02 Шілде, 2010

АЛМАТЫ-ҮРІМШІ БАҒЫТЫМЕН ЖАҢА ӘУЕ ЖОЛЫ АШЫЛМАҚ

1350 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Соңғы уақытта Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынас аясы ұлғая түсуде. Соған орай, екі ел арасындағы әуе қатынасы бағытында да бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылуда. Анығырақ айтқанда биылғы 2010 жылдың екінші шілдесінен бастап “Алматы-Үрімші” бағыты бойынша жаңа рейс, әуе қатынасы өз жұмысын бастайды. “Эйрбас-А320” ыңғайлы әуе кемесі Алматы қала­сы­нан Үрімшіге аптасына үш рет, яғни сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері ұшады. Ал, Үрімшіден Алматыға қарай рейс бейсенбі, сенбі және жексенбі күндері орындалады. Бұл жөнінде “Эйр-Астана” әуе ком­па­ния­сы­ның Алматыда өткен баспасөз мә­сли­ха­тында жан-жақ­ты түрде баяндалды. Жиында сөз алған “Эйр Астана” АҚ президенті Питер Фостер “екі қала ара­сындағы жаңадан ашылған әуе бағытының Қа­зақ­стан мен Қытай ара­сын­дағы қоғамдық-саяси және эко­но­микалық байл­а­ныс­тардың одан әрі дамуына ай­тарлықтай ықпал ететіндігін атап айтты. – Көпшілікке белгілі, Қазақстан мен Қытай ара­сында сауда-келісім шарттардың көлемі уақыт өткен са­­йын арта түсуде. Бүгінде “Эйр-Астана” әуе ком­па­ния­сы Алматыдан Пекинге және Астанадан Үрімшіге ұшуды жүзеге асыруда, дегенмен бұл рейстер қазіргі таңда көпшілік сұранысын қанағаттандырмай отыр. Бұл орайда атап айтарлық жәйт, жаңадан іске қосылып отырған “Алматы-Үрімші” бағыты біздің әуе компаниямыз үшін болашағы зор жаңа нарықты ашып, тың табыстарға жол ашпақ, – дейді Питер Фостер өз ойын ортаға салып. “Эйр-Астана” әуе компаниясы басшысының пі­кі­рін­ше, екі ел арасындағы рейстерді жүзеге асыру кезеңінде 350 мыңға жуық жолаушының және 6093,8 тонна жүктің тасымалдануы – әуе қатынасына деген жоғары қажеттіліктің кепілі. Биылғы жылдың өткен бес айында, яғни қаңтардан мамыр айына дейін “Эйр-Астана” 8457 жолаушыға қызмет көрсеткендігі де көп нәрседен хабар берсе керек. Үрімші – сондай-ақ, кәсіпкерлер мен туристерден басқа емделуге және демалуға келетіндер және ҚХР-дың Синьцзян-Ұйғыр автономиялы аймағының мәдениеті мен дәстүрін зерттеушілердің де назарын өзіне аударуда. Сөз реті келгенде айта кететін тағы бір жәйт, “Алматы-Үрімші” бағытындағы әуе билеттердің құны тым қымбат емес, ол – 27000 теңге. Ал, бизнес-класс санатындағы орындар бағасы екі жаққа – 140000 теңгеден басталады. Ұшу ұзақтығы 1 сағат 50 минөтті құрайды. Билеттерді броньдау үшін ақпарат орталығына +7 (727) 244-44-77 телефоны бойынша хабарласуға болады. Сөйтіп, Үрімшіге жолаушылап барғандарды бұл өлкенің әдемі табиғаты, ежелгі тарихи ескерткіштері, сауда алаңдары күтуде. Бақыт БАЛҒАРИНА. АЛМАТЫ.