«Қазақфильм» киностудиясы халқымыздың бастан кешкен тауқыметтерін бейнелейтін картинаны түсіруді бастады
Елімізде Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына арналған «Анаға оралу» («Дорога к матери») атты толықметражды фильм түсірілуде. Аталмыш картинаны Рашид Сүлейменовтің жақында ғана тұсауы кесілген «Оралу» фильмімен шатастырмау керек. Ақпарат айдынындағы әріптестеріміз кең ауқымды тарихи-шытырман оқиғалы фильмнің бастапқы атауын «Ана жүрегі» деп те аударып жүр.
Режиссер Ақан Сатаевтың түсіру жұмыстарын бастап кеткеніне ай болды. Түсіру тобы кеше Алматыдағы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Анаға оралу» фильмінің түсіру жұмыстары басталуына байланысты алғашқы баспасөз мәслихатын өткізді. Осыдан кейін журналистер фильмнің бас продюсері Әлия Назарбаеваның қатысуымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында болып, декорациялық көріністерді тамашалап, актерлардан сұхбат алды.
БАҚ өкілдері белсенділік танытқан баспасөз мәслихатында Мәдениет және спорт вице-министрі Ғалым Ахмедьяров, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ вице-президенті – бас редакторы Дидар Амантай, «Новый мир» Продакшн» продюсерлік компанияның бас директоры Светлана Коротенко мен фильм режиссері Ақан Сатаев қатысып, жаңа фильм жайлы жан-жақты әңгімеледі.
Бұл картина ұлттық киностудиямыздың биылғы ең ірі жобаларының бірі. Жаңа фильмнің қойылымы бұған дейін «Жоюшы», «Рэкетир», «Адасқандар», «Жаужүрек мың бала» картиналары арқылы көрермендерін тапқан Ақан Сатаевқа сеніп тапсырылып отыр.
– Фильмнің идеясына келсек, менің әке-шешем өнер адамдары болғандықтан 80-ші жылдары гастрольде жүріп, бір ауылға барғанда жұрт есінен адасты деп есептейтін кейуананы көреді. Сол кездерде сексеннен асқан әлгі кісі күн сайын ауыл шетіндегі ағаштың түбіне барып, соғысқа кеткен ұлының оралуын күтеді екен. Ата-анамның сол әңгімесі маған өте әсер етті. Кейін сценарий авторы Тимур Жақсылықовпен бірігіп, осыны қалай экран бетіне көшіруге болатындығын ойласып жүрдік, – дейді картина режиссері Ақан Сатаев.
Осылайша фильмге бір адамның тағдыры арқылы қазақ халқының ХХ ғасырда бастан кешкен күрделі тарихи кезеңдері, атап айтсақ, күштеп жүргізілген ұжымдастыру науқаны, ұлттың басына түскен сұмдық трагедия – ашаршылық, Ұлы Отан соғысы және соғыстан кейінгі бейнетті жылдар арқау болады.
Фильм өмірдің тауқыметіне төтеп берген, қиын-қыстау күндері сұрапыл соғыстың мехнатын көрген, жат елде тұтқында болған Ілияс есімді жігіттің тағдырын баяндайды. Жат жерде айдауда жүрсе де, зорлық-зомбылығын көріп, қиянатын кешсе де, жалғыздықтың қасіретін тартса да, бас кейіпкер атажұртын аңсап, анасын сағынып, туған жеріне оралатынына ешқашан күмәнданбайды. Бұл кинотуынды ананың перзентіне деген шексіз махаббаты туралы, перзентінің Отанына деген адалдығы жайлы. Үлкенге сыр, кішіге өсиет айтатын фильм.
Мәдениет және спорт вице-министрі Ғалым Ахмедияров биылғы жылы айтулы оқиға, атаулы даталарға қатысты аса ауқымды мәдени шаралар қолға алынып отырғанын, оған белгілі қоғам қайраткерлері, ұлт жанашырлары, қолынан іс келетін азаматтар жан-жақты атсалысып жатқанын атады. Олардың қатарында жастар үшін аса тағылымды да әсерлі болады деп күтіліп отырған «Анаға оралу» картинасы да бар.
Бұған дейін де аталмыш тақырыпқа талай фильмдер түсірілген. Күштеп колхоздастыру, қолдан жасалған ашаршылық, қаншама қазақты жалмап кеткен екінші дүниежүзілік соғыс туралы көз үйренген ленталар көп. Ал жаңадан қолға алынған картинаның олардан қандай айырмашылығы мен артықшылығы болады? Бұл туралы «Қазақфильм» АҚ вице-президенті – бас редакторы Дидар Амантай кеңінен баяндады.
Фильм сценарийін Ақан Сатаевтың айнымайтын серіктесі – Тимур Жақсылықов жазып отыр. Негізгі түсірілімдер Қазақстанда (Алматы қаласы және Алматы облысы), сонымен қатар, Белоруссия (Минск қаласы) мен Түркияда (Ыстамбұл қаласы) жүргізілмек. Фильмге еліміздің танымал кино жұлдыздары, атап айтқанда, Әділ Ахметов, Аружан Жазылбекова, Еркебұлан Дайыров, Алтынай Нөгербек, Берік Айтжанов, Болат Әбділманов қатысады.
– Шындығын айтқанда, актерлар Ақан Сатаевтың фильмдеріне түсуді армандайды. Ең бастысы – Сатаевтың түсіру алаңында шығармашылық ахуал бар. Режиссер актермен біріге отырып жұмыс істейді. Кейіпкер мен образға қатысты ортақ мәмілеге келе отырып, негізгі мақсатқа жетуге мүмкіндік бар. Және актерға құрмет қандай десеңізші! Құдды, шетелдің әйгілі кино алаңында жұмыс істеп жүргендей боласың. Күн шығып тұрса төбеңе көмекші қолшатырын әкеліп, сәл дамылдасаң орындығыңды бере қояды. Актер да мәпелегенді жақсы көреді, өз жұмысынан шабыт алады. Бұл режиссердің тобы да машықты жұмыс істейді. Мен Ералы деген ауқатты адамды ойнаймын. Дегенмен, ол байлығын тығып отыратын жан емес. Қолынан келгенінше көпке көмектесуге, қол ұшын беруге ұмтылады. Бірақ, оны түсініп жатқан ағайындары аз, кеңес өкіметі де оны қабылдамайды. Осы өкпемен менің кейіпкерім біраз елді ертіп алып, шетелге кетуге мәжбүр болады. Бірақ, оның халқына деген махаббаты қанша қиыншылық көрсе де өзімен қалады. Бұл картинаға үлкен кастинг жүрді. Көркемдік кеңестің таңдауы маған түскеніне қуаныштымын. Режиссердің талап етуімен біраз арықтауға тура келді, – дейді актер Болат Әбділманов.
Продюсерлер сүбелі кинотуындының өмірге келетіндігіне сеніп отыр. Сонымен, «Анаға оралу» фильмі желтоқсан айында экранға шығады. Фильм премьерасын Тәуелсіздік күнінің қарсаңында өткізу жоспарланып отыр.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.
Суретті түсірген
Юрий БЕККЕР.