01 Шілде, 2010

ЖҮРЕКТІ ЖАРЫП ШЫҚҚАН ЖЫР ЖОЛДАРЫ

2253 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Қазақ – ақын халық. Ұлтымыздың тарихтың ұзына көшінде талай саладан өзгелерден қалып қойған тұстары болар, бірақ сөз өнерінен, оның ішінде өлеңнен ешкімге есе бермегені анық. “Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы” дегендей, әркім-ақ әлінше жазады. Оған дау жоқ. Осы тұрғыдан қарағанда, бүгінгі мына бетте жарияланып отырған жырлардың бәрі бірдей төрт аяғы тең жорға емес екенін де білеміз. Бірақ, ондай өлеңдерде де халқымыздың ардақты перзентіне, Тұңғыш Президентіне, елінің атағын шығарып, абыройын асырған Азаматқа риясыз құрметі, сол құрметті шама-шарқынша көркемсөзбен кестелеуге ұмтылысы айқын көрінеді. Мұның өзі құрмет тұтқан тұлғасына жүрегін жарып шыққан жырын арнайтын халқымыздың даңқты дәстүріне әбден-ақ жарасып тұр. Сонымен, жыр арқауы – Елорда мен Елбасы. ЖАСАЙ БЕР, ЖАСА, АСТАНА! Астана, құтты болсын туған күнің, Жайнаған жасыл орман, қызыл гүлің. Нұрсұлтан, жасай берші асыл ерім, Басыңда мәңгі тұрсын бақ пен нұрың. Көк байрақ көк аспанда тұрсын жайнап, Туған ел Астананың тойын тойлап, Тіл-көзден сақта, құдай, Елбасыны, Бірлік пен берекені жүр ғой ойлап. Жасай бер, жасай берші, асыл ерім, Тайпалып келе жатқан маңмаңгерім, Алдында ел-жұртыңның ақталсыншы, Аянбай төгіп жүрген маңдай терің. Күлзира ӘУБӘКІРОВА, “Алтын алқа” иегері. ПЕТРОПАВЛ. * * * ШАТТЫҚ КҮЙІ ШАРТАРАПҚА ЖОЛ ШЕКТІ Тыңда, әлем! Салмағымды көр, екше, Қазақ елім еңселі һәм ерекше. Өсе білдік жылдамдықпен ғарыштық, Көтерілдік берекелі белеске. Қазақиям! Келді өркендер кезегің, Қиялыммен қияндарды кеземін. Алуан сыннан бас тартпады Нұр-ағам, Жер-жаһанға танытам деп өз елін. Тағдырлы елім, Қасиетті халқым бар, Алға қарай қадам басып аршындар. Тыңда тағы мұз құрсанған  тау-шыңдар, Тіл қатамын даусым да бар, даңқым бар! Қабырғалы халқым бүгін танылған, Бағзы кезгі жел-құз дерттен арылған. Атом-ажал өңешіне құм құйып, Бас тартқанбыз ядролық та қарудан. Қоңсыларым көз қадайды таңданып, Жарқын күнге талпынудан талмадық. Бекіттік де Отанымның  іргесін, Тәуелсіздік шежіресін қамдадық. Астанаммен рухтанғанмын, жаңардым, Келешекке кірпіш болып қаландым. Шаттық күйі шартарапқа жол шекті, Құт қойнауын кезіп Ұлы даламның. Көгім ашық, Көңілімде қырау жоқ, Жақсылыққа жаршы болсам, жырау боп. Елбасымды Көшбасшы деп таныған, Ел-жұртымның пейілінде қылау жоқ. Ежелден-ақ керегеміз кең еді, Көшбасшымыз өркенді елмен теңеді. Бас-басына би болудан шаршаған, Қалың елім Перзентіне сенеді. Бағдар айқын, Өркендеймін, өсемін. Көш бастаған көсемім бар көшелім. Ұлыс болып, ырыс қонып алға бас, Қазақиям – менің құтты мекенім! Жомарт ИГІМАН, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Алматы облысы. * * * ТҰЛҒАСЫЗ ТҰРАНДАҒЫ АРТЫҚ ТУҒАН Кешегі кеңес-ғұмыр – елес бүгін, Алаштың айдарынан жел естірдің. Жан-Отан абыройын асқақтатып, Өзгемен терезесін теңестірдің. Мұхиттай түпсіз мөлдір дарын-ағын, Тереңге бәйтеректей тамырладың. Көтердің өз қолыңмен дөңгелетіп, Әз, жаңа Қазақстан шаңырағын. Есілдің қос жағасын армандай ғып, Керілген кербез Ордам таңғажайып. Күйзелтпей, күңірентпей өз еліңді, Кезеңнен алып шықтың алмағайып. Жүзде жоқ жүз бір ұлыс туысындай, Бәрінің көк тіреп тұр туы сынбай. Үш жүздің баласына бірдей қарап, Бірлігін ұстап тұрсың уысыңда! Тұлғасыз Тұрандағы артық туған, Айласы Абылайға тартып тұрған. Достың да, дұшпанның да тілін тауып, Еліңде әрдайымда шалқып жыр-ән. Шыңдағы жарып шыққан тасты шынар, Күндердің жаманы жоқ, жақсысы бар. Дариға-ай! Бұл қазақта арман бар ма, Нұр-сипат Нұрсұлтандай басшысы бар! АҚБЕРЕН. * * * ЕЛБАСЫ 70 жыл бодандықта жасып едім, Сол жылдар не түспеді басына елдің. Босқындық, ауру, аштық, соғыс, құрбан, Қазақтан қазақ шошып қашып едім. Қаншалық шайқаса да ел тірегін, Бәрібір жеңе алмады ел тілегін. Тәуелсіздік талқан еткен тар заманды, Жас жуып, көз алдыма келтіремін. “Бірлік!” деген Білге қаған білімі еді, “Бөрі жеп” бөлінгенде күйіп еді. Бір жеңнен қол, жағадан бас шығарып, Бірігіңдер бізбенен түрік елі. Жүз ұлтпыз мызғымайтын бірлігіміз, Жұмырдай жер жүзінің кіндігі біз. Түтіні түзу шыққан туғандардың, Орта Азия отауының түндігі біз. Тарихтың бәрі бізден табылады, Сақ пен ғұн, түркі, тұран, мадияры. Алтын орда, Ақ орда, Сұр орданың Қазақта қалған қара шаңырағы. Ел едік тарих білмес, ең жасырын, Бүгінде тәуелсіз ел ең жасымын. Сонда да жердің жүзін бет бұрғызған, Қадірі, қасиеті Елбасының. Халқыңыз бәрін екшеп, отыр біліп, Бәйге алсам дейтіндерге бермей ырық. Көңілі Сіз дегенде еліңіздің, Жүрегі сүттен аппақ, судан тұнық. Елінің намысы үшін күйе білген, Жан бар ма Сіздей елін сүйе білген. Арқасымен тау тіреп тұрсадағы, Қиналғанын білдіртпей күле білген. Әр күніңіз тарихта бір терең із, Өзіңізбен биіктер мәртебеміз. Қазаққа Сіздей асыл ұл сыйлаған, Анаңызға иіледі тәнті еліңіз. Түндіктен төгіліп күн шамшырағы, Желбіреп көк Туымда ел қыраны. Әнұран ойнағанда жүрегімде Отаным, Ту тұрады, Ел тұрады. Асылбек ҚЫРАУБАЕВ. АСТАНА. * * * АҚ ТІЛЕК АЙТҚАН САЙЫН АҒЫЛАМЫН Асыл сөз көп болса да жинағаным, Өзіңе теңеу таппай қиналамын. Он алты шөберені еркелетіп, Тоқсанға кеп отырған кейуанамын. Тілегім – байтақ елім бақты болсын, Көңіл шат, малымыз да ақты болсын. Абырой жолдас болып сапарларда, Қадамың әрбір басқан сәтті болсын. Орындап бабалардың аманатын, Таныттың бар әлемге қазақ атын. Мерейлі мерекемен құттықтаймын, Туылған ел бағына, Азаматым! Жайқалып, алтын астық даламызда, Артып тұр бүгінгі күн бағамыз да. Үмітпен алғы күнге иек артамыз, Мың алғыс Нұрсұлтандай данамызға. Тәуелсіз ел атандық, еркін елміз, Тәубе деп әр күн сайын серпілеміз. Ту етіп татулықты жүз отыз ұлт, Қуаныш, шаттықпенен желпінеміз. Желбіреп көгілдір ту көгімізде, Төрт түлік мал мыңғырды белімізде. Аллаға шүкір, бәрі жеткілікті, Орнықты бақ-береке төрімізде. Ақ тілек айтқан сайын ағыламын, Шаттықпен ата берсін таңың әр күн. Жолдаған дұғай сәлем Бақанастан Ананың ақ тілегін қабыл алғын! Жексенбике АХАҚЫЗЫ. Алматы облысы. Балқаш ауданы, Бақанас ауылы. * * * МЕНІҢ АСТАНАМ Еңку де еңку жер шалып, Есілге қонған Елордам, Ертеңгі келер ұрпаққа шұғылаңды шаш сен алдан. Сарыарқаның төсінде самала шаһар сәйгүлік, Қанатын алтын Күнменен барады ару Айға ұрып... Бабалар аңсап күткен бұл баяғы алтын сарайлар, Осында туып, осыдан дүниені шарлар дана ойлар. Алаштың атын аспандат, Астанам менің және бір, Алақаныңнан күні ертең “алашпын” дейтін өреді ұл. Осынау сезім саған да, маған да керек деп білгін, Арманым еді бұл менің апталар, айлар, көп жылғы, Ғасырлар бұған  ғаламат жеткізді бүгін талайдан, Астанам менің – асқақ күй, айшықты жыр мен арайлы ән. Астана салған ұрпақтың атынан сені етем жыр, Қаһарман біздің қазаққа қайырлы болғай мекен бұл! “Бәйтерек” осы жетіқат көкпенен заңғар тілдескен, Сен жайлы бүгін ақ жаңбыр ағыл да тегіл жыр-дестем. Алыптар туған кешегі, аңыз-жыр болған Ақмола, Төрт мұхит, алты құрлыққа тебіреніп қарар шаттана. Үлгі де болар ұрпаққа Үш биім төрде жайғасқан, Сендегі әсем Күнменен сәулесін төккен айлы аспан. Жолдайды сәлем Мәскеу жақ, Париж бен Рим, Анкара, Көшеңді кезер пәк сезім, қара көз ару таң қала. Ұстының сынды дәл бейне Парасат пенен Ұлылық, Сарайдан зәулім ескендей ұлтыма тән бір жылылық. Алаштың басын қосқан сен Арқаға қонған Ақордам, Қазақтың жерін қарашы, сен құсап қайта жаңарған... Елордам менің, Елбасы тіккен Есілді еркін бойлатып, Жарты әлемді жатырсың жарқын да жарқын тойлатып. Баянды болып таңменен басталған мәңгі мерекең, Шаттықпен қоса шалқысын телегей теңіз берекең. Толыбай АБЫЛАЕВ. АРАЛ. * * * ҰЛТЫМНЫҢ ҰЛЫ АДАМЫ Естиді ең шалғайдан үнімді әркім, Ендеше тұрған көктеп түрім жарқын. Тұңғыш қой Елбасымыз елімдегі, Тұңғыштың тұлғасы – тау, түсін, халқым. Көкейде үлкен-кіші – жүрсің бәрің, Кім қашан құптамады құлшынғанын. Әлемге танытсын деп қазақ барын, Туған ел туғызған ғой Нұрсұлтанын. Мінбейді маң далада атқа кімің, Маңдайдан тер аққанда нақты адымың. Намысы найзағайдай жер-жаһанның Назары Назарбаев жақта бүгін. Теріс қой құдірет күшті құндамасам, Табанға тауды басып, шыңға да асам. Тәуелсіз тұрғызыпты елді бүгін, Талантты бас мүсінші бір қарасам. Бір түйір бұлт болмағай күн-елімде, Бір сәтке онсыз шалқып күлемін бе? Өсірген, өркендеткен туған елін, Жақсылық, жасампаздық жүрегінде. Сәулесін мың ойнатып көгімде күн, Сеземін ізгілік дән себілгенін. Балапанын баптаған бала жастан, Барлық ұлт ұясындай елім менің. Береке билеп алған бұл даланы, Бидайы жібек желмен ырғалады. Сүйгенім сүйікті ел, сүйекті жер, Ұлтымның сүйенгенім ұлы адамы! Нағашыбай МҰҚАТОВ. ҚОСТАНАЙ. * * * ҮШ АНЫҚ Сананы түйткілдерден тазартайық, Айтпаған шындық сөзді тартар айып. Авторы, Сәулетшісі Астананың – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев! Көрмесек игі істі болар ғайып, Келешек мұнымызға тағар айып. Авторы “Қазақстан” атты елдің Ол және – Елбасымыз Назарбаев! Тарихты бұрмалаған болар айып, Шындықты әділдікпен бағамдайық. Айтайық Үш Анықты біздер енді, Қазақстан – Астана – Назарбаев! Самиғолла ҒАЛЫМҰЛЫ. Атырау облысы, Индербор кенті. * * * ӘЛЕМДІК ТАРИХТА ҚАЛАДЫ ІСІҢ Ассалаумағалейкум, Нұреке – Ағарысым! Қазақтың қорғанысың, қамалысың! Төле би – төбе бидей беделің бар, Халқыңа сол бабаңдай бағалысың! Арқаға елді бастап көшірген ең, Әлемдік тарихта бұл қалады ісің! Ол шындық! Қазақтың Сен – Сұлтанысың, Ұлтанды ел – Ұлы атаның ұрпағысың! Шапағын абат күннің шашып елге, Арайлап атқан арай – нұр таңысың! Арқаның қақ төрінен қала орнаттың, Бұл – мәңгі үлгі-өнеге ұрпақ үшін! Талмайтын жарыс десе – тұлпарысың, Самғайтын ғарыш десе – сұңқарысың! Алатау – Алматының асқар шыңы, Ал өзің байтақ елдің бір тауысың! Тіл-көз бен көлденеңнен Аман-сау жүр,– Бұдан да биіктерге шырқау үшін! Мақсұт НИЕТАЛИЕВ. * * * АРМАНДАЙ АСҚАҚ АСТАНАМ Арманның асқарындай Астанамыз – Елорда, алтын орда – бас қаламыз. Жыл сайын жеткен жеңіс, асқан асу – Ерен ерлік үлгісі дастан-аңыз. Елбасымыз буғызған белді бекем, Тарихи шешімі ұлы ерлік екен! Айналды аз-ақ жылда Астанаға, Ақмола қатардағы елді мекен. Ауыр сын, қиындықтан жасқанбаған, Сарыарқаға көш бастап басқан қадам. Бүгінде дос сүйініп, әлем танып, Атағы Астананың аспандаған. Ел едік үміт еткен ертеңінен, Қай кезде де ән-күйін шерте білген. Қалықтап самұрықтың қанатымен, Қала бұл еніп келген ертегіден. Елімнің өркені өсіп өрістенер, Кім менің бұл ойымды теріс көрер: Астананың құрылысын құдай қолдап, Салысып жатыр және періштелер. Жұма-Назар СОМЖҮРЕК. * * * КЕЛЕСІЗ ЫЛҒИ ХАЛЫҚТЫ ҚОЛДАП Пейілі кең, ақжарқын қазақ, Көрді ғой талай теперіш азап. Сорлаумен жүріп талпынды өрге, Сынбады сағы, болмады мазақ. Төсінде дала өргізіп қойын, Еңбекпен қазақ, бекітті мойын. Осындай елдің ұлы боп туып, Тер төкті жастай, балқытып шойын. Тәуелсіз елдің ағарып таңы, Марқайды халқым жанды да бағы. Сайлауда елдің таңдауы түсіп, Берілді Сізге Президент тағы. Халықтың артқан сенімін ақтап, Жүресіз әркез оларды жақтап. Еліміз өрге адымдап басып, Көрінді алдан қарыштап аттап. Жағдайын елдің әріден толғап, Келесіз ылғи халықты қолдап. Бұдан да биік белеске шықсақ, Еліңіз тұрсын алғысын жолдап. Сатқанбай ҚУАНШАЛИЕВ, жұмысшы. Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданы, Сайқын ауылы. * * * АЛТЫНШЫ ШІЛДЕ Алтыншы шілде – Астана күні, Жадыңнан, шырақ, тастама мұны. Жаңа шаңырақ көтеріп биік, Жаңа дәуірге Бастама күні. Күндерін кешкен әлемнің жарық Құшады келіп елімді бақыт. Құстай боп ұшып жеттім ғой саған Түркістан жерінің сәлемін алып! Омырауды ашып, көңілім тасып, Көшеңмен көркем келемін шалқып. Есілдің бойы – шағала қала, Гүлінің иісі ауада аңқып! Шаңын шығармай шартарап жердің Соқтырған шаһар нарталап Ерім! Патша сарайын аралап жүрген Сәттей бір сәулет-салтанат көрдім. Шат қалам менің, бақ қалам менің, Бақ қаласымен мақтанған елім. Жайнай бер гүлдей астында Күннің Астанам менің, Ақ қалам менің! Нұрмахан НАЗАРОВ. ТҮРКІСТАН. * * * ҚАРАСАЙ БАБА БАТАСЫ Уа! Ұмытпай жүрген ұрпағым, Дүние көшкен бір сағым. Келгенінше мұршаның, Дұшпаннан елді қорғадық, Быт-шыт қып бұзып құрсауын! Туған жер – алтын бесігім, Өткердік айқас кешуін. Атойлап елді қорғадық, Қылышпен қиып шешуін, Алланың теріп несібін! Қазақтың байтақ өлкесін, Жайлатпай жауға жер төсін, Қиғанбыз қаскөй желкесін. Қан-жоса боп қалғыдық, Төсек қып түйе өркешін... Бабалар жетпей арманға, Батырлар мерт боп қалғанда, Жоңғарлар қиқу салғанда, Қосылмай, әттең, басымыз... Өкініш көп қой жалғанда!.. Өтеліп бәрі өткеннің, Еліме теңдік жеткен күн, Аруақ сыйлар ұрпаққа, Батамды былай деп бердім: – Төле, Қазыбек, Әйтеке Тілегін берді құдайым. Баспасын елді уайым. Әлемдегі қазақтың, Қосылсын басы лайым, Тәңірден соны сұраймын! Егемендік күн туды, Елім соған ұмтылды. Татулықты ту еткен, Торсық шеке Ұл туды! Еңселі болсын іргесі, Абыройлы болсын мінбесі. Барыстай батыл жұртымның, Арыстай болсын жүлдесі, Азаттық болсын шын досы! Абылай ханның арманын, Ардақты ұлы жалғады. Аспанға қазақ самғады, Көкке де салды таңбаны. Қоғамды болсын жан-жағы, Қорғасын ұлттың аруағы! Заманның туар өз ері, Келгенде уақыт кезегі. Елбасы болған тұлғаны, Бодандық көрген сезеді, Қолдасын оны өз елі! Татулық тілеп баршаға, Елбасы ұлым, шаршама! Қара ормандай халқың тұр, Үмітпен қарап қаншама! Нұрсұлтан ұлым, шаршама! Аумин! Орысбай ӘБДІЛДАҰЛЫ, Алматы облысының құрметті азаматы. * * * АРУ АСТАНА Астана – бар қазақтың айбарысың, Мерейін асқақтатар айдарысың. Қаншама ұлт-ұлысты достастырған, Елордам – қонақжайсың, жайдарысың. Көз салсаң Бәйтеректен айналаға, Білмейсің теңеріңді қай қалаға. Ертегідей ғажайып сұлу шаһар Айналды қас қағымда бай қалаға. Астана – қазағымның бас қаласы, Арқада бой көтерген жас қаласы. Көшірген Астананы орталыққа, Елбасы Нұрсұлтанның бастамасы. Астана құтты болсын туған күнің, Тыңдашы тәуелсіздік шаттық үнін. Бақытты ел бірлігін паш етуге, Мерекеге жиналды халқың бүгін. Ризагүл ТЕМІРБЕКОВА, Д.Қонаев атындағы №19 гимназия мектебінің мұғалимасы. Жамбыл облысы, Жуалы ауданы. * * * АСТАНАМЫЗ – АЙБАРЫНДАЙ ҚАЗАҚТЫҢ Сарыарқадан Астана сап сәулетті, Туған жерін ел жасаған дәулетті. Жұрты үшін дүние жүзін аралап, Есім ханның ескі жолын саралап. Қасым ханның қасқа жолын жаңғыртқан, Бір-ақ қарап алдындағы жанды ұққан. Қазақстан елге айналды айбынды, Ұмыттырып қан жұтқызған қайғымды. Сан ғасырлар жасай берсін жаңғырып, Нұрсұлтанның нұрлы жолы мәңгілік! Шашы-дағы “қазағым” деп ағарған, Мақтан етті Қазақстан, Шамалған. Ата жолы тарау-тарау таралған, Таңның алтын шапағынан жаралған. Адастырмай алдан шыққан сан орман, Алға Сізді жетеледі сан арман. Жан-жақта ел қанға бөккен, тоналған, Көңіл шошып, жүрек сыздап солардан... Ал біздің ел алға басқан қарыштап, Жоқшылықтан кеткен елміз алыстап. Мұның бәрі Елбасының ұлы ісі, Теміртаудың қайнап піскен құрышы. Елің шығып биігіне даңқтың, Алғысына бөлендіңіз халықтың. Бұл құттықтау шын жүректен, Елбасы, Ұжымынан “ТұранӘлемБанктің”! “БТА Банк” АҚ-тың ұжымы.