05 Тамыз, 2015

Cурет сыры

409 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сұлу Сырдың шежірешісіндей бір адам бар. Саналы ғұмырының барлығында иығына фотоаппаратын іліп, туған жердің табиғатын, ғажайыптарын, сан түрлі адамдарын таспаға басып, алдағы күндерге аманаттап жүр. Көзін ашқаннан облыстық «Сыр бойы» газетінде жұмыс істеп, бұрнағы жылы зейнет демалысына шыққан Болат Омаралиевті Ақмешіт атырабындағы кәрі де, жас та таниды. Ал оның қоржынын ақтарсаңыз, тұнған тарихқа кезігесіз.

111 (29)

...Өткен ғасырдың 80-жыл­да­рының басы болса керек. Облыс­тық газет фототілшісін ауылдарда өтіп жатқан 1 Мамыр мерекесінен репортаж жасауға аттандырады. Күн жүреді, түн жүреді аймақтағы мерекенің шырайын кіргізетін кадрлар жинайды. Осылай салт атты, сабау қамшылы жүргенінде Амангелді ауылына келіп тоқтайды. Сөйтсе, мұнда атшабар ашылып, ұлттық спорттың түрлерінен жарыс өтіп жатыр екен. Бәйге шапқан, көкпар тартқан, қыз қуған халықтың көңілі шат-шадыман. Белі мықты балуандарын ортаға шығарып, күрестіріп қызыққа батқан. Ендігі кезек білегі мықты, күші мығым жігіттерге келіпті. Гір тасын көтеруден жарыс өтіпті. Небір мықты ортаға шығып, зілбатпан темірді ұршықша иіріп, бұлт-бұлт еткен бұлшық еттерін ойнатып, күшінің басым екенін дәлелдеп жатса керек. Осы тұста енді тәй-тәй басып тәлтіректеп жүрген бір бөбек жұрт ортасынан жүгіріп ортаға шығады. Сөйтеді де, 24 килолық гір тасына тұра ұмтылады. Шамасына қарамай, әлгіні көтермекке әрекеттенеді. Екі жастан екі ай енді асқан баланың бұл қылығы жұртшылықты күлкіге көміпті. Гір тасын көтере алмай, үлкендердің күлкісіне үрке қарап, басын қасып тұрған баланың суретін Болат Омаралиев суретке сарт еткізіп басып алады. Ол газетке басылады. Кейіннен Ленинградта өткен фотографтардың халықаралық байқауынан жүлде алады.

Арада қаншама жылдар өтеді. Жылдар дейміз-ау, жаңа ғасырға аяқ басып, оның да он жылдан аса уақытын артқа тас­таймыз. Бір кездері шашы толқын­дана қайырылып, костюм-шалба­рының қыры сынбай, галстугы еш қисаймай жүретін фототілші де алпыс деген асқарды иектеген. Ақсақалдыққа жеткен. Бұрынғыдай ел аралап, туған жерін таспаға баспаса да, газет­тің жұмысына адал­ды­ғынан айнымаған. Есте жоқ ескі күндер­ден естелік керек болса, жұрт Омаралиевке қарай жүгіретін заман жеткен. Мына жалғанды мәңгілік мекеніне айырбастаған талай атпал азаматтардың таспа­дағы бейнесі керек жағдайда Болат ағаның қоржыны қотарылатын кез келген. Жылдар бойғы жинаған байлығын Бөкең де ешкімнен қызғанбай, жамбасына басып жатпай теңдей бөліп беріп отырды.111 (28) Екі күндік демалысында газет­тің күнделікті жұмысынан арылып, ескі көлігімен саяжайын бетке алып кетіп бара жатады. Ешқандай тәртіп бұзбаған сияқты еді. Дегенмен, жол жиегінде тұрған полиция қызметкері тоқтатады. Капитан құжаттарын сұрайды. Әсілі, жаппай тексеріс болып жатса керек. Ақсақал жүргізуші куәлігі мен көліктің құжаттарын ұсынады. Жүргізушінің аты-жөнін оқыған полиция қызметкері көзін бір ашып, бір жұмып Бөкеңе таңырқай қарайды да, тілі күрмеліп қалады. Әлден уақытта ғана есін жиғандай болып, бірден: – Аға, мен сізге ғашықпын,– депті. Полиция қызметкерінің тосын сөзі мен әрекетіне тілінің бізі бар Омаралиев: – Айналайын, менің ер­кектерге ондай махаббатым жоқ,– деп жауап қайырады. Апақ-сапақта асығыс сөйлегенін аңғарған полиция қызметкері мәселенің мән-жайын түсіндіре бастайды. «Менің атым – Темірхан. Ғашықпын дегенім ағат болды. Өзіңізді қатты құрметтеймін дегім келген еді. Оның себебі мынада. Мен екіден енді асқанда сіз біздің ауылға келдіңіз. Менің гір тасын көтеруге әрекеттенген қалпымды суретке түсірдіңіз. Ол кейіннен газетке шықты. Әкем сол газеттің қиындысын арнайы жиектемеге салып, үйдің төріне іліп қойды. Астында «Суретті түсірген – Болат Омаралиев» деген жазуы бар еді. Сондықтан, атыңызға кішкентай күнімнен қанық болып өстім. Қазір жасым 34-ке келді. Полиция қызметкерімін. Өзіңізбен жүздесіп, танысып, қолыңызды алып амандасу арманым еді. Сол арманым аяқ астынан, көктен түскендей орындала салғанына таңғалғаннан тілім байланып қалды ғой»,– депті. Бір суреттің тарихы осылай өріліпті. «Сыр бойына» барғанымызда Болат Омаралиев басынан өткен осы оқиғасын айтып, жымиып отыр екен. – Өмір ғой, – дейді ақсақал. – Біз жұмыс істеп жүрміз деп ойлаймыз. Шындығында, неше түрлі тағдырлардың қалыптасуына ықпал етеді екенбіз. Расында, солай болуы керек...

Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан».

Қызылорда облысы.