Астанада «Сахнадан сәлем» атты ІІІ Халықаралық театр фестивалінің шымылдығы ашылды. Бұл – Қазақстан мен жақын шетелдің театрлары үшін маңызды әрі айтулы оқиға. Астана күнін тойлау аясында Қазақстан, Ресей және Грузияның жетекші әртістері бір апта бойы Астана театрларының сахналарында үздік қойылымдарын қояды. Астананың 17 жылдығын тойлау нақ осы театр апталығынан бастау алмақ.
Биыл аталған шара осымен үшінші жыл қатарынан өтеді. Жыл өткен сайын оның ауқымы кеңейіп, жаңа елдер мен қалаларды қамтып жатыр. Биылғы «Сахнадан сәлемге» қатысатын 12 ұжым қалалықтар мен қонақтарға соңғы жылдардағы ең таңдаулы, халықаралық, республикалық театр фестивальдарында жеңімпаз атанған қойылымдарын ұсынады.
Шараның алғашқы қойылымы бүгін Конгресс-Холда өтеді. Бұл туралы Қазақстан концерт залында белгілі Ресей актері Сергей Безруковтың қатысуымен өткен шарада мәлім болды. Танымал әртіс жетекшілік ететін театр көрерменге танымал «Сирано де Бержерак» туындысын қояды. Қойылымның ерекшелігі заттар мен әрекеттер ықшам түрде сөзбен бейнеленіп отырмақ. Бұл көру қабілеттері нашар және зағип 20 көрерменге спектакльді толық қабылдауға мүмкіндік береді. Басты рөлді Сергей Безруков сомдайды. Кино туралы айтпағанның өзінде, Сергей Есенин, Александр Пушкин, тіпті, аты аңызға айналған бард әнші Владимир Высоцкийді шебер сомдап, көрермен ықыласына бөленген Сергей Безруковтың астаналық жанкүйерлері сүйікті актерлерімен жүздесуге асық. Айта кетейік, бұл Безруковтың Астанадағы алғашқы қойылымы емес.
Мұнымен қоса, фестиваль аясында А.Грибоедов атындағы Тбилиси Мемлекеттік академиялық орыс драма театры өнер көрсетеді. М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының сахнасында әртістер Л.Толстойдың повесіне негізделген қойылымды сахналамақ.
Қазақ тіліндегі қойылымдарды Ақтау, Ақтөбе, Алматы, Астана, Петропавл, Талдықорған және Түркістанның театрлары ұсынады.
Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ,
журналист.