"Егемен Қазақстанның" арнаулы беті
Заң жобасы таныстырылды Мәжілісте Аграрлық мәселелер комитетінің ұйымдастыруымен, палата вице-спикері Дариға Назарбаеваның қатысуымен «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» заң жобасы ілеспе түзетулерімен таныстырылды, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі. Құжатты жасаушылар атынан Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Марат Құсайынов баяндама жасады. Аталған заң жобасының мақсаты қоғамдық игіліктер мен көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігінің деңгейі мен сапасын арттыру үшін ресурстарды біріктіру жолымен және мемлекет пен жеке сектор арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты қалыптастыру және күшейту болып табылады. Міндеттері: жеке секторды мемлекеттік активтерді басқаруға тарту; бюджетке салынатын жүктемелерді төмендету; инвестициялар тарту; мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимыл жасасу модельдерін кеңейту. Құжатта көрсетілгендерді жүзеге асыруға білім беру, денсаулық сақтау, көлік, энергетика, экономиканың барлық салаларында (аяларында) болуы мүмкін салалар қатысады. Квазимемлекеттік сектор субъектілерін тарту, оның ішінде тетіктерді қолдану арқылы тікелей инвестицияларды тарту мен активтерге опциондық келісімдерді тарту (жобадан «exit») және акционерлік келісімдерді тарту мақсат етіледі. Бюджеттен төленетін төлемдер және мемлекеттік қолдау шараларына: субсидиялар, инвестициялық шығындар өтемақысы, операциялық шығындар өтемақысы, басқару үшін сыйақы мен қолжетімділігі үшін ақы жатады. Заң жобасында ұлттық кәсіпкерлер палатасының рөлін айқындауда: жергілікті жобаларды сүйемелдеуге қатысу, әлеуетті жеке әріптестер тізілімін қалыптастыру, МЖӘ мәселелері бойынша нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуге қатысу және жергілікті жобалардың конкурстық құжаттамасын қалыптастыруға қатысты талқылауға қатысу, конкурстық комиссияны қалыптастыруға қатысу мен жобалардың іске асырылуын мониторингілеуге қатысу көрсетілген. «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» заң жобасының ілеспе түзетулері 3 кодекске және 14 заңға, оның ішінде Азаматтық кодекске, Бюджет кодексіне, Жер кодексіне және де концессиялар, инвестициялар, акционерлік қоғамдар, автомобильдік және теміржолдар туралы заңдарға және басқа да заңдарға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізуді талап етеді. Заң жобасының таныстырылымында Мәжіліс депутаттары – Д.Назарбаева, З.Балиева, Р.Халмұрадов, Ә.Тойбаев, Е.Каппель, Т.Ерғалиев, Н.Сабильянов, т.б. заң жобасын жасаушыларға сұрақтар қойды. Енді заң жобасы депутат Р.Ким жетекшілік ететін жұмыс тобында талқыланатын болады.Наурыздың мәнін тереңдетіп, жастарға тәлім көрсетсек
Мәжілісте палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Алдан Смайыл Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдады. Онда былай делінеді: «Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Егемен Қазақстан» газеті арқылы Наурыз мейрамына ұлттық мазмұн беру жөніндегі ойларын ортаға салған еді. Министр мырзаның ұсыныс-байламдарымен толық қосыламыз. Осы дәстүрлі мерекені фольклорлық-этнографиялық ауқымнан жалпы қазақстандық мереке дәрежесіне жеткізу керек екендігі бұрын да жиі айтылатын. Сол орайдағы кейбір пікір-пайымымызды біз де билік тарапымен бөлісуді, талап-тілек ретінде ұсынуды жөн көрдік. Наурыз бен оның тарихы жайында айтқанда, алдымен Қыдыр баба және Ұмай ана жайлы сөз қозғауға тиіспіз. Қыдыр – қазақтың, сондай-ақ, басқа да түркітілдес халықтардың ерекше жарылқаушы қасиетке ие әулиесі. Ол күндердің күнінде «қырықтың бірі» болып жолығып, бағыңды жандырады. Сондықтан жүздескендердің бәріне кемсітпей, бөліп-жармай ілтипат көрсетуің керек. Қыдыр – бұл тұрғыда адам баласын өзара жарастырушы, алыс-жақынды табыстырушы киелі тұлға. Ұмай ана – түркітектестердің Хауанадан соңғы ұлы анасы, әйел мен баланың пірі, мейірім-шапағат шуағын шашқан күн дидарлы әулиесі. Оған ата-бабаларымыз: «Жүрегімізді жылыта гөр, қатыгездік пен өшпенділіктен сақтай гөр», деп сыйынған. Міне, осы екі әулие Наурыз күні алдында және той күні балабақшалардағы бүлдіршіндер мен төменгі сыныптардағы жеткіншектерге сыйлық үлестірсе, баталарын беріп, игі тілек білдірсе, ұлттың ұлы мейрамы – Наурыз мейрамының тарихы мен ерекшеліктері жайлы әңгімелеп берсе, құба-құп емес пе?! Бұл алдағы уақытта дәстүрге айналса, бала жүрегіне Қыдыр бабасының киесі, Ұмай анасының мейірім шуағы дарымай ма? Ұлттық ұлағат пен тәлімге айналмай ма? Дәстүріміз бен салтымыз балдырғандарға әсерлі насихатталмай ма?! Аяз атаға жүгініп, Қаршақызға жүгірген балаусалар түпкі тамырына солай бір қайырылмай ма?! Наурызды ұлтты ұлықтап, тарихты қадірлеу үшін пайдалану дегеніміз де осы емес пе?! Сондықтан, құрметті Кәрім Қажымқанұлы, біз бұл ұсынысымызды барынша орынды деп білеміз және қолдау табатындығына күмән келтіргіміз келмейді. Мына мәселе де Наурыздың мәнін тереңдетіп, жастарға тәлімді болады деп ойлаймыз. Аталған мереке жайлы ән аз, түрлі деңгейдегі сахнаға арналған театрландырылған көріністер де тапшы. Соны ескере отырып, балабақшалар, орта және жоғары оқу орындары үшін Наурыз тақырыбына, оның тарихы мен бүгінгі мәніне, бауырмалдық пен кешірімділік идеяларына негізделген шағын мерекелік-музыкалық-сахналық қойылымдар дайындау қажет. Наурыз тағылымының бір әсерлі тұсы осы. Мәдениет және спорт министрлігі, облыстық мәдениет басқармалары қаламгерлер мен композиторларға арнайы тапсырма беру арқылы бұл мәселені оңтайлы шеше алар еді. Наурыз – ұлттық мереке ғана емес, ұлттық болмыс, ұлттық дәстүр, ұлттық мінез, өмір деп аталатын, адамдардың ғұмырларымен өлшенетін, біреу арқылы сөніп, біреу арқылы қайта лаулайтын көл-көсір дүниеге, адамзат пен жаратылысқа деген тарихи көзқарас. Оны жас ұрпақтың тәліміне және ұлттық құндылығына айналдыру – біздің ұлттық парызымыз. Талап-тілегіміз қолдау тапса, сол парызға адалдықтың белгісі деп қабылдаймыз.Энергетика министрлігі
құзыретіне жергілікті қамту мониторингін жеке қолдарға өткізу кіре ме, кірмей ме?
Асқар БАЗАРБАЕВ, Мәжіліс депутаты. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарда жергілікті қамту мониторингі секілді Үкімет жұмысының маңызды құралы көмірсутекті шикізатқа қатысты Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігіне (ЭМ) ал тау-кен кешеніне қатысты Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігіне (ИДМ) жүктелгені белгілі. Депутаттық осы сауалға себеп индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органда жергілікті қамту мониторингін орталықтандыру бойынша «Нұр Отан» партиясы фракциясының Үкіметке жіберген ұсынысына (08.12.2014 ж. шығ. № 08-01/Д-933//17-24/5549) Энергетика министрлігі берген жауабы болып отыр. Көрсетілген жауапта министрлік жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарды жергілікті қамтуға қатысты қызметтерін Ұлттық кәсіпкерлер палатасына өткізу туралы, ал осы жұмыстың әділдігі мен заңдылығын ЭМ мен ИДМ-қалдыру туралы айтады. Бұдан басқа, ЭМ мониторингтің өз бөлігін конкурстық негізде «CloudService» ЖШС жеке компаниясына, оның қызметтерін мемлекеттік бюджет есебінен төлеумен табыстап қойды. Осы орайда, мынадай қарсы сұрақтар туындайды. Біріншіден, егер министрліктің функциялары ҰКП-ға өткізілген болса, ол жауапкершілікті қалай көтеруі тиіс? Екіншіден, егер ЭМ өзінің бөлігін жеке қолға өткізіп қойған болса, бұл функцияларды да қалай өткізуге болады? Біздің ойымызша, ЭМ тарапынан маңызды мемлекеттік қызмет болып табылатын жер қойнауын пайдаланушылардың тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуындағы жергілікті қамту мониторингі саясатында көпвекторлық байқалып отыр. Осыған байланысты Үкіметтен орын алып отырған жағдайды қарастыруды және ЭМ құзыретіне мемлекеттік қызметтерді, дәлірек айтқанда, жергілікті қамту мониторингін жеке қолдарға өткізу кіре ме, кірмей ме деген мәселені түсіндіріп беруді, сондай-ақ, Үкіметтің осы мәселе жөніндегі бірыңғай ұстанымы қандай екенін нақтылауды сұраймыз.Өтініші бойынша қабылдады
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков Литва Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Витаутас Наудужасты оның өтініші бойынша қабылдады. Кездесуде екі ел арасындағы өзара қатынастарды, оның ішінде парламентаралық байланыстарды кеңейту мәселелері талқыланды. Елші Литва Украина шиеленісіне, терроризммен күреске, қақтығыс аймақтарындағы бейбіт тұрғындарды қорғауға, жаһандық қауіпсіздікті және адам құқықтарын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударып келе жатқанын атап өтті. Одан басқа, елші комитет төрағасы И.Адырбековтің ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының биылғы ақпандағы Венадағы 14-ші Қысқы сессиясына қатысуы және Қазақстан Республикасы Президентінің Арнаулы уәкілі ретінде 2017-2018 жылдарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасын ілгерілету жөнінде Балтық елдеріне жұмыс бабындағы сапарының маңыздылығын атап өтті. Ол сапар аясында жоғары деңгейдегі екіжақты кездесулер жоспарланып отыр. Сонымен бірге, тараптар жүздесу барысында халықаралық ынтымақтастық саласындағы бірқатар мәселелерді талқылады, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.Белсенді тұлғаны ерте бастан қалыптастыру қажет
Жақында Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті мен Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» фракциясының Өңірлік саясат және мәслихаттармен жұмыс кеңесі бірлесіп, «Шығармашылық жағынан белсенді тұлғаны қалыптастыру мен дамыту факторы ретіндегі жастар мәслихаттары» деген тақырыпта Астанадағы Оқушылар сарайында дөңгелек үстел өткізді. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев: «2050» Стратегиясы сіздерге арналған. Оны жүзеге асыратын да, жемісін көретін де сіздер. Осы жұмысқа әрқайсыңыз атсалысыңыздар. Немқұрайлылық танытпаңыздар. Елдің болашағын барша халықпен бірге жасаңыздар!», – деп жастарға ерекше сенім білдірді. Сондықтан елімізде жастардың азаматтық белсенділіктерін дамытып, патриоттық сезімдерін қалыптастыру – басты мақсатымыздың бірі. Ал біз, депутаттар өңірлерге барғанымызда, белсенді жастар халық қалаулыларымен осындай кездесу өткізу туралы ұсыныс жасаған болатын. Сол тілектерді біз бүгін іске асырып отырмыз. Әрине, облыстарда, бүкіл республикамызда жастардың қоғамдық жұмысқа, өмірге араласуы өте қажет. Өйткені, жастар – біздің болашағымыз, Елбасымыздың жастарға деген сенімі зор. Баршаңызға сәттілік тілеймін, – деп басқосуды Мәжіліс депутаты, палатаның Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Әсима Бимендина жүргізді. Бұл жиналыс жастардың азаматтық және патриоттық көзқарасын қалыптастыруға ықпал ету, Астана қаласы жастарының әлеуметтік белсенділігін арттыру, республика жастарының қоғамдағы өзекті мәселелерге қызығушылықтарын оятып, олардың рухани және саяси мәдениетін көтеру үшін ойластырылды. Мәжіліс депутаттарын жастардың өзекті мәселелерін шешуге қатыстыруды мақсат етті. Парламент Мәжілісінің депутаты Мейрам Бегентаев, Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев, Астана қаласы мәслихатының депутаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов жастар алдында патриотизм, белсенді тұлғаның қалыптасу жолдары жайында ой-пікірлерін ортаға салды. Астана қаласы жастар мәслихатының депутаты Бақтияр Әшіров, Астана қаласы №25 мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Светлана Погребицкая, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті жастар ісі комитетінің төрайымы Әйгерім Көкеева сөз сөйледі. Жастармен кездесу сұхбаттасу түрінде өткізілді. Кездесуде қазіргі таңдағы қоғамда жастар мәселесіне қатысты өзекті тақырыптар қозғалып, депутаттар мен жастар арасында бүгін мен болашақ тақырыбында сұрақтар қойылды және оларға жауаптар берілді, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.Фотокүнделік
Суретті түсірген Ерлан Омаров.