АҚШ халқы алаңдаулы
Америкалық кейбір компаниялардың жағдайы тым нашар. Олардың бірқатары қолына таяғын ұстап, тақырда отырып қалмаудың қамымен жанталасып жатыр. Ал мұның барлығы ел халқының тұрмыс-тіршілігіне кері әсерін тигізері сөзсіз. Мұнай бағасының құлдырауына байланысты Техастың мұнай-газ саласындағы General Electric компаниясы әрі-сәрі күй кешуде. Құрылым алдағы наурыз айынан бастап жұмысшы-қызметкерлерінің 45 пайызын «бостандыққа» шығарып салуды жоспарлауда. Компанияның мұндай қадамға баруына, әрине, қаржы тапшылығы мәжбүр етіп отыр. Бұдан бөлек, АҚШ-тағы электроника өнімдерін сатумен шұғылданатын компаниялар да төтеп бере алар емес. Мәселен, соңғы кездері Radio Shack атты алпауыт банкротқа ұшырады. Соның салдарынан 2 400 дүкенін сатылымға қойды. Оның 1 500-ге жуығын елдегі Amazon компаниясы сатып алуға ниет білдіруде. Сарапшылардың айтуынша, орасан шығынға батқан Radio Shack құрылымы акцияларының құны 90 пайызға құлдыраған. Бұл жыл басынан бері АҚШ-тың банкротқа ұшыраған ірі қаржы институттары мен тұралаған кәсіпорындарының қатары қалыңдай түскенін аңғартады. Әрине, бұл жағдайлар мемлекеттегі әлеуметтік түйткілдердің күрделене түсуіне әсер етпей қоймайды. Орайы келгенде айта кетейік, бүгінгі АҚШ-та әрбір бесінші бала жоқшылықтың зардабын тартуда. Сөзіміз дәлелді болуы үшін таяуда жүргізілген зерттеу нәтижелеріне көз жүгіртелік. 2008 жылғы қаржы дағдарысы басталғаннан кейін жарытып тамақ ішпейтін америкалық балалардың саны 2 есеге артқан. Перзенттерін тамақтандыру үшін көптеген ата-аналар азық-түлік банктеріне ұдайы алақан жаюға мәжбүр көрінеді. Мемлекеттегі Халық санағы бюросының мәліметіне қарағанда, елде 16 миллионнан астам жеткіншек бір тілім нан таба алмай, қысылып отырған отбасыларда тұрады екен. Қаржы дағдарысы басталған 2008 жылға дейін олардың саны 9 миллионды құраған. «Америкаға арналған демократия» ұйымының қоғаммен байланыс жөніндегі директоры Нил Срока «Елімізде экономиканы қалпына келтіру жұмысы мүлде кереғар жағдайда жүргізілуде. Соның кесірінен жылы-жұмсақтың барлығы тек ауқатты адамдарға ғана бұйыруда. Ал күнделікті нәпақасын әзер тауып жүрген қарапайым жұртшылық үшін ешқандай жақсылық болмай тұр. Тіпті, кейбір салалар бойынша сөз қозғаудың өзі қиын. Қара халықтың жай-күйін ойлап отырған ешкім жоқ. Америкалықтардың 1 пайызы байыған үстіне байып жатыр. Балалардың 20 пайызы аштан ілмиіп, бір тілім нанға қолы жетпеуде. Соңғы деректерге сүйене сөйлесек, АҚШ өнеркәсібі дамыған 35 елдің ішінде кедейлік тақсіретін тартып отырған балалар саны бойынша екінші орында тұр. Бұл мәселеде Құрама Штаттар тек Румынияға ғана жол береді екен. Сарапшылардың сөзіне қарағанда, бай мен кедей теңсіздігімен күресу үшін біріншіден, ең төменгі жалақы мөлшерін көбейту қажет көрінеді. Бұған қоса, артық жұмыс істеуге қатысты еңбек келісімшарттарын қайта қараған жөн. Сондай-ақ, мамандар жұмыс істейтін ата-аналарға бала күтіміне жарататын қаржы бөлу жүйесін құру қажет деп есептейді. Айта кетейік, АҚШ-тың бірқатар сарапшылары ел президенті Барак Обаманың таяуда айтқан «орта таптың әл-ауқатын жақсарту ішкі саясаттың басым бағыты» деген сөзіне орай кекесінмен үн қатуда. Олар егер президент бос сөзден тыйылып, жүйелі жұмыс жүргізбесе, онда мемлекетте қалыптасып отырған экономикалық-әлеуметтік ауыртпалықтар жақын арада жеңілдемейді деп санайды.Германиядағы көңілсіз көріністер
Дағдарыс ызғары Германияның бойын тітіркендіре бастаған секілді. Өйткені, мұнда әлеуметті толғандырған мәселелер жиі-жиі қылаң беруде. Бұл жағдайлар елдегі іргелі компаниялардың қаржы тапшылығымен бетпе-бет келуінен туындап отыр. Неміс халқы мақтан ететін ірі құрылымдардың бірі, электроника, электротехника, медициналық құралдар, электроэнергетика өндірісі саласындағы алпауыттар қатарындағы Siemens концерні қаржылық қиындықтарға байланысты қызметкерлерін жаппай қысқартатыны жайлы ашық мәлімдеді. Бүгінде жұмыстан босату жөніндегі хабарлама жазылған парақшалар компания арқасында нәпақа тауып келген 7 800 адамға таратып берілген. Бұл концерндегі барлық жұмысшылардың 2 пайызын құрайды. Олардың 3 мыңнан астамы Германия азаматтары көрінеді. Бірінші кезекте Siemens компаниясының Эрланген қаласында орналасқан бөлімшесіндегі 900 қызметкер өз жұмысынан қол үзеді. Жалпы, компания қызметкерлерін қысқарту арқылы 1 млрд. еуроға жуық ақша үнемдеуді көздеп отыр. Үнемделген қаржы инновациялық жобаларға жаратылмақ. Соңғы деректер бойынша, құрылымның табысы жыл өткен сайын 1-2 млрд. еуроға кеміп келеді. Қазіргі таңда ел халқының билікке деген өкпесі қара қазандай. Қоғамда ертеңге деген сеніміне селкеу түскен азаматтар қатары өсе түскен. Мәселен, мемлекеттегі «Верди» қауіпсіздік саласы қызметкерлерінің одағы наразылық шараларын өткізетіндерін хабарлады. Бұл ереуілге Гамбург, Штутгарт және Ганновер әуежайларының жұмысшылары да қолдау білдірген. Мұның салдарынан 80 мыңға жуық жолаушы зардап шегуі мүмкін. Аталмыш кәсіподақ қауіпсіздік саласы қызметкерлерінің жалақысын өсіруді талап етуде. Былайғы жұртқа Германияда бәрі өз қалпында секілді көрінеді. Алайда, елдің сыртқы және ішкі жағдайы соншалықты мәз емес. Бұған мемлекеттің бірқатар одақтастарының басына түскен ауыртпалықтар тікелей әсер етіп отырғаны белгілі.Мексикалық мұғалімдер бас көтерді
Мексика астанасы Мехико қаласында мыңдаған мұғалімдер ереуілге шықты. Олар еңбекақыларының өз уақытында берілмей отырғанына ашулы. Наразы топ еңбек жағдайының төмендігі мен өздерінің құқықтарының шектелуіне де қарсылық білдіруде. Ереуілшілер шаһардың басты алаңында шатыр құрып, жол қозғалысына кедергі келтіріп отыр. Наразылық акциясын ұйымдастырушылар жергілікті билік қойылған талапқа лайықты жауап берілмесе, ереуілді жалғастыра түсетінін жеткізуде. Мұғалімдер одағының өкілі Рубен Нунез: «Барлық қоғамдық ұйымдарды, жұмысшыларды, фермерлер мен үй шаруасындағы әйелдерді бізге қосылуына шақырамыз. Барлығымыз бірлесіп, еңбек етушілердің құқығын қорғауды талап етуіміз қажет», дейді. Мексика үкіметі мемлекет қазынасының бестен бір бөлігін білім беру саласына жұмсайды. Бірақ соған қарамастан, мексикалық оқушылар сабақ үлгерімі бойынша төменгі көрсеткішке ие. Жалпы, Мексикада әлеуметтік түйткілдер өте көп. Әсіресе, қоғамда тәртіпсіздік пен қылмыстың өршіп тұрғаны ел дамуына кері әсерін тигізуде.Бразилияда су тапшы
Биыл Бразилияның көптеген қалалары карнавалдан бас тартатын болды. Бұған елде соңғы 85 жылда болмаған ең қатты құрғақшылық негізгі себеп болып отыр. Елдің көптеген өңірлерінде су тапшылығы үлкен проблемаға айналып барады. Қуаңшылықтан, әсіресе, ауыл шаруашылығы зиян шегуде. Оған қоса, электр қуатының 80 пайызы гидроэлектрстансалардан өндірілетіндіктен, Бразилияда энергетика тапшылығы да сезіле бастады. Соған байланысты елдің бірнеше штатында ауызсуды үнемдеу шаралары жалғасуда. Ел экономикасына мұнай нарығындағы дағдарыс та соққы беруде. Бразилия тұрғыны Пепе Каракосса: «Меніңше, карнавалды болдырмау ештеңені шешпейді. Аз ғана уақытта ауызсу таусылып қалмайды. Карнавал – Бразилияның ұлттық құндылығы. Жылына бір рет өтетін аса маңызды шараға тыйым салу дұрыс емес», дейді. Ал мәдениет саласының өкілі Марселло Даниэль: «Біз көше карнавалын өткізбеуді жөн көріп отырмыз. Өйткені, шара барысында қалаларға туристер өте көп келеді. Олардың барлығына жағдай жасау қиын. Әсіресе, су тапшылығы қол байлап тұр», дейді. Осылайша, Бразилия қалаларының жартысында судың жетімсіздігі халықты тығырыққа тіреуде. Тіпті, жуынатын және ішетін судың өзі үлкен мәселеге айналған. Бұған қосымша, мұнай бағасының құлдырауы да мемлекеттің ахуалын нашарлатып жіберген. Дайындаған Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».