ТАРАЗ. 20 маусым. Жамбыл облысы әкімдігі және «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қолдауымен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультеті және «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Жамбыл облысында «Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған фотоэкспедиция өткізілуде. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Соған сәйкес экспедиция мүшелері баспасөз мәслихатын өткізді.
«Ұлт тарихын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесінің маңызы зор. Тарихымызды тану – фотошежіресіз мүмкін емес. Осыған орай ұйымдастырылған фотоэкспедицияның мақсаты – Жамбыл облысының көне тарихи жерлерін, соның ішінде бүгінгі күні, республика бойынша маңызы зор Керей мен Жәнібек хандардың тұңғыш хандық құрған Қозыбасы аймағын, Қорағаты, Аңырақай даласы мен Хан тағы орындарын фотоға түсіру», – дейді бұл жөнінде ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы.
Сондай-ақ, «Фотоөнер» бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайым экспедиция нәтижесінде түсірілген фотосуреттерден Алматы қаласында, универсиететте және мемлекеттік деңгейде жоспарланған Тараз қаласындағы салтанатты мерейтойда көрме өткізу көзделуде екенін айтты.
Сонымен қатар, бұл түсірілімдер келер жылы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай мемлекеттік тапсырыспен жарық көретін «Қазақ фотошежіресі – тарих, дерек, өнер» атты фотоальбомға енетін болады. Бұл шаралар аталған тарихи кезеңде, елімізде келер ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге, бұдан бөлек туризм саласының дамуына үлкен үлес қосады.
Оралхан Дәуіт.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: Ақәділ Рысмахан.