20 Маусым, 2015

Ассамблеялық депутаттар есеп берді

355 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
IMG_2971[1] Алматыдағы Достық үйінде  Қазақстан халқы Ассамблеясынан (ҚХА) сайланған Парламент Мәжілісі депутаттарының ҚХА және этномәдени бірлестіктер мүшелерімен кездесуі өтті. Аталған іс-шараға   Мәжіліс депутаттары Жұматай Әлиев, Егор Каппель, Роман Ким, Ахмед Мұрадов, Надежда Нестерова, Юрий Тимощенко, ҚХА Кеңесінің мүшелері, республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, қоғам қайраткерлері қатысты. Кездесу барысында де­пу­таттардың атқарған жұмыстары бойынша жеке-жеке есептері тыңдалып, ҚХА жылы арал­ы­ғында атқарған іс-шараларының қорытындысы жария етілді. Сон­дай-ақ, ҚХА жылын ұйым­дастыру және өткізу бойын­ша өткен мемлекеттік комиссия отырысында жүктелген тапсырмалар қарастырылды. – Біздің Алматыға атбасын бұрудағы мақсатымыз – Қа­зақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттар өздерінің 3,5 жылда атқарған жұмыстары туралы баяндап беру, – деді депутаттық топтың жетекшісі Жұматай Әлиев. – Биыл ҚХА-ға 20 жыл толды. ҚХА – Ел­ба­сының ноу-хауы. Ассамблея – еліміздегі этносаралық және кон­фессияаралық келісімнің бірегей моделі. Мұнда ұлты мен дініне қарамастан әрбір аза­мат Конституция кепілдік ете­тін азаматтық құқық пен бос­тан­дықты толығымен пайдаланады. Ал Парламент өздеріңіз білесіздер, заң шығарушы орган. Ендеше, осы аса жауапты істе ҚХА-дан сайланған тоғыз депутат қандай үлес қосты дегенге келсек, олардың барлығы әр бейіндегі комитеттерде жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы жұмысшы топтың жетекшісі немесе мүшесі. Олар әлеуметтік, аграрлық, т.б. саладағы әрбір қабылданған заңдарға, еліміздегі тыныштыққа, келісімге өз үлестерін қосып жатыр. Жалпы алғанда, осы уақыт аралығында сайланған депутаттардың топ жетекшісі ретінде айтарым, олардың әрқайсысы өздерін қай жағынан болсын сауатты, белсенді көрсете білді. Олардың әрқайсысы Парламенттегі әріптестерінің арасында абыройлы, сондай-ақ, халықтың арасында да беделі жоғары. Олар өздерінің, болмаса басқа да түрлі этност өкілдерінің мүддесін емес, қазақстандық идеяны, қазақстандық патриоттық сезімді қорғады. Қоғамдық келісімді сақтауға үлес қосты. Ал кешегі сайлаудағы Президентіміздің жеңісі халқымызды одан әрі біріктірді. – ҚХА атынан сайланған депутаттар арасында Мәжілістің 7 комитетінде жұмыс жасайтын өкіліміз бар, – деді өз сөзінде депутат Надежда Нестерова. – Осы үш жарым жылда біздің депутаттық топ нағыз пікірталас алаңына айналды. Біздің жиындарда өте өзекті мәселелер шешіледі. Әрине, пікірлер әртүрлі, үнемі қызу пікірталас болады. Менің өзім үш жылда 56 заң жобасына қорытынды шығардым. Бүгінгі таңда жұмыс тобы 39 отырыс өткізді. Қазақстан Президенті, ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың облыстық мәслихат ішінде біздің жұмыс тобына ұқсас депутаттық топтарды құру туралы тапсырмасы да өз деңгейінде орындалды. Аталған топтар Қазақстанда бейбітшілік пен келісім мәселелерін қадағалайтын болады, – деді Надежда Нестерова. Сондай-ақ, сөз алған депутат Егор Каппель бүгінгі кездесуде бұрынғы депутаттарды да көріп отырғанын, ал ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктер ҚХА-дан сайланған депутаттардың есебін тыңдауға міндетті екенін, өйткені, олар да біздің не істеп, не қойып жатқанымызды білулері керектігін, ал депутаттардың әрқайсысы өз имидждерін жасауы қажеттігін айтса, депутат Ахмед Мұрадов барлығымыздың Қазақ­станның патриоттары екенімізді ұмыт­пауға шақырып, ҚХА-ның бүгінде халықаралық институтқа айналып отырғанын жеткізді. Дөңгелек үстелге қатысушылар атынан сөз алған этномәдени бір­лес­тіктердің өкілдері Ассамблеядан сайланған депутаттардың жұмысына оң баға беріп, өз ұсыныстарын да білдіріп жатты. Мәселен, «Ахыска» этномәдени бірлестігінің төрағасы Зиятдин Касанов ҚХА-дан сайланған Парламенттегі депутаттар олардың бетке ұстар өкілдері екенін, сондықтан жоғары деңгейде көргілері келетінін, осындай кездесулер жүйелі түрде өткізіліп тұрса, мәселен, 3 ай сайын екі депутат осылай есеп беріп отырса, сонда олардың да жұмыстары көрінетінін, сондай-ақ, ұсыныстары да Парламентте айтылатынын жеткізді. «Меніңше, Ассамблея жергілікті жерлерде – ауылдарда, аудандарда жақсы жұмыс жасауы керек. Ол үшін Ассамблеяны жоғарыдан төмен – халыққа жақындатса, оның беделі одан да арта түсер еді», – деді ол. Кездесу соңында белсенділер, ҚХА мен этномәдени бірлестіктердің мүшелері «Қазақстан халқы Ассам­блеясына – 20 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталды. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».