені өткізуден алынатын нәтиже орасан зор. Яғни, экономиканың түрлі салалары мен еліміздің азаматтары ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу кезінде қосымша табыс таппақ.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».