Осыдан 40 жыл бұрын Хельсинки қорытынды актісіне қол қойылған Хельсинкидегі «Финляндия Холл» атты тарихи конгресс сарайында Ядролық терроризммен күрес жөніндегі жаһандық бастаманың (ЯТКЖБ) жалпы отырысы өтті. Ауқымды халықаралық шараға Қазақстанның Финляндиядағы елшісі Ғалымжан Қойшыбаев бастаған қазақстандық делегация қатысты.
Іс-шараға ЯТКЖБ-ға қатысушы мемлекеттер, бастаманың тең төрағалары (АҚШ, Ресей), бақылаушылар мен бес халықаралық ұйымның 200-ге жуық өкілі қатысты.
Қазақстан жаһандық бастаманы ядролық қаруды таратпауды нығайту мен лаңкестік қауіптерге қарсы тұрудың маңызды бөлігі деп есептейді. Біздің мемлекет бұл бастамаға алғашқы мемлекеттердің бірі ретінде қосылды.
Террористік ұйымдардың ядролық қаруларға, оның бөлшектеріне, технологиясына және радиоактивті материалдарына қол жеткізу жөніндегі ұмтылыстары барлық адамзат қауымы үшін үлкен қауіп-қатерлер тудыруда, сондықтан да ЯТКЖБ бастамасы өзінің өзектілігін сақтап қалуда.
Қазақстан жаппай қырып-жою қаруларын таратпау және халықаралық лаңкестікпен күрес жөніндегі бастамаларға белсенді қатысушы ретінде оның жұмысына зор үлес қосуда. Атап айтқанда, 2007 жылы 11-12 шілде күндері Астанада ЯТКЖБ-ның үшінші кездесуі, ал 2010 жылы қыркүйекте Ядролық терроризммен күрес жөніндегі жаһандық бастаманың терроризмді қаржыландыруға қарсы тұру жөніндегі конференциясы өтті.
Ядролық терроризммен күрес жөніндегі жаһандық бастаманың жалпы отырысында қатысушы мемлекеттер құрылымның соңғы екі жылда атқарған жұмыстарын қорытындылай келе, ЯТКЖБ-ның жаңа мақсаттары мен бастамалық міндеттемелеріне қол жеткізу үшін жан-жақты жәрдем көрсететіндерін және оларды жүзеге асыру үшін тығыз ықпалдасатынын тағы бір мәрте қуаттады.
«Егемен-ақпарат».