14 Ақпан, 2015

Жеңіс туы – Көкшетауда

364 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
жеңіс«Біз – Жеңіс ұрпақтарымыз» акциясы «Достар» мәдениет сарайында өтіп, жұртшылық наза­рындағы мерекелік шараға ұласты. Көкшетаудағы №5510 әскери бөлімі 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының жауын­­герлік туын салтанатты жағдайда қабылдап алды. Оны Степногор қаласындағы №3517 әскери бө­лімінің командирі Жарқын Са­париянов тапсырды. Бұл ту Ресей Қарулы күш­терінің Орталық музейінде сақтаулы. Ал оның көшірмесі 2015 жылдың 10 қаңтарында Астанадағы Ұлттық ұланға қарасты жедел бригаданың мұражайына мәңгілік сақтауға берілген еді. Бұл ту Ұлттық ұланның өңірлік бөлімдері орналасқан барлық 25 елді мекендегі мерекелік салтанаттардың биік тұғырында желбірейтін болады. Сонымен қатар, осынау қымбат жәдігер Отанымыздың астанасындағы, 7 мамыр күнгі Әскери шеруге шығарылмақ. Бұл ту өзінің жауынгерлік жолын 29-шы дивизия жауын­гер­лерінің қоршаудан шығу опера­циясындағы рухын көтерген болатын, – деді Көкшетаудағы №5510 әскери бөлімнің коман­дирі, подполковник Жан­болат Төле­генов. – Одан әрі ту Ақмолада жасақталған 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының жеңісті жолдарына екпін берді. Аталған дивизия Сталинград шайқасында ерлік өнегесін танытқаны тарихтан мәлім. Сондай-ақ, Курск доға­сындағы, Харьков, Мерефу, Красноград, Кировоград, Днепр, Румыния, Трансильвания, Вен­грия, Австрия, Чехословакия, тағы басқа қалалар мен елдер­ді азат ету ұрыстарында жауын­гер­лік ту алғы шепте болды. Соғыс жылдарында гвардиялық ди­визияның 18 мың жауынгері мен офицері орден, медальдармен марапатталса, 31 кісі Кеңес Ода­ғының Батыры атағына ие болды. Салтанатты жиынға қатысу­шыларды Ақмола облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов, Ауған соғысы арда­герлері кеңе­сінің төрағасы, запастағы полковник Дуанбай Ыбыраев, №5510 әскери бөлім­де қызмет атқарып жатқан жауын­герлердің ата-аналары құт­тықтады. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Көкшетау.