ҚОСТАНАЙ. 14 ақпан. Федоров ауданындағы Пешков ауылы тұрғындарының өтінішін Қостанай облыстық мәслихат депутаты Дмитрий Гусак скайп арқылы тыңдады. Бұл «Нұр Отан » партиясы мен «Қазпошта» акционерлік қоғамы бірлесіп жасаған «Интернет жеткен нүкте» республикалық жобасының тұсаукесері де болды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы мен «Қазпошта» акционерлік қоғамы облыстық филиалының бұл жобасы бірден тиімділігін көрсетті. Облыс орталығынан 120 шақырым жерде жатқан Пешков ауылынан облыс орталығына ат сабылту тұрғындар үшін оңай емес. Ауыл поштасына орнаған «скайппен» алдымен Пешков селолық округінің әкімі Әмірбек Ержанов шықты. Ол облыстық мәслихат депутаты Дмитрий Гусакқа ауылдың жиырма жыл бойы ауыз су азабын тартып отырғанын айтты. 2008 жылы геологиялық барлау экспедициясы ауылдан бір рет бұрғылағанда су ащы болып шыққан. Содан бері бұл мәселе бойынша тыныштық орнады, ауылдастар ауыз судан тарығып отыр. Облыс мәслихатының депутаты Дмитрий Гусак: «Ауыз су шалғай ауыл үшін өткір мәселе екені анық. Бұрғылау жұмысы қаржыға келетін мәселе. Сондықтан ол жерде жер асты тұщы суы бар ма, жоқ па соны біліп алуымыз қажет. Ол үшін алдымен жобалық-сметалық құжаттар керек. Аудан әкіміне, облыстық мәслихатқа, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалына ауыл тұрғындарының атынан, аудан әкімі тарапынан хат жазылу қажеттігін түсіндірді. Мен оны мәслихат сессиясында көтеремін. Сонда Пешков ауылына ауыз су құбырын тарту, тұщы су табу жұмыстарына қажетті қаржы 2016 жылдың бюджетіне жүктелетін болады», деді.
Мұнан кейін Пешков ауылының тұрғыны Рита Гузь депутатқа «ауылға көгілдір отын құбыры қашан тартылады?» деп сұрақ қойды. Пешков ауылында 2 800 адам тұрады. Бір мектеп, екі балабақша бар, жақында аурухана салынды. Осының барлығы от жағып жылытылады. Ауыл тұрғыны өркениеттің жемісін көргісі келеді. Рита Гузь: «Ауылымыз үлкен. Жас мамандар келеді, бірақ тұрақтамайды. Жастардың кетуі тоқтар емес. Бізге республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, газ тартуға мүмкіндік бар ма екен?» деді. Депутат мұның да мәселесін түсіндірді. Дмитрий Гусак: «Аудан орталығы Федоров селосына 2017 жылы газ құбырын тарту жоспарланған. Алдымен ол жерге тарату стансасын салынуы тиіс. Содан кейін ғана айналасындағы елді мекендердің газдандырылуы шешіледі. Екіншіден, Федоров пен Пешковтың арасы 25 шақырым болады. Газ құбырын тартуға бұл алыс қашықтық болып саналады, миллиондаған қаржы кетеді. Мұны да есептеу керек. Сол үшін газ құбырынан бұрын, оның жобалық-сметалық құжаттарын жасауға, сол үшін қаржы сұрауды шешу керек», деді. Сонымен қатар, депутат ауыл тұрғынына осы туралы аудан және облыс әкімдеріне хат жазуға кеңес берді.
Пешков тұрғындарының атынан Рита тағы да сұрақ қойды. Ауылда электр энергиясының ай сайын қымбаттауының себебін сұрады. Депутат бұл сұраққа жауап беруге қиналды. Ол осы сұраққа жауапты тиісті орындардан анықтап, «Нұр Отан» партиясының филиалы арқылы хабарлауға уәде етті.
Міне, айналдырға сүт пісірім уақытта алыстағы Пешков ауылының тұрғындары облыстық мәслихат депутатынан өзін ойландырған сауалдарға жауап алды. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Тлеоф: «Ауылдан тұрғындардың қол үзіп шығуы қыс айларында өте қиын. Ал олар бүгін «Интернет жеткен нүкте» жобасының арқасында «скайп» арқылы депутатымен барлық мәселе туралы пікірлесіп, сұрақтарын қойды. Енді алдағы уақытта депутаттардың «скайп» арқылы қабылдау жүргізуі аптасына бір рет ұйымдастырылып тұрады», деді.
Нәзира Жәрімбетова.
Дерек, сурет: egemen.kz.