19 Наурыз, 2015

«Құндылықтар құлдырауы»

1602 рет
көрсетілді
32 мин
оқу үшін
Қундылык2005 жылы «Егемен Қазақстанның» редакциясына Еуропадағы белді мемлекеттердің бірінің астанасынан хат келген. Бүкіл әлем­дегі баспасөз атаулыға баға беріп, лайық­тыларына бәйге үлестіріп, құрметті атақ таратып отыратын ұйым көрінеді. Сапалы қағаз­ға басылған сәнді бланкіге ширатып тұрып қолын қойған ұйым басшысы әуелде кеңестен кейінгі кеңістікте сөз бостандығын қамтамасыз ету жөнінде жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын айтады, содан кейін ол үдерісте тәуелсіз Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарының алар орны бөлекше екеніне тоқталады, одан кейін бұл игілікті іске еліміздің іргелі басылымы ретінде «Егемен Қазақстан» газеті үлкен үлес қосып отырғанын жазады, одан кейін барып газеттің экономикалық реформалар барысын көрсетудегі шығармашылық ізденістері айрықша сәтті екенін атап өтеді. Соларды айта келіп, біздің газеттің аталмыш номинация бойынша халықаралық жүлдеге лайықты деп танылғанын хабарлайды. Аң-таңбыз. Қазақ тіліндегі газеттің елдегі экономикалық реформалар барысын қалай көрсетіп жатқанын олар қайдан біле алады? Ұдайы ағылшын тіліне аудартып отыра ма сонда? Іс жүзінде мүмкін нәрсе емес қой. «Бақсам, бақа екен» дегендей, хатты әрі қарай оқысақ, мәселенің мәнісі басқада екен. Жаңағы сыйлықты алу үшін біз әлгі ұйымның атына бірнеше мың еуро ақшаны алдын ала жіберуіміз керек екен, оған қоса екі адамнан тұратын, сол қалада үш күн болатын делегация жасақтауымыз керек екен, сол екі адамның ұшаққажелательнобизнес-класс» деп те жазып қойған), қонақ үйге (бес жұлдызды болғаны жөн екені ескертілген) жұмсалатын шығындарын төлеуіміз керек екен. Осыларды жасасаңыз болды, басылымыңыз халықаралық сыйлықтың жүлдегері болып шыға келеді. Әрине, рахметімізді айтып, бас тарттық. Сол тұста жаңағы жүлдеге біздегі бір баспа ие болды. Тегі, олардың кітаптары ағылшын тіліне аударылып, бағаланып тұрған сияқты Бұл нені көрсетеді? Бұл біздің атақ­құ­марлығымыз, даңғазалы даңққа әуестігіміз өзімізді, ТМД кеңістігін қойып, дүйім дүниеге белгілі бола бастағанын көрсетеді. Осы жай халқымыздың қадірменді азаматы, рес­публикамыздың Денсаулық сақтау министрі қызметін талай жыл бойы абыроймен атқарған қайраткер тұлға Төрегелді Шармановтың редакцияға жолдаған «Құндылықтар құлдырауы» атты мақаласы қолға түскен кезде бірден ойға оралған еді. 13 нау­рыз күнгі нөмірімізде жарияланған ол мақала қастер тұтуға тиісті құндылықтарымыздың құлдырауы ғылымдағы арзан атаққұмарлық ауруына апарып соқтыра бастағаны жөнінде жан ауырта сөз етеді. Содан бергі күндерде редакцияға телефон соғып хабарласушылар, осы тақырыпты жалғастыру ниетін білдірушілер көп болып тұр. Олардың арасында елге танымал халық қалаулылары да, ғылымның айтулы өкілдері де, білім саласының мамандары да бар. Мына бір жайға назар аударғымыз келеді. Т.Шармановтың мақаласы негізінен ғылымдағы атаққұмарлыққа арналғаны рас. Бірақ, атаққұмарлық тек ғылым саласында ғана көрініп отырған жоқ. Атаққұмарлық бітпейтін де қоймайтын мерейтойлардан, қызмет бабын пайдаланып ғалым атанып қалуға құмарлықтан, аста-төк дастарқаны мың адамға дейін жайылатын тойжарыс­тан, «Атамның аты ауылға, көкемнің аты көшеге» деп ата-баба аруағын арзан дауға салушылықтан, мынандай күрделі кезеңде де қайткенде қымбат көлік міну бәсекесін тоқтатпай тұрған даралықтан да, ең бастысыкісілік көркі кішілік деп білетін, «Қоя жесең қой қалады, тарта жесең тай қалады» деп мақалдап, үнемшілдікті үлгі ететін қазақы қалпымыздан бірте-бірте алыстап бара жатқанымыздан көрініп отыр. Мұны ашық айтпасақ болмайды. Редакция ойластырған мақалалар жа­зыл­ғанша, терілгенше, түскенше, қаралғанша, газетке басылғанша біз Төрегелді Шарманов сөзіне газет сайтын­да үнқосушылардың пікірлерін жариялай тұруды жөн көрдік. Үнқосушылардың бәрі­не азаматтық белсенділігі үшін разылық біл­діреміз.   Ал енді сайт сөзіне құлақ түрейік АКАД-2   Сәрсенбай Бірмағамбетов, Атырау облысы: – Әйгілі ғалым Төрегелді Шарманов ағамыздың бұрыннан академик екенін білеміз ғой. Бірақ, бұл жолы «Құндылықтар құлдырауы» деген мақаласындағы аты-жөнінен кейін академик атағын қоймағанына бастапқыда таңдандым. Неге мұндай қадамға барды екен деген сауалға жауап табу үшін мақаланы толығымен оқып шықтым. Сөйтсем, «1982 жылғы Америкаға барған алғашқы сапарымның бірі осы атаққа байланысты бір оқиғасымен есімде қалып еді. Техастағы ғалым досымның арнайы шақыруымен жолға шыққан болатынмын, ұшу кестесі өзгергендіктен бе, ұшақтан түскен бетімде қарсы алушылармен бірден кездесе алмай қалдым. Шақыру құжаттары багаждағы портфелімде қалған, енді аэропорттағы залға өтуім қажет, білетін азын-аулақ ағылшыншамды салып, алдымды бөгеген полицияға: «Шақырумен келген академикпін» дедім. Сөйтсем, полициялық түнерген қалпынан еш өзгермейді, сөзімнің, тіпті, ешқандай әсері болмады. Мен осы сәтте қалған ағылшыншамды жинап: «Мен дәрігермін» дедім. Полициялықтың бірден түрі өзгеріп, жүзі жылып сала берді. Постқа барып, «бұл дәрігер, жіберіңдер», деп бөгелген жолымды ашып, құрмет көрсеткен еді. Бұл жайт олардың қоғамында «аты бар, заты жоқтың» бұрыннан-ақ қалыптасқандығын көрсетеді. Біз де көп ұзамастан, солардың кебін кидік, нәтижесінде, қазір көбінесе, «академик» деген атақты есіміме қосып айтуға ұялатын дәрежеге жеттім. Ғылымда жарты ғасырдан асатын уақыт бойы үздіксіз еңбек етіп, иеленіп келе жатқан абыройыма нұқсан келетіндей болып көрінеді» деп Төрегелді ағамыздың өзі мен секілді көптеген оқырманның көкейіндегі сауалына жауапты тауып беріп отыр. Төрегелді ағамыз осы мақаласында көпшілікті толғандыратын толғақты мәселеге – әсіреатаққұмарлыққа әуес­тіктің кең тамыр жайғанына кеңінен тоқта­лып отыр. Ғалым ағаның айтуы өте орын­ды дейтін себебім, соңғы кездері қазақ қоғамында атаққұмарлық тым-тым асқынып барады. Екінің біріне ұлт­тық, елдік мүддеге еңбегі сіңгеніне, сіңбегеніне қарамастан, елуге, не алпыс­қа толуына орай ауданның, облыстың құр­метті азаматы деген атақ шүлен үлес­тірілгендей тоқтаусыз беріліп жатыр. Тіпті, аудан, облыс әкімінің алғыс хатын алуға таласатындар көбейіп барады. Қайбір кәсіпорынды басқаратындар халықтың мұң-мұқтажы үшін бірде-бір мәселе шешуге ықпал етпесе де аудандық, облыстық мәслихаттың депутаты болуға құмар-ақ. Мәслихаттың депутаты деген атақты иеленгеннен кейін тау қопарған Толағайдай кердең қағып жүреді. Егер сол депутаттар бір мәселенің оң шешілуіне ықпал етіп жатса, әрине, олардың депутат болуына еш қарсылығым да, таласым да жоқ. Өкінішке қарай, жергілікті мәслихаттардың депутаттары мәселе шеше алады дегенді естіген емеспін. Құрметті азамат дегеннен шығады, осыдан 7-8 жыл бұрын Атыраудың бір ауданын басқарған бір азамат өзі әкім болып тұрған ауданның құрметті азаматы атағын иеленгенін жергілікті баспасөзден оқығанда таң қалғанымыз бар еді. Сонда сол әкім аудандық мәслихаттың депутаттарына: «Айналайындар, қойыңдар, бұларың ұят болады, мен әкім лауазымынан кеткеннен кейін беріңдер осы атақты» деуге жарамаған ғой. Міне, біздегі халыққа жақын болатын әкімнің атаққұмарлыққа ашкөздігінің көрінісі! Мұндайға тағы бір мысал келтірер болсам, ақшалы кәсіпкерлер өз ауылынан мешіт ашады да, оған көзі тірі әкесінің есімін береді. Оның әкесі иман жолында жүрген діни сауатты ма еді? Көбінің әкесі кезінде қызыл коммунист болғаны жасырын емес қой. Тегінде, Төрегелді ағамыз айтқандай, құндылықтар құлдыраған сәтте «құрметті азамат» секілді атақтардың да құндылығы төмендейтін шығар. Бақыт: – «Азат» қозғалысының облыстық бөлімшесінде мүше болып жүргенде, республикалық ұйымды әр жылдары басқарған Шорманов, С. Ақатай, К. Ормантаев, Ж. Бабалықов, Дәрімбетов секілді ағайлардың етегінен ұстап, көп тәлім-тәрбие алған едік. Осы санаттағы ғұламалардың бірі – Төрегелді ағамыз. Белгілі журналист Г.Сәдірқызының ол кісімен жүргізген сұх­баты қандай керемет десеңші! Отандық өнімді сатып алуға түйінін жасайтын мақаланы айтып отырмын. Әр сөзінде кесек ой, тәлім, тағылым жатыр. Ұлттық құндылықтармен қиыс­тыра біледі. Мына мақала айызымды қандырды. Шіркін-ай, әкімдіктердің маңдайшасына іліп қойса ғой! Арнайы лекция ретінде оқытса…Неткен қарапайымдылық, кішіпейілділік десеңші. Ешбір жасанды қоспасы, көлгірсуі жоқ тұнық ойлар жатыр сөз танитын адамға… Төреғали Өткелов, ардагер теміржолшы, Ақтөбе қаласы: – Академик Төрегелді Шарманов ағамыз соңғы кездері елдіктің мәселесін көтеріп, бойымызға дендеп еніп кеткен кертартпалық әдеттерді орынды сынға алып жүр. «Құндылықтар құлдырауы» деген мақаласын оқып, қоғамдық дамуды тежейтін жаман әдеттердің әлі де қапталдасып қалмай келе жатқанын ұқтық. Осы жанға батты. Қазір елдің тұрмысы түзелді. Дегенмен, тойшылдық деген бәсекеге, жарысқа айналып барады. Әрине, өмір болған соң қуаныштарды атап өту керек. Бізде аста-төк рәсуаға жол берушілік басым. Қазір 500-1000 орындық тойханаларға той жасау дәстүрге айналды. Тіпті, кей жерлерде жас жұбайлардың тойхананың ішіне қымбат автокөліктермен кіруін көргенде, астамшылық осыншалықты дәрежеге дейін жеткеніне жағаңды ұстайсың. Ол автокөлік сырттан не басып келгенін бір құдай білсін. Тіпті, жақында теледидардан жас жұбайлар отырған автокөліктердің алдыңғы терезесін еліміздің көк байрағымен жауып алып, көшені аралап жүргенін көргенде, не таң қаларымызды, не күйінерімізді білмедік. Қасиетті көк байрағымызды қай жер болса, сол жерге пайдалану ұлттық намысымызға тисе керек-ті. Бұдан бұрын жас жұбайлар кортежін кабинадан шығып тұрып, бейнетаспаға түсіруге тыйым салынған сияқты еді. Енді, міне, одан сорақысы шығып отыр. Академик ағамыз айтқандай, балаларының тойларын банк­тен несие алып жасап, құтыла алмай кейін баспанасынан айырылу жәйттері жетіп-артылады. Одан келеді де, Үкімет баспана бермейді деп билікті кінәлайды. «Көрпесіне қарай көсілсе» әсте де бұлай болмас еді деп ойлаймын кейде. «Аттыға еремін деп, жаяудың таңы айырылыпты» дегендей, бұл жарыстың арты ысырапшылдыққа соқтырып отырғанын да жасырудың реті жоқ. Шыны керек, қазір үйлену немесе мерейтойларды былай қойғанда, баласының сүндет тойын, мектепке баруын, институт бітіруін рес­торандарда дүркіретіп өткізу әдетке айналып барады. Бұрынғы 60,70 жас мерейтойларын былай қойғанда, 30,40 және 50 жастарын тойлау әдетімізге әлдеқашан еніп кетті. Бұл бір жағынан алтын уақытты алса, екінші жағынан ұзақ сарсылып отырудан денсаулыққа да зиян келтіретінін түсінуден қалдық. Сонан кейін белгілі әншілерді шығынданып шақыру, той үстінде ақша лақтырудан жарысу да жақсылық дей алмас едім. Тіпті, бір тойда кәсіпкер жігіттің билеп жүріп, бес жүздік бір бума ақшаны шашқанын да көзіміз көрді. Бұл байлық па, бай екенін көрсету ме, әлде дарақылық па өздеріңіз пайымдай беріңіздер. Сол жігіттің алдына мүсәпір біреу барып, көмек сұраса, сол қаржыны қимайтыны шындық. Бұл жұрт көзіне «Атымтай жомарт» болып көрінудің келеңсіз көрінісі дер едім. Содан кейін той басқаратын асабалар да жұртты ыңғайсыз жағдайларға қалдыратыны бар. Нағашылар сөйлесе, нағашыларынан, жиендері сөйлесе жиендерінен «Қане, кім мырза» деп қылқиып тұрып алады. Кейбір жоқ-жұқана адамдар жұрттан ұялып зейнетақысынан, азғантай айлығынан жырып солардың қолына ұстатады. Олар болса, аузына не келсе соны айтып, ақша тапқандарына мәз. Әрине, асабаның бәрі солай деуден аулақпын. Көбіне тән жағдай екені жасырын емес. Тойдың көптігі жақсы. Дегенмен, соңғы кездердегі асыра тойшылдық тамырын тереңге жайып, берекетсіз болып бара жатқаны жаныңа батады. Қаладағы жүздеген тойхана жетпей жатады, бір ай алдын ала кезек алып қоюың керек. Сонда қара есепке салсаңыз да сенбі-жексенбіде он-он бес мың адам той тойлатып жүреді екен. Қазір жұмыс күні де той жасауға көштік. Тойдың да сәнімен, салтанатымен болғаны жақсы. Тойға келген үш жүзден астам адам сөйлеп болғанша, сарылып отырғаның, тамаққа да тәбетің қашады. Мен тойтабақ дегенге де қарсымын. Сол тойтабақтағы дүниелер күнделікті тұрмыста кәдеге жарамайды. Бір жерде пайдаланылмай қалады. Қоқысқа тасталатыны да бар. Қазақтың тойы жиналыс деп, дарақылық деп жататыны да сондықтан болар, бәлкім. Жасұлан, Тараз қаласы: – Мақала авторы, белгілі академик Төрегелді Шарманов қоғамның құлдырап бара жатқан тұстарының бірін дәл тауыпты. Расымен де, бүгінде атақ үшін жарыс басталып кеткендей күн кешудеміз. Ал сол атақтар, әсіресе, ғылым саласындағы атақтар не үшін керек болды екен, егер сол ғалым ойлап тапқан жаңалық отандық өндірісте, медицинада немесе техника саласында нәтиже бермесе. Міне, біздің ұтылып жатқан тұсымыз осы. Атағы дардай, ал артында тындырған ісі қағазда ғана сайрап жатыр. Сонымен қатар, кітап шығару да салт-дәстүрге айналып кеткендей. Тіпті, қайтыс болған адамның жылдық асына сол кісі немесе отбасы туралы кітап шығарып, тарату да бәйгеге түсіп кетті. Кітаптың қадірін де осылайша түсіріп жатырмыз. Той туралы айтпай-ақ қойсақ та болады. Бұл даңғазалықты енді тоқтату мүмкін емес сияқты. Бекем Бекұлы, Батыс Қазақстан облысы: – Төрегелді ағамыз тағы да бүкіл халқымыздың көкейіндегі мәселелерді дөп басқан. Иә, азын-аулақ ғылыми еңбекпен-ақ «академик» атанып жүргендерден елге нақты қандай пайда келіп жатыр? Осыны тексеріп, зерттеу қажет деп есептеймін. Ал бизнеске бейімделген «академияларға», яғни батыстық айлакерлік бизнеске сөзсіз тойтарыс беру үшін Ұлттық қауіпсіздік комитеті іске кірісуі керек. Өйткені, ондайлар Төрегелді ағамыз жазғандай, қоғамдық сананы теріс бағытқа әкетуде. Бұл дегеніңіз мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан ғой. Маржан, Жамбыл облысы: – Мұндай соны мақаланы соңғы кездері атаққұмарлықтың кесірінен қазақ халқының қай салада да өсіп, өркендеуіне тұсау болып жүрген «ғылым иелеріне» қарсы атылған алғашқы оқ деп бағаладым мен. Өйткені, ел ішінде айтылып, сынға ұшырап жатқанымен, қоғамның алдына мәселе етіп қойылмаған болатын. Т. Шарманов ғылым жолының соқтықпалы соқпағын жете түсінетін тұлғаның бірегейі. Сондықтан өзі біте қайнасқан саланың былық-шылығына жаны шыдамаған болар. Онысы өте дұрыс. Бастысы, барлық істе бағдар болатын ғылым түзелмей, сол салада жалған атақ пен пендеәуи құндылықтар үшін ғана жүргендер түзелмей қазақ көшінің заман бетбұрысынан алыстап қалатыны сөзсіз. Мөлдір Кәрімжанқызы, Тараз қаласы: – Академиктің аузынан шыққан әрбір сөз шындықпен астасып, қоғам тамырын дөп басқан. Осылайша, елді жайлаған жалған атаққұмарлық дертінің қаншалықты өршіп тұрғанын ескертіп, оны жоймаса жағдайдың мүшкіл екенін аңғартқан. Бұл мәселе үлкен мінберлерден көтерілетін қоғамдық дерт. Қуат Жамал, ұстаз, Ақтөбе қаласы: – Шынында қазір есепсіз ғалымдар көбейіп кетті. Алайда, білім сапасы неге төмен деп ойласаң, осындай атағы бар да, ғылыми негізі жоқ ғалымдар жоғары оқу орындарында сабақ берген соң не жорық? Көпке топырақ шашпағанмен, жоғары оқу саласында әлі де ойластырар жәйттер жеткілікті. Қолымызбен ұстамасақ та, жоғары оқу орындарының оқытушылары пара алады дегенді оқып та, естіп те жүрміз. Ал тағы да атаққа айналып соқсақ, ғылыми атақты былай қойғанда, облыстың, ауданның құрметті азаматтығына да кім көрінген өтіп кетіп жатады. Олардың елге сіңірген еңбегін де біліп жарытпайсың. Жалпы, облыстың, ауданның, қаланың құрметті азаматы дегендерді қойса да болады. Бұл да атақ алу жарысын қыздырып тұр. Тіпті көшелерге атасының, әкесінің атын сұрау да дағдыға айналуда. Мен мұны қызғаныштан айтып отырғаным жоқ. Мұндай әдеттің бізді бәсекелестікке, біреудің біреуден артық болсам деген пиғылын туғызатынына байланысты айтып отырмын. Жақында бір тың көтеруші азаматпен кездесіп қалдым. «Тыңның 60 жылдығы» медалін алмағанына ренішін білдірді. Сөйтсе, тыңға қатысы жоқ азаматтар алған да ол сырт қалған. Көрдіңіз бе, атаққұмарлықтың арты қандай екенін. Мұндай атақтар лайықты адамдарға беріліп жатса, қане. Сондықтан құрметті атақтарды алу да жарысқа айналуда. Тіпті, кейбіреулердің осындай атақтарды өздері барып, сұрап алады деген де өсек өріп жүр. Тағы бір мәселе, қазіргі діни нанымға байланысты. Қажы атану да түк болмай қалды. Кезінде жаяулатып, арып-ашып баратын қасиетті Қағбаның есігі қазір қалталы азаматтардың қыдырып, атағын шығарып қайтатын сапарына айнала бастағанын да көріп жүрміз. Қаржым бар деп жыл сайын қажылыққа барып, мұның да бәсін түсіре бастадық. Енді бір сөз садақа туралы болмақ. Қазір садақа той сияқты өтетін болды, бастан-аяқ сөз сөйлеу, аста-төк дастарқан жарысы. Мөңке би бабамыз «Өлім қойдай болады, садақа тойдай болады» деп осы заманды болжап кеткен екен. Қазір де баршылық деп тойдай шашыламыз, жарыса сөйлейміз. Бұл қалай сонда? Динара, Орал қаласы: – «Заманына қарай адамы» деген нақыл сөз бұл мақалаға дәл келетіндей. Өйткені, мақалада айтылған ащы шындық көкейде жүрген ой, бүгінгі күннің басты мәселесі десе болады. Бұл күнде жарнама бизнесіне ай­налған заманда барлық нәрсеге қалтаңда қомақты қаржың болса ғана қиналмай-ақ, кол жеткізе алатынға жеттік. Кешегі оқу-білім қуып, ғалым болған талай данышпандарымыз тер төккен ең­бектеріндей ізденімпаздық ХХ ғасырдың еншісінде қалғандай. Мақаладағы сүйектен өтер сүбелі сөздер әрбір оқырмандарды ойландырары белгілі. Дегенмен, ойланып қана қоймай, заманның басты белгісіне айналған осындай қынжылыстан шығар жол іздеп, құндылықтардың құлдырауына жол болдырмау әрекетіне көшсек жөн болар еді. Мақалада айтылғандай, барлық игі жұмыстарды оңай жолмен игерер болсақ, бұған дейінгі дүйім даналарымыздың еңбектеріне обал болмай ма, сондай-ақ келер ұрпақты ақсаусақ, еріншекке айналдырарымыз анық. Осындай шындыққа толы мақалалар БАҚ беттерінде көптеп жарияланса, шын­дықты айтып шырылдайтын қандас­тарымызды көретін көз бен еститін құлақ та табылары хақ. Заманның Елбасы бастаған Нұрлы жолға, Нұрлы бастамаға апарарына сенеміз. Аман, Батыс Қазақстан облысы: – «Егеменнің» қашанда сойылы салмақты, сыны өткір ғой. Мына мақала да батпан жүк арқалапты. Қазіргі қоғамның асқынған дертін жалаңаштап көрсетіпті. Оны сылып тас­тай алмағанмен, емдеуге көп болып кірісу қажет. Заманында Мөңке би: «Мен қауіп еткеннен айтамын» деп жырлағаны секілді, жұрттың көңілінде жүрген қауіптің бірі осы ғой. Даңғазалық, мақтанқұмарлық, атаққұмарлық биліктің түбіне жетпесе игі. Бұл алдымен Білім және ғылым министрлігінің жіберген кемшілігі. Албардан академия, үйшіктен университет жасап, жалған диплом мен ғылыми атақтарды оңды-солды таратуға олар көз жұма қарамағанда мұндай дәрежеге жетпес едік. Нақты ғылымды дамытудың орнына, жалған ғылыммен айналысуға олар тыйым сала алмай отыр. Жаңабек Жақсығалиев, Орал қаласы: – Ұлтымыздың абыз ақсақалы, академик Т.Шармановтың бұл жолы көтеріп отырған тақырыбы бұған дейін де қоғам тарапынан сан мәрте қаузалған мәселе. Сөздің шыны керек, біздің буын рухани құндылықтар мен материалдық игіліктер аясындағы қарама-қайшылықтар барған сайын шиеленісе түскен дүбәра қоғамда өмір сүріп жатыр. Ашып айтсақ, күн өткен сайын ақ пен қараны, адал мен арамды, жақсы мен жаманды айыру қиын болып бара жатқандай. Иә, Т.Шарманов дұрыс айтады. Дардай академиктердің теледидардан екі ауыз сөздің басын құрай алмай міңгірлеп тұрғанын көргенде, ұяттан жерге кіріп кете жаздайсың және сондай жандардың атаққұмарлыққа өлермендене ұмтылатындығына қайран қаласың. Біздіңше, бәрін нарыққа ысырып, «жауырды жаба тоқуға» болмайтын сияқты. Мүмкін болса мемлекет тарапынан осындай бей-берекетсіздік пен рухани азғындықты тізгіндейтін қатал шаралар керек-ақ. Қысқасы, мемлекет қисапсыз «тойханаларды» ұлағат ұясы саналатын «ойханалармен» алмастыру үшін оқу-ағартушылық бағыттағы жобаларды жедел қолға алуы керек. Осы ретте академик Т.Шарманов 1937 жылы орыстың ұлы ақыны Пушкиннің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында ақынның шығармашылық жинағы орасан зор таралыммен шығарылғанын тілге тиек етіпті. Иә, құптарлық пікір. Жақында ғаламтордан мынаны оқығаным бар: қазақ баласы білуі керек қазақ классик жазушыларының 50 шығармасы және олардың атын-атап, түсін-түстеп қойыпты. Соларды жүздеген мың данамен шығарып, т.с.с. игі істердің басын қосып, кешенді жобаларды мемлекет неге қолға алмасқа?! Мұның бәрі, академик ағамыз айтқандай, өскелең ұрпақтың көңіліне жетіп, көпшілікке бір мезгіл терең ой түсіп, ұлттық санаға үлес қосатын келешекті іс болар еді. Ибрагим, Атырау облысы: – Бұл өзі көптің көкейінде жүрген тақырып еді. Төрегелді ағамыз орынды талдау жасап, қазақтың менталитетіне жат әсіреатаққұмарлықтың жастардың санасына әсер етуі мүмкіндігін жоққа шығармайды. Шындығында, қазірдің өзінде жастардың санасы атаққұмарлыққа уланып болды. Бұған мынадай дәлел келтіре аламын: әредік болса да әлеуметтік желіге кіргенде жастардың елімізге танымал мәдениет, өнер, шығармашылық саласындағы тұлғалармен түскен суреттерін салғанын байқап жүрмін. Жас буынның мұндағы ойы танымал тұлғалармен түскен суреті өзінің абыройын көтеріп, бедел жинау. Бірақ сол суреттің астында «Сен бұл адамның қасында тұруға лайық емессің» деген секілді пікірлер жазылып жатады. Тіпті, танымал тұлғалардың атына сын айтылады. Қазір әлеуметтік желі жастардың осындай суретіне тұнып тұр. Әншімен де, бишімен де, ақынмен де, әртіспен де суретке түспе демейміз. Түсе бер, бірақ оны әлеуметтік желі арқылы жариялап не қажеті бар? Отбасылық альбомда сақтауға болмай ма? Әлде танымал тұлғалардың қасында түскен суреттермен танымалдылыққа ұмтылудың астарында біз білмейтін бір сыр бар ма? Елдос Ермекұлы, Атырау облысы: – Өте орынды қозғалып отыр. Қазір мерейтойлар мен үйлену, қыз ұзату тойларындағы бәсеке өз алдына, енді мола салуда да бәсеке қызып тұр. Тірі кезінде ешкімнен дараланбаған қарапайым әкесі мен шешесі о дүниелік болған соң олардың моласын өзгелердікінен ерекшелеп салуға бейімдік байқалып жүр. Қалталы, былайша айтқанда, байшыкеш балалары ата-анасының моласын қызыл кірпіштен тұрғызып, айналасын атшаптырым етіп темір қоршаумен қоршайды. Тіпті, бір адамның моласының төрт бұрышына арыстанның бейнесін орнатып қойғанына не дерсіз? Соңғы кездері әкесінің не анасының өмірден өткеніне бәлен жыл өтті деп ас беру, онда неше түрлі ат бәйгесін ұйымдастырып, бірнеше машина тігу белең алып барады. Бұл енді байлықты көрсету, шашпашылыққа жол беріп, арзан атаққа ие болу екенін сол асты өткізгендер түсінбейтіні өкінішті. Одан да ақшасы көп болса, жетімдер үйінен ата-ана қамқорлығынсыз қалған жәудір көздерді асырап алып, жоғары білім алып берсе, үйлендіріп, баспанамен қамтыса, сауапқа қалмас па еді! Бірақ араны арзан атақты малдануға ашылған байшыкештер мұны қайдан түсінсін? Арман, Тараз қаласы: – Шынында айдалада жатқан батпан құйрық жоқ. Қайбір жылдары облысымыздың маңдайалды, жұмысы жүріп тұрған бірқатар кәсіпорын, мекемелеріне шетелден хат келген. «Сіз немесе Сіз басқаратын кәсіпорын пәлен деген атаққа ие болды, өздеріңізбен бәсекелес кәсіпорындардың ішінен сіздердікі үздік деп танылды» деген хабарға басшылар қалпақтарын аспанға атып қуанып, алақайлап жатты. Бір қызығы, мұндай жеделхаттар қаладағы барлық «мен» деген кәсіпорындарға келген. Ал бәрінің үздік болуы мүмкін бе? Кейіннен белгілі болды ғой, ол атақты алу үшін қаражат шығындап, шетелге баруың керек, солар айтқан қымбат қонақүйде жатуың керек, ең сорақасы әлгі жүлдені мол ақша жұмсап, сатып алуың керек екен. Осындай да бәсеке, осындай да атақ бола ма? Не масқара? Шынында мына мақалада Төрегелді ағамыз турасын айтыпты. Қазір академиктер көп. Шетелдің біз білмейтін академиясының мүшесі болып жатыр. Соның көбі тек ақшаның арқасында мүмкін болуда. Осыдан барып Төрегелді ағамыз мына мақалада жазғандай ғылымның беделі түсуде. Тіпті, жақында бұрын атын естімеген бір кісі шетелдегі бір жазушылар одағының мүшесі болғанын жергілікті газеттер жазып жатты. Бұл сондай қулардың ісі екені айдан анық. Бұл мақаланың көтерер жүгі көп. Адамға ой салады. Жұмасейіт, Тараз қаласы: – Біздің қазақта мақтангершілік көп. Той көп. Мектеп бітіргендердің 10, 20, 30, 40 жылдықтары деген тойлар да қазір дүркіреп өтетін болды. Тіпті, мектеп басшылары даталы түлектерден бірнәрсе дәметіп отырады. Бірнәрсе сыйласа екен, бірнәрсе берсе екен дейді ғой қу құлқындары… Мектепке сыйланған тігін машинасы, орындықтар, басқа да аспаптар, жабдықтар бір жылдан кейін-ақ директор мен мұғалімдердің талан-таражына түсіп, бөліп, үйлеріне әкетіп қалғанын да көріп жүрміз. Бұл әшейін құр даңғазалық. Құрдастар бір жерде бас қосып, мұғалімдерін орталарына шақырып, дастарқан басында өткен-кеткенді еске алып, сырласып жатса, қанеки… «Ойбай, былтырғы түлектер мектепке 500 мың теңгенің жабдығын сыйлапты, біз одан асып түсуіміз керек» деп, бар күшті сол сыйлыққа жұмсайды. Құр мақтангершілік, құр ышқыну, шамасына қарамай шабыла беру, әйтеуір… Нұрсәулет, Атырау қаласы: – Арманның айтуы дұрыс, мұндай жағдай біздің Атырауда да болған. Оны осында бірлескен кәсіпорынды басқарған басшының аузынан естідік. Атыраудағы мұнайшылар таласып-тармасып, шетелге баруға ұшаққа билетті өзі сатып алып, қымбат қонақүйге қалтасынан ақша төлеп, сонан соң шетелдік медальді сатып алуға және ақша төлеп, ой, бір шашылды. «Бір жылы анау алыпты, екінші жылы мынау алыпты, үшінші жылы екі-үшеуі қатарынан алыпты» деген ақпараттар газеттер бетінде дүңкілдеп шығып жатты. Солардың бәрі мұнай саласындағы кәсіпорындардың басшылары еді, бірақ ешқайсысы сол медалін тағып жүргенін көрмедік. Осындай ақшаға сатылатын марапаттар көбейіп барады. Енді қоғамдық бір ұйымның «Халық мұғалімі» деген атағы берілетін болыпты. Былтыр Атыраудағы жекеменшік мектептің директоры алған екен, енді жақында сол «атақты» гимназияның директоры алыпты. Өстіп, мектеп директорлары арасында осы «атақты» алуға бәсеке туғалы отырған секілді. Бір гимназия директорының бірде докторлық диссертация қорғап, сонан соң қоғамдық ғылымдар академиясына мүшелікке қабылданғаны да бар. Сол секілді, мәслихат депутаттарының бірі былтыр Мәскеудегі академияға мүшелікке қабылданғаны да газетте жазылды. Осының бәрінен құр мақтаншылықтың иісі сезіледі.