ПАВЛОДАР. 7 мамыр. Облыс орталығында Отан қорғаушылар мерекесі күні Соғыс және еңбек ардагерлері, жас сарбаздар мен қала тұрғындары Даңқ әскери саябағында соғыста қаза болғандарға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Соғыс кезінде қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Осыдан бір күн бұрын осы саябақта қала әкімдігі 7 соғыс ардагеріне жаңа пәтер кілттерін табыс еткен болатын. Бұдан кейін ардагерлер облыстық музейде ашылған «Ерліктің үлгісі» атты фотодеректі көрмемен танысты.
Осы жерде балалар үйінің тәрбиеленушілерінің қатысуымен «Елін қорғау – ерге серт» атты концерт қойылды. Одан кейін ардагерлер орталық алаңда орналасқан үлкен монитор экраннан Астанадағы әскери парадтың тікелей көрсетілімін тамашалады.
Әскери парадты көруге монитор алдына қала тұрғындары, қолдарына жалауша, шарлар көтерген жастар жиналды. «Біз экран арқылы еліміздің әскери қуатының қаншалықты мықты, тегеруінді күшке айналғанын көріп таңқалдық. Бүгінгі әскери шеру еліміздің армиясының күш-қуатын паш етті. Астанада Отан қорғаушылар күні мен Жеңістің 70 жылдығына арналған парад біздің есімізде мәңгі қалады», дейді «Замандас» ардагерлер ұйымының басшысы Қабиболлла Шәкәрімов.
Сонымен бірге Виталий Хан, Павел Мальцев, Мате Бактияров сияқты соғыс және еңбек ардагерлері де таңданыстарын жасырмай, еліміздің әскери күшінің сенімді қолда, мығым екендіктеріне қуанатындарын жеткізді. Тікелей көрсетілімнен соң, соғыс және еңбек ардагерлері, қала тұрғындары орталық алаңдағы мерекелік концертті тамашалады. Соғыс жылдарындағы әндерді шырқап, «Жеңіс вальсін» биледі.
Одан кейін «Достық үйінде» «Женiмпаздар-Победители» атты Жеңістің 70 жылдығына арналған естелік жаңа кітаптың тұсаукесеріне қатысты.
Қазір облыс орталығында «Жеңіске дейін 30 күн» атты шаралар өтуде. Кешке Жүсіпбек Аймауытов атындағы музыкалық драма театрында соғыс тақырыбына арналған «Күтпеген кездесу» атты қойылым өтеді.
Фарида Бықай.
Дерек, сурет: egemen.kz