19 Наурыз, 2015

Тмд қаламгерлерінің форумы

364 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Өткен аптада Мәскеу қаласында Еуразия елдері көркем әдебиет аудармашыларының Халықаралық ана тілі күніне және Ресейдегі әдебиет жылына арналғандөңгелек үстел форумы өтті. Осынау айтулы жиынға Қазақстаннан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жалпы тілтану мен аударма кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сараптама кеңесінің мүшесі Нұрсұлу Шәймерденова мен көкшетаулық жазушы-аудармашы, ҚХА Ғылыми-сараптама кеңесінің мүшесі Ғосман Төлеғұл арнайы шақырылды. Біз осы салада жемісті қызмет атқарып жүрген жерлесімізден сапар әсері туралы ой бөлісуін өтінген едік. Ол былай деді: – Дөңгелек үстелде көркем ау­­дар­­маның осы заманғы ахуалы, жалпыресейлік азаматтық сәй­кес­тілікті нығайту және ТМД, Еуразия халықтарының рухани­ ортақтығын қалыптастыру мақ­­са­тында көркем аударма­ны­ пай­далану, көркем әде­биет аудар­машыларының шығар­ма­шылығын дамытуға септесу сияқты мәселелер қарастырылды. Форумның жұмысына Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мем­лекеттік билік органдарының өкіл­дері, қоғам қайраткерлері, Ре­сей Жазушылар одағының мүше­лері, әдебиетшілер, көркем әдебиет аудармашылары, жоғары оқу орындарының ұстаздары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Форумды кіріспе сөзбен Ре­сей­ халықтары Ассамблеясы Ке­ңесінің төрайымы, саясаттану­ ғы­лым­дарының докторы Свет­ла­на Смирнова ашты. Ресей Ассам­блеясының біздің Ассамблеядан көп айырмашылығы бар, өйткені, ол – таза қоғамдық ұйым. Жиынға қаты­сушыларды Қырғызстан халқы Ассамблеясының атынан оның төрағасы, осы ел Ұлттық ғылым ака­демиясының академигі Бектемір Мурзубраимов құттықтады. Содан соң алғашқы сөзді Жазушылар одақтарының халықаралық қауым­дастығы атқару комитетінің төр­ағасы, Ресей Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, РФ еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ақын Иван Переверзин алды. Ол әдебиеттер мен мәдениеттердің, халықтардың арасын байланыстыратын маңызды көпір саналатын – аударма ісіне арналған осынау форумның тұңғыш рет өтіп отырғанын, мұның түрлі елдер қаламгерлерін одан әрі топтастыруға бағышталатынын тіл­­ге тиек етті. Әріптестердің Жазу­шылар одақтарының халықаралық қауымдастығы үйінде бас қосуының өзінде символдық нышаны бар, деді ол, өйткені, бұл ғимарат XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басындағы қалалық усадьбаның кешені, мәскеулік классицизм сәулет өнерінің бағалы ескерткіші болып табылады; ол кезінде ұлы жазушы Л.Н.Толстойға «Соғыс және бейбітшілік» романын жазғанда Ростовтардың үйін суреттеуге негіз болған; қазіргі біз отырған залда ақсүйектердің би кештері (бал) өтетін болған, солардың бірінде бойжеткен Наташа Ростова алғаш рет Пьер Безуховпен танысқан... Бір кезде мұнда Ресей Жазушылар одағы да орналасыпты. М.Горький атындағы Әдебиет институты ректорының міндетін атқарушы, РФ Президентінің жа­нындағы Мәдениет пен өнер жөніндегі кеңес президиумының мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Алексей Вар­ламов аталмыш оқу орнында Еуропа тілдерінен де, Азия тілдерінен де көркем аударма жасайтын мамандар даярлау жөнінде атқарылып жатқан жұмыс туралы, осыған қатысты проб­лемалар жайлы әңгімеледі. Бұл мәселеге мемлекеттік тұрғыдан келу керектігіне назар аударды, осы орайда, мәселен, Арменияда бұрыннан аударма бойынша мемлекеттік дәрежедегі мереке бар екенін еске салды. Ресей Жазушылар одағы Мәс­­­­кеу қалалық ұйымының тө­р­а­ға­сы, аудармашы Владимир Боя­риновтың «Жолма-жол аударма – әдебиеттердің өзара бір-біріне кірігуінің негізі» деп аталатын баяндамасы өте қызықты әрі практикалық маңызы зор болды. «Дружба народов» журналының бас редакторы Александр Эбаноидзе өз сөзінде Шыңғыс Айтматовтың «аз халықтың әдебиеті үлкен әлемге аударма атты сәйгүлікке мініп қана шыға алады» деген пікірін келтірді. РФ Президенті Әкімшілігінің ұлт саясаты мәселелері жөніндегі департаментінің бастығы Михаил Васильевтің, РХА Кеңесіндегі Орыс халқының этномәдени дамуы жөніндегі комитетінің төрағасы Игорь Круговыхтың, Насир Қам­баровтың (Өзбекстан), Нұрсұлу Шәймерденованың (Қазақстан), Хизри Асадулаевтың (Беларусь), Мирослава Метляеваның (Молдова), Ли­ля Газизованың (Татарстан), Сұл­тан Раевтың (Қырғызстан) жә­не басқаларының сөздері де ма­ғы­налы, тың ұсыныстарға толы болды. Мәселен, М.А.Васильевтің айтуынша, Мәскеудегі аударма институты орыс әдебиетін басқа халықтардың тілдеріне тәржімалау бойынша ұдайы грант жариялайды, ал мұның өзі орыс әдебиетінің үздік нұсқаларын насихаттау үшін де, аудармашылардың шығармашылық тұрғыдан өсуі үшін де ықпалы зор. Заңгер профессор, ғылым мен өнер бойынша Петр академиясының академигі, қарашай халқының халық ақыны Азрет Акбаев аудар­ма ісінің қыр-сырлары туралы айта келіп, өзінің досы Расул Ғамзатов шығармашылығынан бір дерек келтірді. Оның «Тырналар» деп аталатын белгілі өлеңін авар тілінен орысшаға аударғанда алғашқы жолы «Мне кажется порою, что джигиты...» болған екен. Кейін композитор Ян Френкель бұған музыка жазғанда автормен келісе отырып, шығарманың мәнін, ауқымдылығын, салмағын арттыру мақсатында «джигиты» сөзі «солдаты» сөзіне ауыстырылыпты. Міне, дөңгелек үстел барысында осындай қызғылықты дүниелер көп айтылды, бұл оның маңыздылығын да, пайдалылығын да тереңдете түсті. Бізге де осынау биік мінберден сөйлеу мүмкіндігі беріліп, шығар­маларды қазақшадан орысшаға және орысшадан қазақшаға аудару мәселесі бойынша тәжірибемізбен бөлістік. Форум өз жұмысын қоры­тын­дылай келіп, тиісті ұсынымдар қа­был­дады. Құжатта көркем аудар­­маның ұлтаралық қаты­нас­тар­ды­ тұрақтандырудағы жә­не үй­лес­ті­рудегі маңызды ық­палы, Еуразия халықтары өмі­рінің рухани-ізгі­лік негіздерін топтастырудағы мәде­ниеттің ерекше рөлі атап көрсетілген. Осынау жасампаздық міндетті жүзе­ге асыруда А.С.Пушкин бейнелі түр­де «ағарту ісінің лаушылары» деп сипаттаған аудармашыларға көп дүние жүктеледі. Аударманың арқа­сында ғана бір халықтың мәдени мұрасы мен рухани байлықтары өз­ге халықтардың игілігіне айналады, олардың рухани әлемін байытады. Бұл іс одан әрі жалғасын таба беретіні, ал аталмыш форум осынау қиын, бірақ аса қажет әрі игілікті жолда біздің халықтарымыз үшін жа­салған алғашқы қадам екендігі анық. Жазып алған Бақберген АМАЛБЕК,  «Егемен Қазақстан». Көкшетау.