
Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Осы орайда жақында елордамызда Мемлекет тарихы институты мен Жошы ұлысын зерделеу ғылыми институтының ұйымдастыруымен Ұлттық құрылтайда көтерілген келелі мәселелерді талқылауға арналған сарапшылар кездесуі өткен болатын. «Қазақстандағы тарихи зерттеулер: рефлексия, фокустар және даму векторлары» атты басқосуға Мәжіліс депутаты, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін ӘБІЛ, Мемлекет тарихы институтының директоры, PhD Нұрбек Пұсырманов, Жошы ұлысын зерделеу ғылыми институтының директоры, PhD Жақсылық СӘБИТОВ, Астана қаласындағы С.Сейфуллин музейінің директоры, тарих ғылымдарының докторы Марат ӘБСЕМЕТОВ, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры, PhD Жандос БОЛДЫҚОВ, қауымдастырылған профессор, PhD Әлима БИСЕНОВА (Назарбаев университеті), қауымдастырылған профессор, PhD Михаил АКУЛОВ (Назарбаев университеті) қатысып, ойларын ортаға салды.
Нұрбек ПҰСЫРМАНОВ:
– Бұл сарапшылық кездесудің негізгі мақсаты – Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда айтқан тарих ғылымының рөліне қатысты негізгі тезистері аясында тарихи зерттеулер мен тарихи сананы қалыптастырудың өзекті мәселелерін талқылап, жұртшылыққа түсіндіру. Осы орайда тарих ғылымына жаңа көзқарас пен даму келешегін орнықтыру маңызды. Құрылтайда айтылған Президент тезистерін төрт бағытқа топтап, жиынның күн тәртібі ретінде айқындалды.
Біріншіден, еліміздегі тарихи үдерістерді жаһандық парадигмалар аясында зерттеудің шарттарын ұсыну; екіншіден, тұлғалар тарихын зерттеу мен оларды айшықтауда әділдік қағидатын сақтаудың тетіктерін қарастыру; үшіншіден, тарихи зерттеулердегі академиялық адалдық, шынайылық пен әділдіктің өзектілігін ілгерілету; төртіншіден, тарихи сананы қалыптастыру мен тарихты оқытудың сапасын арттыруды ойластыру.
Президент «Біз ұлттық бірегейлігіміздің маңызды факторы – тарих ғылымының дамуына ерекше көңіл бөліп жатырмыз» деді. Осыған орай орнықты дамуымыздағы төртінші онжылдықта тарихи негіздегі ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға баса назар аударылмақ.
Еркін ӘБІЛ:
– Құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық тарихымызды зерделеу мен жариялау ісінің маңыздылығына ерекше тоқталды. Оның атап көрсеткеніндей, мемлекет ғылыми шығармашылыққа ешқашан шектеу қоймайды, керісінше ұлттық сананың қалыптасуына ден қойып келеді. Тарихи сана, тарихи жады – ұлттың негізі. Ал оны ең алдымен мектеп оқулықтары қалыптастыратыны белгілі.
Біздің дәстүрлі тарихи жадымыз бар, алайда ол қазір ұмытыла бастаған сияқты. Өйткені бүгінгі біздің тарихи жадымыз дәстүрлі, ұлттық сипатта емес, ұзақ жылғы кеңестік оқулықтармен қалыптасқан. Сондықтан ғасырлар бойы сарапталып, уақыт сынынан өткен ұлттық тарихымызды барынша жүйелі насихаттауды іске асыру керек. Егемендіктің 30 жылы ішінде тарихымызды түгендеп, насихаттау туралы көп жазылды, ашық әңгімелер, пікірталастар ұйымдастырылды, бірақ күткен нақты нәтиже болмай отыр.
Орта мектеп, жоғары оқу орындарындағы тарих пәніне арналған оқулықтарға қарар болсақ, өкінішке қарай, ішінде бір жүйе қалыптаспаған. Тақырыптар арасында өзара байланыс аз. Жекелеген фактілерді оқып, меңгеруге ғана назар аударылады. Яғни тарих оқулықтарының көпшілігі өткен заман оқиғаларын баяндайтын әңгімелер жинағы күйінде қалып отыр.
Жандос БОЛДЫҚОВ:
– Шын мәнінде Құрылтайда айтылған тапсырмалар негізінде бірсыпыра жұмыс атқарылды. XVIII ғасырдың бірегей қолжазбасы – «Хандар шежіресі» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіліміне енді. Бұл құжат – қазақ халқының тарихи жады мен рухани мұрасының құнды айғағы.
Дегенмен, өкінішке қарай, бізде бірде-бір түпнұсқа құжат жоқ. Оның бірнеше себебі бар. Орта ғасырларда саяхатшылар Ұлы Жібек жолы бойымен көп кітапты сыртқа алып кетті. Әлі де көптеген құжат жеке коллекцияларда жатыр. Бізде тек қазақтың соңғы ханы Кенесарының Құран кітабы ғана бар. Басқа қолжазба жәдігерлер Ресейде, Түркияда, Ұлыбритания мен Францияда сақтаулы. Алдағы 10 жылда осы бағытта құжаттардың түпнұсқаларын елге қайтаруды дипломатиялық жолмен шешуге тарихшылар да атсалысса деген тілек бар. Бұған тарих қауымдастығының өзі дайын болуы қажет.
Сондай-ақ бұл жұмыстарға меценаттарды да тарту қажет. Олар ғылыми академиялық туризмді қолдап, ұлт тарихын түгендеуге атсалысса, жаңа белеске шығарымыз сөзсіз.
Жақсылық СӘБИТОВ:
– Тарихи сана қалыптастыру мектеп партасынан, яғни оқулықтарды түзетуден басталу керек дейсіздер. Осы орайда заманауи өзгерістер мен мүмкіндіктерді ескеру маңызды. Бұрын ақпарат алудың негізгі көзі кітап болса, қазіргі таңда оған видеоконтент қосылды. Тарих туралы сапалы жасалған видеоконтент тақырыпты түсіндіруде көбірек мақсатқа жеткізеді.
Көпшілікке, балаларға арналған мұндай өнімдердің мазмұны толығымен ғылыми тұжырымға негізделмесе де, бастысы көрерменнің қызығушылығын арттыруға тиіс. Қазірдің өзінде бірқатар Батыс мемлекеттерінде комикстер, үстел ойындары оқушыларға сабақ түсіндіру үшін кең қолданылатынын көріп отырмыз. Бізге де тарихты оқыту форматын жаңартатын уақыт келді.
Әлима БИСЕНОВА:
– Мемлекет басшысы ғылымды жаһандық өркениеттік парадигма аясында дамыту қажеттігін айтқанда, ұлттық тарихтың тар шеңберінен шығып, өркениеттік қайнар көздерін қарастыру керектігін меңзегені түсінікті. Ұлттық мемлекет – өзінің қазіргі түрінде XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы туынды, сондықтан барлық тарихи оқиғаға ұлттық телеология тұрғысынан қарау дұрыс болмас еді.
Біз тоғысқан және бір-бірін өзара байытқан бірнеше өркениеттің мұрагеріміз: түркі, ислам, Алтын Орда дәуірлері мен кеңестік кезең. Өзімізді осы өркениеттердің қазақ жеріндегі жалғасы және бір бөлігі ретінде сезіну үшін біз ортақ өркениетке тиесілі елдер арасындағы тарихи ғылыми диалогті өз тарихымыздың айшықты кезеңдерін зерттеп, жариялау арқылы кеңейтуіміз қажет деп есептеймін.
Михаил АКУЛОВ:
– Осы орайда «өркениет» ұғымына қатысты ойымды қоса кетейін. Жалпы, өз тәжірибем негізінде бұл ұғымның мәнін нақты анықтау күрделі екеніне көз жеткіздім. Бірінші кезекте О.Шпенглер, Й.Хейзинга және И.Валлерстайн сынды ғалымдардың еңбектері еске түседі. Олар бұл тақырыпты терең зерттегенімен, «өркениет» ұғымының бірыңғай жүйесін қалыптастыра алған жоқ. Оның орнына маған «жаһандық» ұғымы анағұрлым түсінікті әрі жақын. Ата-баба тарихын білу маңызды, өйткені ол – әлем тарихының ажырамас бөлігі. Осыған байланысты Отан тарихын жаһандық үдерістер контексінде қарастыру орынды деп санаймын. Мұндай тәсіл бүкіл адамзат тарихы мен жаһандық үдерістерді кеңінен түсінуге мүмкіндік береді.
Мәселен, адамзат тарихындағы көші-қон үдерістеріне қатысты маңызды сұрақтарға біздің тарихымыз жауап бере алады. Сондай-ақ империялар қалыптастыру үдерістерін жаһандық құбылыс ретінде қарастыру арқылы аймағымыздың кең мүмкіндіктерге ие екенін байқаймыз. Біздің аймақтық тарихымыз жаһандық тарихты жазуға қажетті негіз ұсынады. Бұл тұрғыда, ең аз дегенде, бұрыннан қалыптасқан еуроцентристік көзқарастарды сынға алу қажеттігі туындайды, өйткені бұл жаһандық тарихтың негізгі мақсатының бірі.
Менің пікірімше, біз өзіміздің ерекшелігімізді және тарихи-мәдени тәжірибемізді барынша толық қамтып көрсете алатын ұғымдық аппаратты дамытуымыз қажет. Бұл бағытта тек институттарды зерттеумен шектелмей, аймағымызда қалыптасқан бейресми байланыстарды және олардың саяси үдерістердегі рөлін де назарда ұстау маңызды. Сондықтан Отан тарихын ұлттық ерекшеліктерді сақтай отырып жаһандық тарихқа енгізу қажет. Алайда бұл үдеріс біртіндеп және жүйелі түрде жүзеге асырылуға тиіс.
Марат ӘБСЕМЕТОВ:
– Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда көтерген маңызды мәселесінің бірі – ономастика саласындағы олқылықтар. Президент қазіргі уақытта қалалар мен ауылдардағы көшелер мен елді мекендерге атау беру немесе атауларды өзгертуде жергілікті атқарушы органдардың көп қателік жіберіп, жерлестік пен тамыр-таныстыққа жол беретінін баса айтты. Мұның алдын алу үшін ол ономастика саласын орталықтандыру туралы шешім қабылдағанына тоқталды. Президенттің бұл бастамасын депутаттар қолдады. Нәтижесінде, ономастика саласындағы жұмыстың бірыңғай әрі нақты регламенті енгізілді.
Осы мақсатта Мемлекет басшысы тиісті рәсімдерді өзгертіп қана қоймай, сонымен бірге бұл жұмыспен тиянақты айналысу керек деп санайды. «Тарихи әділдік қағидатын қатаң ұстану қажет. Біздің көрнекті тарихи тұлғаларымыз ұлықтауға әбден лайық. Олардың есімін ел жадында сақтау – перзенттік парызымыз әрі жалпыұлттық болмысымызға тән қасиет. Бірақ ономастиканы «тарихи еңбегі» ешқандай архив құжаттарымен расталмаған тұлғаларды ұлықтау құралы етуге болмайды» деп баса айтты ол.
Инфографиканы жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Еркін ӘБІЛ:
– «Өркениет» ұғымының мәні туралы айтар болсақ, «Ұлы дала өркениетін», «Көшпелілер өркениетін» қазақ тарихы арқылы нақты, толықтай және мазмұнды тұрғыда насихаттауымыз керек. Бір тақырыптық жүйеге қалыптастырмай, Отанымыздың толыққанды тарихын насихаттауда алға жылжи алмаймыз. Міне, осыдан өзіміздің ұлттық тарихымызды өзімізге де, басқа елдерге де толықтай тұрғыда көрсете алмай келеміз.
Бұл үшін біз, жоғарыда айтқанымдай, алдымен тарих пәнін оқытудың теориялық-методологиялық әдістеріне баса назар аударуымыз керек деп есептеймін. Құрылтайдың ІV отырысындағы Мемлекет басшысы ерекше тоқтаған тақырыптар – қоғамдық талқылауға ұсынылған және орындалуға тиісті мәселелер. Қазіргі күні қазақ қоғамы, барша тарихшылар оны өзекті мәселе ретінде қабылдап отыр. Сондықтан да Ұлттық құрылтайдың осы отырысында баяндалған ұсыныстарды біз, тарихшылар қауымы ғылыми тұрғыда негіздеуіміз керек.
Марат ӘБСЕМЕТОВ:
– Бұл жиынның негізгі мақсатының бірі – тұлғалар тарихын зерттеу мен оларды айшықтауда әділдік қағидатын сақтаудың тетіктерін қарастыру екенін айттыңыздар. Осы орайда қазіргі кезеңде тарихтағы тұлғаның рөліне қатысты мәселелер тарих ғылымының дамуындағы басым тақырыптың біріне айналды және бұл биография тарихнамасында «тұлғатану» деген атаумен белгілі.
Осы тұрғыдан алғанда, тарих ғылымы дамуының қазіргі кезеңінде тарихшылар жеке тұлғаның рөлін, әсіресе қайраткерлердің өмірі мен шығармашылығын, тарих пен жеке тұлғаның өзара қатынасы мен ықпалы турасындағы мәселелерді зерттеуге үлкен қызығушылық танытып отыр. Тұлғатануды зерттеуші тарихшылар бірізділікті сақтап, тұлғаны тану арқылы тәрбие жұмысына негіз қалыптастырғаны жөн.
Нұрбек ПҰСЫРМАНОВ:
– Бүгін айтылған пікірлерді қорытындыласақ, тарихшы ғалымдардың баяндамаларынан мынандай тұжырымдар аңғарылды.
Біріншіден, ұлттық тарихымызда әлі зерттеушісін күтіп жатқан тақырыптардың қатпары қалың. Біздің кәсіби тарихшыларымыздың әлеуетін, ресурсын тұңғиығы түрілмеген мәселелерге бағыттау өзекті. Осы ретте, тәуелсіздік таңы атқаннан бері елімізде 772 диссертацияның тарих ғылымы бағытында қорғалғанын, алайда оның 81 жеке тұлғаның өмірі мен қызметін зерттеуге арналғанын атап өткім келеді. Әрине, тұлғаларымыздың еңбегін тәуелсіз елдің көзқарасымен жаңаша бағалау өзекті, дегенмен ғылымның ең бірінші мақсаты өмірдегі заңдылықтарды табу екенін ескерсек, зерттеулер биографиялық сипаттаумен және архивтегі құжаттарды интерпретациялаумен шектелмей, тарихи динамиканы талдау нәтижесінде себеп-салдарлық байланыстарды анықтауға бағытталған зерттеулерді күшейту өзекті.
Екіншіден, тарих пен кеңістіктің сабақтастығын ескеру керек. Біздің тарих туралы зерттеулеріміз әлі эмоционалды-эйфориялық сипаттаудан, мистификациялық реңктен, антогонизмнен, дәуірлер арасындағы қайшылықтардан арылмай келеді. Соның нәтижесінде марксистік-лениндік көзқараста болған тұлғаларды Алаш қозғалысымен, көшпелі өркениетті отырықшы мәдениетпен, саяси режімдер алмасуын әлеуметтік жүйедегі қақтығыспен түсіндіру басым. Осы тұрғыдан алғанда кеңістіктегі тарихи оқиғалардың байланысын, саяси элиталар өзгерісінің әрқашан жұртшылық арасында кикілжіңге әкелмегенін білеміз. Бүгінгі жиыннан түйгеніміз, алдағы зерттеулерде тарихқа автономды және ұлттық контекст аясынан шығып, тарих кеңістігінде болған үдерістерге тұтас қарау және бағалау қажет.
Үшіншіден, барлық гуманитарлық ғылым сияқты тарих та интерпретациялық-сипаттаушылық әдіснамаға басымдық береді. Алайда тарих туралы кейінгі зерттеулерде математикалық-статистикалық талдау тәсілі кең тарап келеді. Бұл бағытта мамандар даярлау мәселесіне көңіл бөлмесек, болашақ тарихшылардың бәсекелестігін, жазған еңбектеріміздің мойындалуын қиындатамыз. Осы ретте бізде ауқымы тар тақырыптарды зерттеумен айналысатын мамандарды даярлау, қолдау мәселесі шешілмей келеді. Тарихтағы кейбір кезеңдер, тақырыптар бойынша бірнеше маманның болуы жеткілікті. Мысалы, сяньбилер тарихын зерттейтін 1-2 маман жеткілікті болуы мүмкін. Алайда ол мамандар ондаған жыл дайындалғаннан кейін олардың тұрақты зерттеуін қамтамасыз етуін қолдау мәселесі мемлекеттік тұрғыда маңызды. Осындай аз маман қажет ететін жүздеген тақырып бар, оларды даярлайтын және қолдайтын мемлекеттік саясат қажет.
Дайындаған –
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
«Egemen Qazaqstan»