23 Маусым, 2015

Жол – тіршілік тамыры

307 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Батыс Кытай Батыс Европа-3 «Инфрақұрылымдық дамудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы Жол» мемлекеттік  бағдарламасы аясында осы саланы модернизациялау жүзеге асырылуда. Бұл 2020 жылға қарай жүк айналымын 1,6 есе және транзиттік жүк тасымалы көлемін екі есеге арттыруға мүмкіндік береді. Айтар болсақ, мемлекеттік бағдарлама шеңберінде автожол саласында 11 жобаны іске асыру көзделген. Ал автожолдар саласындағы инфрақұрылымдық жобалар бойынша 2020 жылға қарай жалпы құны 2,4 трлн.теңге құрайтын 7 мың шақырымнан астам жол қайта жаңғыртылатын және салынатын болса, оның 1 трлн.теңгесі халықаралық қаржы институттарының займдары екендігін атап өту қажет», – деді Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Инвестиция және даму ми­нистрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Мереке Пішембаев. Оның айтуы бойынша, «Нұрлы Жол» бағдарламасы шеңберінде аралас салаларды қоса алғанда барлық автожол жобалары бойынша жұмысқа 200 мың адамды жұмылдыру көзделген.   Қазіргі уақытта «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» мегажобасын іске асыру жалғастырылуда екен­дігінен хабардар ете отырып, ол құрылысы жүргізіле бас­таған жобаларды атап өтті. Олар­дың қатарына «Орталық – Оң­түстік» (Астана – Алматы), «Ор­талық – Шығыс» (Астана – Өс­кемен), «Орталық – Шығыс» (Ас­тана-Ақтөбе – Атырау – Ақтау), Ал­маты – Өскемен, Қарағанды – Жезқазған – Қызылорда және Атырау – Астрахань кіреді. «Сонымен қатар, ағымдағы жылы аталған жобаларды іске асыру үшін 269,3 млрд.теңге бөлініп отырған болса, оның 178 млрд.теңгесі Ұлттық қордан беріліп отыр. Биылғы жылдың 1 маусымына дейінгі жағдайды есептегенде қаржының 85,4 млрд.теңгесі игерілсе, бұл тұрғыда осы қаржы ішінен  Ұлттық қордан бөлінген қаржының 44 млрд. теңгесі жұмсалды», деді  комитет төрағасы. Қазіргі таңда  жобаларға 33 мердігер ұйым мен 64 қосалқы ұйым тартылып, осының нәтижесінде 27 мың жұмыс орны ашылып отыр. Бұл ретте 5 мыңнан астам жол құрылысы техникасы жұмыс жасау­да. Автожол саласындағы ең ірі жоба ұзақтығы 2787 шақырымды құрайтын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» құрлық­аралық автомобиль дәлізі болып табылады. Жобаларды 2009-2014 жылдары іске асыру кезеңінде Ресей Федерациясы шекарасынан Шымкент қаласына дейін Ақтөбе, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан арқылы 1884 шақырымдық жол бо­йында қозғалыс ашылды.  Ташкент – Шымкент – Жамбыл облысының шекарасы, Тараз қаласының айналма жолы және Алматы – Қорғас учаскелерінің 569 шақырымында жұмыс жалғасуда. Жыл аяғына дейін ұзындығы 183 шақырым болатын Шымкент – Тараз жолы пайдалануға берілмек. Шымкент – Ташкент және Алматы – Қорғас учаскелеріндегі жұмыстар келер жылы аяқталады. Келесі кезекте ұзындығы жағынан 1282 шақырымды құрайтын «Орталық – Оңтүстік» (Астана – Алматы) жобасы бойынша бүгінгі күні Астана-Теміртау және Алматы – Қапшағай учаскелерінде құрылыс жұмыстары жүріп жатқандығы жайында айтқан М.Пішембаев олардың 40 шақырымы цементбетонмен төсел­гендігін жеткізді. Ал үстіміздегі Астана – Теміртау жолының 10 шақырымы, Алма­ты – Қапшағай жолының 62 шақы­рымы, жалпы 72 шақырым жол пайда­лануға берілетіндігін атап өтті. Осы учас­келердегі жұмыс толықтай келесі жылы аяқталмақ. Ал Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал – Күрті учаскесін қайта салу Дүниежүзілік банк пен Еуропа Қайта құру және даму банкі займдарының есебінен қаржыландырылатын болады. Биылғы жылдың соңына дейін займ туралы келісімге қол қойылып, конкурс жарияланады деп жоспарлануда.  Құрылыс жұмыстары 2016 жылдың көктемінде бас­талып, 2019 жылы аяқталады. «Сонымен қатар, үшінші жоба – «Орталық – Шығыс» жобасы бойынша айтар болсақ,  ұзындығы 1018 шақырымды құрайтын  Астана – Өскемен жолының құры­лысы 2013 жылы басталған болатын.  Қазір Астана – Павлодар – Семей учас­кесінде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Олардың жалпы ұзындығы – 509 шақы­рым. Осы жылдың соңына қарай 100 ша­қырым пайдалануға беріледі», деді М.Пі­шембаев. Оның айтуына қара­ғанда, ұзындығы 404 шақырым болатын Павлодар – Семей – Қалбатау және Қалбатау – Өскемен учаскелерінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Құрылыс жұмыстары 2016 жылы басталады. Қазіргі күндері «Орталық – Батыс» жо­басы (Астана – Ақтөбе – Атырау – Ас­трахань) бойынша ұзындығы 470 шақы­рым болатын Бейнеу – Ақтау учаскесінде құ­рылыс жұмыстары жүргізілуде. Былтыр 200 шақырымы пайдалануға берілген болса, дәліздің жалпы ұзындығы – 2720 шақырым. Оның 1290 шақырымын жөн­деу қажет екен. Жобаның құны – 540 млрд.теңге. Қазіргі уақытта Астана – Қара­бұтақ, Ақтөбе – Мақат және Атырау – Астра­­хань учаскелерін жөндеуге халық­аралық қаржы институттарынан займ алу үшін техникалық-экономикалық не­гіздеме әзірленіп жатыр. Займ туралы келісімге биылғы жылдың аяғына дейін қол қойылады деп күтілуде. Бұл жоба құрылыстары келесі жылы басталып, 2019 жылы аяқталады деп жоспарлануда. «Сонымен қатар, ұзындығы  851 шақырымды құрайтын  Алматы – Өскемен жолы жобасы аясында қазіргі уақытта Қапшағай – Талдықорған жолындағы 157 шақырымдық учаскеде құрылыс жүріп жатыр. Үстіміздегі жылдың аяғына дейін 84 шақырымы пайдалануға беріледі. Қалған 73 шақырымы – келер жылы аяқталады, деді комитет төрағасы. Ал Астана – Петропавл жолы мәселесіне тоқталар болсақ, қазір Көкшетау – Петропавл учаскесінің Солтүстік Қазақстан облысындағы 106 шақырымы  жасалып жатыр екен. Одан бөлек, Петропавл қаласын айналып өтетін 11 шақырымдық жолды қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды. 2015 жылдың аяғына дейін 55 шақырымы пайдалануға беріледі. Ал келесі жылы  51 шақырымы берілмек. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».