14 Ақпан, 2015

«Барыстың» жағдайы нашарлап барады

471 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Сибирь-Барыс сурет 03АСТАНА. 14 ақпан. «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейдің «Сибирь» командасына қарсы өткізіп, 0:4 есебімен жеңіліп қалды. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Новосибирскіде өткен ойын хоккейден гөрі шаршы алаңдағы боксшылардың айқасына көбірек ұқсады. Ол үшін жалпы ойын барысында қос команда хоккейшілері алған айып уақыты 104 минутты құрағанын айтсақ жеткілікті. Тартыс айдын иелерінің шабуылымен басталды. Олардың алғашқы минуттардағы бұл ұмтылыстары нәтижесін беріп, 4-минутта Ярко Коскиранта сібірлік команданы алға шығарды. Ойынның 8-минутында қонақтар сапынан Оскарс Бартулис қарсыласының басына өте қауіпті соққы жасағаны үшін дисциплинарлық айып уақытымен жазаланып 12 минутқа айдыннан қуылды. Уақыт өткен сайын айдындағы басымдығын күшейткен сібірліктер 12-минутта екінші шайбаларын соғып, үзіліске айқын басымдықпен аттанды. Голдың авторы - Сергей Шумаков. Өз кезегінде «Барыс» хоккейшілері алғашқы кезеңде тек дөрекі ойындарымен ғана есте қалды. Бартулистен бөлек, бұл кезеңде команда капитаны Брэндон Боченски төрешімен дөрекі сөйлескені үшін ойын соңына дейін айдыннан қуылды. Бұл кезде ойынның 19-минуты өтіп жатқан болатын. Екінші кезеңде Андрей Назаров команда құрамына өзгеріс енгізіп, бірінші бестікке Боченскидің орнына Талғат Жайлауовты шығарды. Сондай-ақ, Константин Руденконы да алғашқы бестікке қосып, Найджел Доусты Николай Антроповтың қасына өткір шабуыл өтіне қойды. Десек те, бұл тактикалық шешім айтарлықтай нәтиже берген жоқ. Екінші кезеңде есеп өзгеріссіз қалғанымен, шешуші кезеңде айдын иелері тағы да екі жауапсыз шайба соғып, ірі есеппен жеңіске жетті. Соңғы екі голдың да авторы Алексей Копейкин болды. Назаров алғашқы кезеңдегі екі шайбадан кейін қақпашы Ян Лацоның орнына Павел Полуектовты шығарғанын айта кетейік. Үшінші кезеңнің соңғы бес минутында хоккейшілер айдынға тек төбелес үшін шыққандай әсер қалдырды. Алдымен, 16-минутта Доус ойын тәртібін өрескел бұзып, ойын соңына дейін айдыннан қуылса, арада бір минут уақыт өткен кезде Дамир Рыспаев та киім ауыстыратын бөлмені бетке алды. Төреші Дамирді «Сибирь» ойыншысы Виталий Меньшиковпен төбелесі үшін айдыннан қуды. Осы текетірес салдарынан Меньшиков 5 минуттық айып уақытымен жазаланса, Рыспаев ойын соңына дейін бір-ақ қуылды. Нәтижесінде, 60 минуттық тартыс барысында «Барыс» ойыншылары барлығы 89 минут айып уақытымен жазаланды. Ал «Сибирь» хоккейшілерінде бұл көрсеткіш 15 минутты құрады. Соңғы үш ойында қатарынан жеңілген елордалық команданың турнир кестесіндегі жағдайы нашарлап кетті. Яғни, Шығыс конференциясында бір саты төмен сырғып, 7-орынға табан тіреді. Қазақстандық команда келесі ойынды 15 және 16 ақпан күндері сырт айдында Хабаровскінің «Амурына» қарсы өткізеді. ҚХЛ-дың тұрақты чемпионатында «Барыстың» 5 ойыны қалды. Егер сол тартыстардан қажетті ұпай жинай алмаса, биылғы маусымда плей-офф сатысынан тыс қалуы да әбден мүмкін. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: hcsibir.ru. Сибирь-Барыс сурет 01 Сибирь-Барыс сурет 02 Сибирь-Барыс сурет 04 Сибирь-Барыс сурет 05 Сибирь-Барыс сурет 06