Қарағанды аймағындағы Ақтоғайды ел іші өнер өлкесі ретінде біледі. Қазақи салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған топырақта екінің бірі әнші, күйші десе болады. Манарбек Ержанов, Күләш Байсейітова сынды жұлдыздар шыққан өңір үрдісі әдемі, бүгінде де талантты ұрпақтармен өз жалғасын тауып келеді.
Солардың шоғырлы сапында Аманолла Шайбековтің есімі де көпке танымал. Жақында Әбекең Астанада Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай ардагерлер арасында өткен «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер» атты республикалық байқау фестиваліне қатысты. Сондағы «Менің тағдырымдағы соғыс тақырыбы» номинациясы мүшәйрасында «Ұлы Жеңіс» атты шығармасымен жүлделі екінші орыннан көрініп, лауреат атанды. Әрине, қандай да жетістіктің ерте-кештігі жоқ болса да алпыстан асқан ақсақалға бұл жеңіс аса ыстық болуын осы хабарды естіген бетте жүздесуімізде жас балаша шаттық ескен жүрек лүпілінен, шығармашылық шабыт шалқыған жүзінен байқаған едік.
Ол, міне, қырық жылдан бері ауыл мәдениетін мәуелетуші саналады. Сөзін өзі жазып, әнін өзі шығарушы сан қырлы талант иесінің ел іші өнерпаздары репертуарына берік орныққан әсем әуендері аз емес. Негізгі өзегі отаншылдық, адамгершілік, сүйіспеншілік, рухтық тақырыптарға тартылған «Жеңіс», «Мәншүк туралы ән», «Астана», «Шаттан, қазақ!» сынды әндері ауыл сахнасынан әрдайым шырқалып жатады. «Ұлылық баспалдағы» атты шығармалар топтамасы Тұңғыш Президент музейінің жеке кітапхана қорында сақтаулы екені әуесқой сазгерге үлкен мерей.
Жоғарыдағыдай қырымен қоса, режиссерлік және сценарий жазу машығы қалыптасқан Әбекең «Ақтоғай аудандық мәдени бос уақыт өткізу орталығы» КМҚК әдістемелік кабинет меңгерушісі ретінде баяғысынша өлке өмірін қызғылықты етудің бел ортасында. Осы саланың жергілікті саңлағының сүйікті қызметіне лайық атақ-дәрежелері де жеткілікті. Өнер дегенде ішкен асын жерге қоятын, өскелең ұрпақ бойына да соны сіңіруге аянбайтын азамат жолы – ел ішіне өнеге.
Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».
Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы.
Суретте: фестиваль лауреаты А.Шойбеков және жүлдегер А.Ботбаева.