
Жетісу ауданы Айнабұлақ шағын ауданындағы №4 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде ел тарихындағы ең ұзын – 1704 метр лағман созылып, бұл мәлімет еліміздің Рекордтар кітабында ресми түрде тіркелді. Бұл – жай ғана гастрономиялық оқиға емес, шаһар тұрғындарының ауызбірлігінің нышаны іспетті, жүрекке жылылық ұялатқан сәт еді. Алматының 50-ден астам аспазы мен аудан тұрғындары лағманның қамырын екі сағатта илепті. Түрлі этнос өкілдері ортақ дастарқан үшін бірлік танытып, бір кісідей күш салды.
Қазақстан Рекордтар кітабының ресми өкілі Бақытжан Сәбитұлы: «Лағман қанша метр болса да жаңа рекорд орнатылды, өйткені мұндай іс-шара елімізде алғаш рет өткізіліп отыр. Біз лағманның ұзындығын ғана емес, этносаралық байланыстың беріктігін де бекітеміз», деді.
Дәл осы күні бір үстелдің айналасынан қазақ, ұйғыр, өзбек, дүнген, корей мен басқа ұлт өкілдері табылды. Біреу қамыр илесе, екіншісі иін келтіріп, көңілді жүрді.
«Әрбір қатысушының алдында қамырдың үзілмеуін қадағалау міндеті тұрды. Кейбір қиындыққа қарамастан, аспаздарымыз үдеден шықты», дейді Алматы қаласы Жетісу аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Рахима Омарова.
Аспаздық оқиғаға болысқан Зухра Измасова: «Сәл ауыр, тым ұзын лағман, бірақ тапсырма неғұрлым қиын болса, соғұрлым қызықты болады екен» дейді.
АЛМАТЫ