14 Ақпан, 2015

Ассамблея мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуді ұсынды

289 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

0000-nazarbaev-2

АСТАНА. 14 ақпан. Қазақстан халқы Ассамблеясы биыл мерзімінен бұрын президент сайлауы өткізуді ұсынды. Бұл туралы «Радиоточка» хабарлады. Парламент Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутат Ахмет Мурадов «Радиоточка» тілшісіне Ассамблеяның президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы бастама көтеріп отырғанын жеткізді. «Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің отырысы болып, онда бұрынғы сенатор, қазіргі Ассамблея төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков сөз сөйледі. Өз сөзінде Анатолий Афанасьевич кеңестің қолдау білдіруімен Ассамблея атынан 2015 жылы кезектен тыс, мерзімінен бұрын Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын өткізу жөнінде бастама енгізді. Үндеу кеңестің атынан қабылданып, дауыс берілді», - деді Ахмет Мурадов телефонмен агенттік тілшісіне. «Бұл неден туындап отыр?», - деген сұрақ қойылды тілші тарапынан. «Мәселе мынада, 2016 жылы Конституцияға сәйкес, Президент пен Парламент сайлаулары өтуге тиіс. Сол Конституция бойынша, бір жылдың ішінде бұл екі науқанды қатар өткізуге болмайды. Бұл – бір. Екіншіден. Сіз түсінесіз бе, оны жұрттың бәрі біліп отыр, қазіргі таңда оқиғалардың қаншалықты жылдам қарқында дамып бара жатқаны сондай, 2016 жылы оның «шыңына» шыққан кезде екі бірдей науқанды өткізу сайлаушылар үшін де, саяси жүйе ретінде мемлекет үшін де өте ауыр жүк болмақ», - деп түсіндірді Мәжіліс депутаты. Ахмет Мурадовтың сөзіне қарағанда, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелеріне мұндай шешімді уақыттың өзі қабылдаттырып отыр. «Нұрсұлтан Әбішұлы, байқайсыздар ма, өткен жылдан бері тұрақты түрде ұдайы әртүрлі бастамалар көтеріп келеді, осыған орай Үкімет пен Парламент синхронды режиммен жұмыс жасауда. Біздің «Қазақстан – 2050» Стратегиямыз арқылы болашақ болжанып, экономикалық реформаларымыз, шағын және орта бизнесті қолдау, инвестициялық климатты жақсарту жайларына қатысты мәселелері заңнамамен қарастырылған «Нұрлы жол» атты жаңа экономикалық саясатты жүзеге асыру қолға алынды. Мұның бәрін табысты түрде жүзеге асыру бір жағдайда, біз қоғамдық келісімді, ұлттық бірлікті, ұлт лидері мен халық бірлігін қамтамасыз еткенде ғана мүмкін болады», - деп атап өтті ол. Депутат бұдан әрі Қазақстан халқы Ассамблеясының өз Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа қолдау көрсететініне тоқталды. Ол сондықтан да тап осындай инициативамен жұрт алдына шығып отыр. «Қалай ойлайсыз, сіздердің ұсыныстарыңыз қабылдана ма?» «Біз өз ұсынысымыздың қабылданатынына үміт артамыз. Мұның үстіне, ол кеңестің шағын шеңберінде ғана қабылдана салған жоқ. Шешім сайлаушылардың, Ассамблея депутаттарының, біздің этностық топтарымыз мүшелерінің көптен-көп тілектері мен ұсыныстары негізінде қабылданды. Кең ауқымда алғанда, Қазақстан халқы Ассамблеясы – Қазақстанның барлық халқы есептес. Бұл тезисті ешкім жоққа шығара алмайды», - деді мәжілісші. Ахмет Мурадовтың пікірінше, бүгінгі күні еліміздің басты стратегиялық жоспарларын жүзеге асырудың шарттарын жасап алудың маңызы зор. «Біз сонымен бірге осы кезде өзімізге сырттан да, іштен де әртүрлі көптеген ықпал етушілік бар екенін байқап жүрміз. Сондықтан біз қолда бар нәрселеріміздің бәрін қазір алға қойған міндеттерімізді еш алаңсыз іс жүзіне асыру үшін бекемдеп алуымыз керек. Өзіміздің басты стратегиялық бағдарламаларымызды жүзеге асыру үшін экономикалық, саяси, керек десеңіз, моральдық-психологиялық базамызды жасап алуымыз керек», - деп түйіндеді депутат. Сәкен Майлыбай. Дерек: Радиоточка.