Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап Қылмыстық, Қылмыстық-процессуалдық, Қылмыстық-атқару және Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстерінің жаңа редакциясы қолданысқа енді. Қазіргі күні барлық құқық қорғау органдары қылмыстық сот өндірісінің жаңа моделімен жұмыс істеуде.
Бұл жөнінде Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті. Оның айтуы бойынша, жаңа Қылмыстық кодекс гуманизм қағидаттарына негізделеді, яғни бас бостандығынан айыру жазасын алмастыра алатын бірнеше жаза түрлері енгізілген. Бұл тұрғыда алғашқы рет ҚК-де 125 бапта қылмыстық теріс қылық деп аталатын жаза түрлері қамтылған. Ол – айыппұл салу, түзеу жұмыстары, қылмыстық-атқару жүйесінде болатын үй-қамақтарға алу және т.б болып табылады. Ал 2017 жылдан бастап ұзақ мерзімге, яғни 30-дан 90 тәулікке дейін қамауға алу қосымша жазасы қолға алынбақ.
Сонымен қатар, Қ.Қасымов: «Тергеуге дейінгі анықтау шаралары қысқарғанын айту керек. Қазір қылмыс бірден Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестрына тіркеліп, тергеу жүргізіледі. Бұл өзгеріс тергеушілер мен анықтаушылардың жұмыс жүктемесін арттырып жіберді. Жыл басынан бері оларға 337,2 мың қылмыстық іс келіп түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп деген сөз», деді. Ал жаңа заңнама бойынша құқық бұзушылық туралы әрбір дабыл сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркеледі және олар бойынша қылмыстық іс шеңберінде міндетті тергеу жүргізіледі. Бұл ретте заңнамадағы өзгерістер жұмысқа елеулі өзгерістер енгізуді, қылмыстарды ашу мен тергеудің жаңа тетіктерін пысықтауды қажет ететінін атап өтті.
Сонымен қатар, жыл басынан бері 151,7 мың қылмыс және 18,3 мың қылмыстық теріс қылық тіркелгендігін хабарлаған министр елімізде қарақшылық 1,7%-ға дейін, тонау 6,1%, сондай-ақ, бұрын сотты болғандар жасаған қылмыстар 15,3%, кәмелетке толмағандар 29% және қару қолданылып жасалған қылмыстар саны 24%-ға дейін азайғандығын айтты. Министр денсаулыққа зиян келтіретін, мас күйде жасалатын қылмыстардың «статистикалық» өсуі байқалуда екендігін де жасырмады. Бұған қоса ол қылмыстың құрылымында бұрынғыдай, тонау қылмысы мен алаяқтық басым екендігін де көлденең тартты.
Бүгінгі таңда Елбасының тапсырмасы бойынша жергілікті полиция құру мәселесі Ұлттық комиссияда қаралып жатыр және ол аяқталуға жақын, деді министр одан әрі. Оның айтуына қарағанда, бұл мәселені бірден шеше салу мүмкін емес. Ол еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін қозғайтын болғандықтан, ең маңыздысы – полицияны реформалаудың нәтижесінде құқықтық тәртіпті босаңсытып алмауымыз керек, сонымен бірге, криминалдық жағдайдың шиеленісуіне жол бермеуіміз қажет, деді.
«Біз шет мемлекеттердің тәжірибесін өте мұқият зерделедік, жағдайлар әр елде әртүрлі. Көбіне, жағдай әр елдің мемлекеттік құрылымына, басқару қағидаттары мен жүйелеріне байланысты. Алда болатын реформа туралы талқылау аяқталды, қазір оны іске асырудың әрбір шарасы нақты пысықталуда. Әрине, жергілікті полицияның қазақстандық үлгісі құрылады деп сенеміз», деп қадап айтқан Қ.Қасымов бұл жердегі мәселе полицияны толық орталықсыздандыру туралы емес екендігін жеткізді.
Бұл ретте Ішкі істер министрлігі жүйесінің бірлігі мен тұтастығы сақталатындығына айрықша тоқтала отырып, жергілікті полицияны құру, жалпы алғанда, өте маңызды екі проблеманы шешуге мүмкіндік беретіндігін атап өтті. Олардың қатарында, бірінші кезекте, жергілікті атқарушы органдардың өңірлердегі қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз етудегі рөлі мен жауапкершілігі артатындығы, сонымен қатар, жергілікті деңгейде профилактика жүйесі құрылып, өз деңгейінде дамитындығы айтылды. Ал екіншіден, жергілікті полицияны құру – құқық қорғау қызметін халыққа жақындата түседі және полицияның халыққа есеп беруін арттырады. Сөйтіп, полицияға деген сенімнің артуына мүмкіндік береді.
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан».