07 Мамыр, 2015

Қарғалының қарлығашы – Зияда Досбергенова

908 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
«Жауға қарсы аттан» майдан газетінің 1944 жылғы 9 наурыз күнгі нөмірінде «Жауынгер әйелдердің даңқы арта берсін» деген ортақ тақырыппен 9 қыз жайлы топтама материалдар басылған. Аға лейтенант А.Закариннің «Мәншүк» атты мақаласында: «Қазақтың қайратты қызы ауыр жараланып, сүйікті «Максимді» құшақтап қаза тапты. Оның жанын қиып қорғаған қаласы Невельдің Приамур көшесі Мәншүк Мәметованың атына сол күні-ақ көшті», делінген. «Қаһарман қыз» («Отан намысы үшін» газеті, 3 сентябрь 1944 жыл) материалы Әлия Молдағұлова жайында. «Қазақтың қаһарман қызы неміс траншеяларына жұрттан бұрын барып кіріп, 12 немісті атып өлтірді. Кескілескен көше ұрысында да 8 гитлершілді сұлатқан, мерген қыз ту сыртынан тиген оқтан қайта басын көтере алмады. Ұлы Отанның азаттығы үшін жас өмірімен қоштасты да көзін жұмды». Екі қыз да Кеңес Одағының Батыры атағын лайықты иеленді. Сөнбес жұлдызымыз болып ел көгінде, көкірегінде қалды. Қайран қыздар, нәзік жандар, бүгінде сарғайған суреттерден болашаққа қараған сол асыл жандар көз алдыма келеді. Талбесікке асылудың орнына, иықтарына мылтық асынып, ел кегі үшін ұрыс даласында толарсақтан қан кешіп, осынау жарық күнімізді сыйлаған қыздар рухына бас ие отырып, Досберген атаның сүйкімді де сүйікті қоңыр қозыдай ғана кенже қызы Зияда Досбергенова жайлы сыр шертейін. Досберген Берсүгіровтің әулетінен он екі ұлы мен бес немересі – Шалта, Керім, Әбді, Тілепберген, Балтай жасанған жауға аттанған екен. Қызғал­дақтай жаңа күлтесі ашылып келе жатқан немере қызы Нәписа Медеуова да өзіне сеніп тапсырылған шынжырбауыр тракторымен Ресейдің Краснодар өлкесінің жерін жыртып, дәнін өсіріп, елге нәрін тосты. Соғыстың сұрықсыз төрт жылында ауылынан жырақта сағы­нышқа толы күй кешті. Үмбетәлі ауылына келін боп түсіп, қыз-ұлын өсіріп, өмірінің соңына дейін темір тұлпарын тізгіндеп еңбек етті. Ұлдары Сарман, Құдайбергеннен, томпиған немересі Темірбектің әкесі Рахымнан қатарынан қара қағаз келгенде шаңырағы шайқалып, аяқтың астындағы қара жерде тербеліп Алатаудан ескен жай қоңыр самал жоқтау айтқандай болып еді. Өзекті өртеген уытты туысы Досмайыл қобызын безілдете тартып әрең басып еді-ау сонда. Досбергеннің тұңғышы Тойшыбек Берсүгіров Алматының желке тұсындағы Каменская платода тұратын. Еті тірі ең кіші қарындасы Зияда Досбергенованы 1938 жылы денешынықтыру сабағының мұғалімдерін даярлайтын техникумға апарған да сол зиялы ағасы. Зияда... Дос қыздарымен күлімсіреп түскен суреттерден орта бойлы, сымбатты, дөңгелек жүзінен сәбилік пәктік пен өжеттік, айтқанынан қайтпайтын қайсарлық аңғарылады. Досбергеннің әулетінен иықты 17 жігіт соғысқа аттанған жылы Зияда оқуын тәмамдады. Алматы қалалық оқу бөлімінің 14 тамыз, 1941 жылғы №217 жолдамасымен қаланың №17 және №18 мектептеріне денешынықтыру сабағынан мұғалім болып тағайындалады. Ешкімге ештеңе айтпастан, ақылдаспастан техникумда бірге оқыған 9 құрбысымен жұмыс істей жүріп, радист-байланысшылардың курсында оқиды. Сондағы түскен суретте баяғы ақ-адал бейбіт күлкі жоқ, бастарында сұр пилотка, сұр көйлек, сұр етік... Өңдері де батырлардың жауға қарсы шабар алдындағы сұрындай сұсты. Досбергеннің кіші баласы соғыс, еңбек ардагері, әкесінің қарашаңырағын басқан Азан Берсүгіров соғыстан орал­маған кенже қарындасын талай жерге іздеу салып, шарқ ұрып жауап тосып, жолға шығумен көп жүрді. Көктем са­йын мекеніне асыққан жыл құстарын Зиядасының талып жеткен сәлеміндей қабылдайтын. Ақ нан, молшылық пен кеңшілік кісі көңілін масаттандырады, бірақ жүректегі сағыныш жазуын ешнәрсемен өшіріп тастамайды екен. «Лениншіл жас» газетінің 2 мамыр 1975 жылғы нөміріне жазған іздеуінен де түк шықпады. «Құрметті Берсүгіров жолдас! Отан соғысынан қайтпай қалған туысыңызды іздестірген екенсіз. Бұл жайды анықтау бізге де қиын. Подольск қаласы, СССР Қорғаныс министрлігінің архивіне хат жолдап көріңіз». 1976 жылы 26 наурыз, Подольск архиві Досбергенова Зияданың сержанттар тізімінде жоқ екенін айтып, жергілікті жердегі соғыс комиссариатына жолығуын өтінген. Соғыс жылдарындағы ұрыс шебін­де шығарылған қазақ тілді газеттер КСРО Қорғаныс министрлігінің Подольскідегі архивінен алынып, Қазақ КСР Мемлекеттік кітап палатасының қорына өткізіліпті. Сарғайған газет беттерінде Досбергенова Зияда жайында жазылған бірнеше мақала табылған күні қуанышымыз бен өкінішіміздің шегі болмады-ау! Капитан А.Қаңтарбаевтың «Қазақ қыздары» («Жауға қарсы аттан» газеті 1 мамыр 1944 жыл) деген мақа­ласында Мәншүк және Әлия­лармен қатар, соғыстың екі жылы ішін­де талай батылдық танытқан Зоя Дос­бергенованың ерлік іс-әрекеттері жайлы сөз болады. «Зоя армияға кел­ген­де қатардағы жауынгер еді. Ол қазір сержант, – делінген онда. – Отан соғысына келген екі жыл ішінде Зоя талай қызметтерді бастан өткерді. Байланысшы, санитарка, автоматшы сияқты қызметтерді атқарды. Бұл қызметінің барлығында ол іскерліктің, батырлықтың үлгілерін көрсетті. Сондықтан да Отанымыз өзінің антына, халқына адал батыр қызының бірі Зоя Досбергенованы 3 рет орденмен наградтады. Қазір қазақтың батыр қызы Зояның көкірегінде ІІ дәре­желі Отан соғысы ордені, «Қызыл Жұлдыз» ордені, «Ерлігі үшін» медалі жарқырайды... Жоқ бұл ұрыс тек медаль тағып, награда алу үшін емес еді. Артта қалған ата-ананың көз жасы тыйылсын, сәби күлкісі булықпасын деп бейбіт күннің бостандығын қорғау жолындағы ерлік қимылдар емес пе. Демек, бір жасты бір боздақты алқымдап өлтіріп жатқаны фашизмнің лаңы-ау. «Көріңде өкіргір, қу неміс», деп боздаған ақ басты аналар дауысы жеткен екен майдан даласына. Қаһарман елдің ер-азаматтары түгіл қолаңшаш қыздары да ашуға мініп, дұшпан ордасына оқ боратты». «...Қазір Зоя Досбергенова біздің артиллериялық бөлімшенің взводында радист болып істейді. Мұнда осы бір өткір, қарақат көзді, орта бойлы, сымбатты қызды білмейтін жан жоқ. Жауынгер жас қыз өзінің әрбір қимылы мен іс-әрекетін тиянақты ұштастырып, алған білімін ұрыс жағдайында ше­бер­лікпен жүзеге асырып келеді. Ол майдан шебінде өз мамандығына қосымша медсестралар курсын бітіріп, жауынгерлердің денсаулық сақшысы да болып алды». Зияда жөнінде «Красная Звезда» газеті осындай мақала жазған. Бұл секілді тағы бір мақала 1944 жылдың 8 ақпаны күні «Отан намысы үшін» газетінде де басылған. Оны лейтенант С.Исабеков жазған. Енді сол мақаладан үзінді келтірейік. «Зияда атқарып жүрген қызметін місе тұтпады. Қолына қару алып, майданның алдыңғы шебіне барып ұрысқа араласқысы келді. Осы арманына бой ұрған қыз бір күні командиріне келіп былай деп өтініш етті. – Жолдас полковник, қаза тапқан, жазықсыз жәбір-жапа шеккен совет әйелдерінің ар-намысы, кегі үшін өз қолыммен фашист айуандарды өлтірсем деймін. Тілегімді қабылдап, майданның алдыңғы шебіне жіберуіңізді сұраймын. – Қарағым, Зияда, – деді полковник, – өтінішің орынды. Әзірше қызметіңді істей тұр, кейіннен көрерміз. Зияда қайта-қайта сұрана берді. Ақыры полковник рұқсат етті. Ұрысқа бой ұрған өжет қыздың тілегі орындалды. Зияда батальонның комсомол жетек­шісі болып тағайындалды. Қазақтың қайратты қызы бұл қызметте де өзінің батыл да, аса жақсы ұйымдастырушы екенін көрсетті. Командир мен комис­сардың көмегімен өз ісін тез меңгеріп алды. Жалынды үгітші болды. Талай ұрыстарға қатысты. Ленин партиясының сапына кірді. Совет батырларының соққысынан тозғындап шегінген жау маңызды бір елді мекеннің маңында табан тіреп қатты қарсыласты. Үлкен ұрыс болды. Осы ұрыста рота командирі жаралы болып саптан шықты. Осындай сын сағатта Зияда үлкен батылдық істеді. Ол өзіне тым жауапты міндет жүктеді. Ұрыста ротаны басқарды. Жауынгерлерді соңынан ертіп, шабуылға көтерді. Жа­у­ын­герлердің «Ура»-ға ұласқан екпін­ді қимы­лынан жау тоз-тоз болып қаша жөнелді. Батыр қыздың ерлігін көрген полковник: – Жарайсың, Зоя! Ерлігіңе Отаның риза, өркенің өссін! – деді. Осы ұрыстағы батылдығы мен батырлығы үшін Зияда «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталды. Бейбіт халықты фашистік езгіден азат ету жолында өзінің өмірін құрбан еткен кеңес адамдарының жарқын бейнесін, ерлігін көрсетуге арналған «1941-1945 жылдардағы Совет Одағының Ұлы Отан соғысы» дейтін тарихи к­ітап­қа үңілсек, жерлесіміз Зияда Дос­бергенова болған І Украина май­данының жауынгерлері 1944 жылдың қысында интернационалдық борыштарын атқарып, Польша жерінде аянбай шайқасыпты. Висла өзенінің бойында болған ауыр соғыс тарихта «Висла-Одер» операциясы деген атпен белгілі. Зияда туралы С.Исабеков жазған мақала мерзімі де осы тұс. Батыл қыз туралы ма­қалалардың көлемі аз болса да, жаудың борап тұрған оғының астында асығыс жазылса да біздер үшін бұл алтынға бергісіз мағлұматтар. Ол Қа­рапайым қазақ қызының ерлігін бүгінгі ұрпаққа, өзімен бірге үзеңгілес, қарулас достарына өшпес мұра десек болады. Зияда қыз кектен беріш боп қалған қарлығаштай жүрегінің әмірімен шешуші ұрыста кеңестік туды құлатпай, командирін жоқтатпай, тұтас бір ротаны басқарған өжеттігі нағыз қазақ қызына тән қасиет емес пе?! «Аналардың көз жасы үшін, Алатаудың әрбір қой тасы үшін, туған елдің ар-намысы үшін» командирінен ұрысқа тікелей қатысуға рұқсат сұрауының үлкен себебі де бар екен. Польшаның жерін тұтқындар лагері торлайды. Онда поляк, кеңес, тағы басқа елдердің азаматтары қырғынға ұшырайды. Краковқа таяу жердегі Освенцим лагерінде 180-250 мың ара­лықта тұтқын болған. 1945 жылға дейін күн сайын осы араға 3-5 эшелон адам түсіріліп, ешбір кінәсіз 10-12 мың адам газ камералары мен крематорийлерде қырылып жатқан. Гитлершілдер мұнда 4 миллионнан астам адамның көзін жойған көрінеді. Жерлесіміз Зияда Досбергенованың қашан, қайда қаза тапқаны туралы дерек үстіміздегі жылы ғана табылды. Майдан газеттеріндегі мақалаларға қара­ғанда, ол 1944 жылдың ақпан айы­ның орта шенінде, ұрыс даласында атой салып жүрген. Жауды өкшелеп қуу қарқыны күн санап үдей түскен кез болса керек. 9 наурыз 1944 жылы 658-полк ко­мандирі майор Ключанский қол қойған 3-гвардия­лық армиясының бұйрығы шыққан. Оның қосымша марапаттау қағазында: «Досбергенова Зоя Досбергеновна, 1-атқыштар батальонының комсоргы 658 атқыштар полкінің 213 атқыштар Ромодано – Киев Қызылтулы диви­зиясының сержанты ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденіне ұсынылды. Туған жылы 1924 жыл. Ұлты: қазақ. 1943 жылдан ВКП (б) мүшесі, партбилет №5161350. Ұлы Отан соғысында 1941 жылдың тамызы мен 8 ақпан 1944 жылдың аралығында үш рет жарақат­танған. Полесье, Озариевский ауданы Литвиново селосын азат етуде қаза тапты. Қызыл Армияға Алматының аудан­дық соғыс комиссариатынан аттанған». «За боевые Заслуги» №04/н; «За Отвагу» 08.03.1943 жыл медальдарімен, «Қызыл Жұлдыз» орденімен 07.02.1944ж, №347/н наградталған», – деген рәсімді сұрақтарды толтырған соң, қан­дай ерекше ерлігі, іскерлігі үшін екенінен қысқаша дерек беріліпті. Онда Зияда Досбергенованың ұрыстағы батылдығы, аса үлкен жауапкершілігі жазылған. ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені батыл қыз қаза болғанда жеткен екен. 1989 жылғы көктемде Зиядаш рухы мыңдаған күндерді араға салып ортамызға оралды. Ел-жұртымен, туған топырағымен, өзі өскен Алатаудың бауырымен қайта қауышты, мәңгілікке аңсат мекеніне қарлығашы болып ұшып жетті. Соғыс ардагері Азан, бүгіндері 95 жастағы майдангер ағасы Шалта, замандасы Бисара, ауданымыздың ақын-жазушылары, Еңбек Ері ұстаз Құдыс Әбсеметұлы және де өзге жерлес, ағайын­дары жиналып «Қарғалының Қарлығашы» деген атпен теледидардың «Алатау»программасында сыр шертті. Ақын Гүлсім Сейілжанова «Оралмаған батыр қыз» атты өлең арнауын шашу етті. Сейітхан Молдахметовтей жерлес ақынымыз «Жеңіс күні» өлеңін арнады. Бисара Оразымбетова әрі туысы, әрі замандасы, құлын-тайдай бір өскен құрбысы сыр шертті. «1939-1942 жылдары Зияда физкультура техникумында, мен Алматы педучилищесінде оқыдық. Араласып тұрдық. Зияда 1941 жылдың маусымында оқуын бітірді. 22 маусымда соғыс басталысымен ол дипломын, өзге де құжат-қағаздарын, пальтосын менен үйіне беріп жіберді. Заттарды Күлжахан деген Азан ағасының әйелінің қолына табыс еттім. 1941 жылдың күзінде Зиядадан хат алдым. Алматыда, үш айлық байланысшылардың курсында жүр екен. «Үйім білмейді», депті. Саруақас Медеуов, Сүйінбике үшеуміз іздеп бардық. 8-гвардия аталатын әскери-ойынында жүр екен. Мате-Залка көшесіндегі екі қабат қызыл үйге орналасқан. «Бүрсігүні аттанып кетеміз», деп еді сонда. Барып шығарып салмағаныма өте өкініштімін әліге дейін», дейді. 1989 жылдың 9 шілдесінде «Алатау» теледидарынан «Қарғалының қар­лығашын» көрсетті. Ахметов деген азамат түсіріпті. Ертеңіне Шағила Құсанова деген апай хабарласты. Соғыс басталғанда университеттің филология факультетінің екінші курсында оқып жүрген екен. Сол жылы Ташкент қаласындағы радис­тер (байланысшылар) даярлайтын екі айлық курсында Зияда Досбергеновамен бірге оқыпты. Оны тәмамдаған соң өз тілектері бойынша майданға аттаныпты. Ол кісінің Алматыдағы үйіне барып, ұзағынан әңгімелестік. Зиядамен бірге өткізген кезеңдерді дастан ғып айтты. Қырым түбегі Керчь қаласын, Феодосияны азат етуге қатысыпты. Қырым, Дон майданында болған. 1943 жылы тамызында Дон өзенінен өту кезіндегі ерлігі үшін Шағила да, Зияда да «Ерлігі үшін» медальдарының иегерлері атаныпты. Одан әрі Сталинград, Харьков түбіндегі соғыстарда болған. Соғыстағы ерлігі еленген Шағила апай 2 орден, 18 медальді омырауына тағыпты. Соғыстан оралғасын Шағила апай Қа­зақ университетіндегі оқуын аяқтағаннан кейін, аспирантура бітіріпті. Студенттерге тарих пен философиядан сабақ берген. Профессор, тарих ғылымдарының докторы атағын алған. Ардақты ана, асыл әже. Жетпістен асқан шағында «Құрмет» орденімен марапатталған. Фототілші Н.Қизатов ол кісіні суретке түсіріп, Сейітхан Молдахметұлы өлеңін арнап газетке бергені есте. Осы арада Шағила апаймен болған бір сәт еске түсіп отыр. Қос құрбы, байланысшы қазақ қыздары Шағила Құсанова мен Зияда Досбергенова 33-гвардиялық арти­лле­риялық екпінді полктің құрамында 1942 жылдың 19 ақпанында ұрысқа кіреді. «Жаудың бел алған шағы, дамылсыз атқылау. Қан иісі, оқ-дәрінің күйік иісі. Бір айдай уақыт жау бас көтертпеді, су тапшылығы қинады. Мұздай мөлдір сулы өзен жүз-ақ қадам жерде ағып жатыр. Су әкелуге барғандардың арасынан шығын болып жатты. Соғыстың бір ғана жұбанышы бар, ол – Жеңіс! Бағасына ешнәрсе жетпейтұғын жеңіс! Бір аптаға 300 грамм сухари бөлінеді, малта сияқты аузыңа салғанда сорасың, тәттілігін айтпа! Бірде Украина майданы – 33-полк – таң сібіреп атқанда: «Тревога!» деген үннен серпіліп аяқтан тік тұрдық. Карабин, байланыс құралдарын арқалаған екі қызбыз. Командирдің бұйрығымен ілгері қозғалып, межелі жерлерден хабар беруіміз керек. Біріміз «Сұңқар», екіншіміз «Шағала». Сұңқар» мен «Шағала»... Команда қабылда!» дейді. «Шағала» – жау координаттарын беремін!» деймін. Қатар-қатар тізіле жарылған бомбалар. Кішкентай ғана нәрсенің күші қандай зұлымдық әкеледі. «Зия жүрген тұсқа бомба жарылды. Енді қайттім? «Сұңқар» менімен байланыс, үшіншімен байланыс!» деп жатырмын. Зиядадан, моп-момақан қазақтың қаракөз қызынан айырылдым, туған жердің топырағы бұйырмады-ау? Сені азалай алмағаныма кешір деймін. Амал жоқ, жауды тықсырып кете бардық. Ал енді кешегі «Алатау» телеарнасынан 1944 жылдың ақпанына дейін Зияданың аман-есендігіне қуандым, майдан даласында шейіт болғанына көз жасымды сығып алдым. Соғыс сұмдығы осы ғой», – деп Шағила апай ой тұңғиығына батып еді. Ұлы Отан соғысында ерлігімен әлемге танылған Шығыстың батыр қыздары – Әлия мен Мәншүк, ұшқыш Хиуаз Доспанова, оқ астынан мыңнан астам жауынгерді алып шығып, өзі мерт болған медбике Ғазиза Өмірбаева, байланысшы-радистер Шағила мен Зиядалардың бейнелері халқының жүрегінде, жадында жаңғырып, ерлік істері кейінгілерге үлгі де өнеге. Батыр да батыл қыз Зияда Дос­бергенованың Отанына, халқына еткен өлшеусіз еңбегі мәңгілікке сақталуы үшін Фабричный кентінің бір көшесіне аты берілді. Ұзынағашта жаңа салынып жатқан Спорт кешені де Зияданың есімімен аталса игі. Мәңгілік алау алаңына аты алтынмен жазылса деген тілегіміз, бұл да – ел тілегі. Надежда ЛУШНИКОВА, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Алматы облысы, Жамбыл ауданы.