Атырауда айына оның 1 миллион данасын шығаруға болады
Кезінде бұл өңірде ең ірі химия зауыты жұмыс жасады. Ерекшелігі сол, зауытта жаңашыл ғалымдар ойлап тапқан жаңа өнімдер өндіріске енгізіліп жататын. Тіпті, Атыраудағы бұрынғы химия зауыты сол кездегі жаңа технологияларды сынақтан өткізетін үлкен зертхана секілді еді. Алайда, Одақтың ыдырауымен бірге аталған зауыттың да басынан бағы тайды. Алып кәсіпорынның иелері бірінен кейін бірі ауысты. Бірнеше рет жүргізілген тарату шаралары аясында кәсіпорынның өндірістік желілері бөлшектенді. Басқару тетігі қолдан қолға өтіп, әртүрлі тапсырыстарды орындағанмен, жалақысыз жүрсе де жұмысшылардың алдағы күнге сенімі жоғалған жоқ.
– Біз бұрынғы химия зауытының полипропиленнен шпагат пен қапшық шығаратын цехын сақтап қала алдық. Бірақ, 2009 жылы бұл цех жұмысын тоқтатты. Өйткені, қондырғылар жаңғыртылмады. Жалақысыз қалған жұмысшылар кете бастады, – дейді ұзақ жыл осы салада еңбек етіп, жаңа инвесторлар сенімімен «Қазхим» серіктестігінің басқару тізгінін қолға алған Александр Перкин. – Біздің кәсіпорынның еңсе тіктеуіне елімізде іске асырыла бастаған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының шарапаты тиді.
«Қазхим» серіктестігін құрған инвесторлар 2011 жылы цехқа жаңғырту жұмыстарын жүргізу арқылы оны зауытқа айналдырды. Алдымен 1,3 гектар аумағы бар нысан қалыпқа келтіріліп, ескі қондырғылар бұзылды. 2012 жылы «Даму» қорынан несиеге алынған 400 миллион теңгеге австриялық жаңа технологияның желісі алынды. Желінің жүрегі – экструдер. Бұл түйіршектелген полипропиленді ерітіп, қондырғы желісінде бірнеше метрлік жаймаға айналдырады. Осыдан соң қапшыққа қажетті мөлшерлермен кесіліп, жан-жағы тігіледі. Қажеттілігіне қарай полиэтиленнен астар салынады. Дайын қапшықтар сыртына қажетті деректер жазылып, тапсырыс берушіге жөнелтіледі.
– Қазір шикізатты Ресейден сатып алып отырмыз. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер арасында шикізат тасымалдаудың еш қиындығы жоқ. Бұрынғыдай кедендік кедергілер мен қағазбастылықтан арылдық, – дейді өндіріс басшысы Этивар Мамедов. – Енді Атыраудағы мұнай-химия кешенінің іске қосылуын асыға тосып жүрміз. Өйткені, біздің өндірісіміз қанат жайып келеді. Қазірдің өзінде айына 120 тонна полипропилен сатып алуға дайынбыз.
Осынша көлемдегі шикізат айына 1 миллион дана қант, ұн, тұз және басқа осындай өнімдерді қаптауға арналған қапшық, сонымен бірге, тау-кен өнеркәсібіне де пайдаланылатын 30 мың контейнер шығаруға жетеді. Кәсіпорында 185 жаңа жұмыс орны ашылып, оған жергілікті тұрғындар тартылған. Олардың бәрі де өзге елдердегі осы тектес кәсіпорындарда дайындықтан өтіпті. «Біз үшін тұрақты жұмыс орнының болғаны аса маңызды, сол себептен, күнделікті ісімізді жауапкершілікпен атқаруға тырысамыз. Осы кәсіпорында жұмыс жасағаныма 4 айдан енді асып барады. Бір қарағанда, көп уақыт өте қоймаса да, жұмысым өзіме ұнайды. Өйткені, біздегі қондырғылардың бәрі де жаңарды, демек, өндірісіміздің келешегі бар. Біздің сапалы өніміміз ортақ табысымызға жол ашады. Сол себептен, шеберлігімізді шыңдап, тапсырыс берушінің сұранысын уақытында орындауға жұмыламыз», деп осы зауытқа еңбекке тартылғанына қуанады экструдер операторы Мұрат Арыстанғалиев.
Биыл кәсіпорын өндірісіне 4 миллион еуро көлемінде инвестиция салынатындығы жоспарлануда. Бұл қаржыға сатып алынатын қосымша цех пен осы заманғы желі іске қосылғанда мұнда шығарылатын өнім көлемі 3 есеге дейін ұлғаяды. Ал жұмысшылар қатары екі есеге артады. Айтқандай, өнім шығаруға пайдаланылатын басты шикізат – полипропиленнің ай сайынғы көлемі 600 тоннаға жетеді. Осындай жоспарлы өсім болатындығына байланысты биылғы бірінші тоқсанда зауытқа дейін электр желісін тарту көзделуде. Бұған индустрияландыру бағдарламасы аясында жергілікті билік қолдау көрсеткелі отыр.
– Қазақстанда бизнесті жүргізуге тамаша мүмкіндік жасалуда. Былтырғы жылы кәсіпкерлерді тексеруге мораторийдің жариялануы бизнесті қалыпты арнаға түсіруге жол ашты. Кәсіпкерлерге бұдан артық қандай қолдау қажет? Осындай мол мүмкіндіктің қайтарымы ретінде өндірісті дамытуға ауқымды көлемдегі қаржы салудан жасқанбаймыз, – деп әрі таңданысын, әрі келешекке сенімділігін жасырмайды Әзербайжаннан келген Этибар Мамедов.
Бұл кәсіпорын жыл сайын жергілікті бюджетке салық ретінде қомақты қаржы төлейді. Соның бір дәлеліндей, өңірдегі ірі салық төлеушілердің тізімінде үшінші реттік санда «Қазхим» серіктестігі аталады. Сонымен бірге, қазақстандық үлесті дамытушылар легінде алдыңғы орыннан көрініп келеді. Қазір мұндағы қазақстандық үлес 97,5 пайызды құрайды. Ал 2,5 пайыздық үлесті шикізаттың сырттан тасымалдануымен түсіндіреді, кәсіпорын басшылары. Болашақта Атырауда мұнай-химия кешенінің іске қосылуымен қазақстандық үлес көрсеткіші 100 пайызға жететініне бек сенеді.
Кәсіпорын өніміне сұраныс қандай, қайда өткізеді? Журналистік әуестікпен бұл сауалдарды да кәсіпорын басшыларына қойғанбыз. Олардың жауабы дайын екен. Өйткені, Қазақстанда дәл осындай өндіріс орны соншалықты көп емес. Түрлі көлемдегі қапшықтар мен контейнер, шпагат шығаратын кәсіпорын еліміздің Көкшетаудан өзге өңірлерінде жоқ екенін ескерсек, атыраулықтар өніміне тек Қазақстанда ғана емес, жақын шетелдерден де сұраныс артып отыр. «Қазхим» өнімдерін сатып алушылар қатарында «Қазхром», «Қазазот», «Аралтұз» секілді отандық ірі кәсіпорындармен бірге, ресейлік тұтынушылар да бар. Соның бірі – «Куйбышевеазот» кәсіпорны. Енді Еуразиялық экономикалық одақтың құрамына мүше болар елдер қатарының өсуімен тұтынушылардың саны артатыны даусыз.
– Өнім өндіретін кез келген кәсіпорын тұтыну нарығын кеңейтуді көздейді ғой. Бұл ретте Еуразиялық экономикалық одақтың арқасында бізге тағы бір нарық кеңістігі – Белоруссия есігі ашылды. Біздің тағы бір мақсатымыз – Еуропа нарығы, – дейді «Қазхим» ЖШС бас директоры Александр Перкин. – Өйткені, Белоруссиядан сол елдің тауарлары біздің қапшықтарымызға қапталып, Еуропаға жол тартады. Демек, еуропалық тұтынушылар назары Қазақстанда шығарылған қапшықтардың сапасына да ауады. Біз қазірдің өзінде Чехиядан сол елдің талаптары мен нормаларын зерттеуге кіріскен өз өкілдігімізді ашып қойдық. Біздің тауарымыздың үлгілері Германия сарапшылары мен жетекші мамандарының сертификаттауына ұсынылды. Еуропаға кіруімізге рұқсат берілсе, бұл біз үшін тек табысымызды көбейту ғана емес, бірінші кезекте өндіріс қуатының артуына, сонымен бірге, жаңа жұмыс орнының ашылуына ықпал етеді. Әрине, жергілікті бюджетке қосымша түсімдер де көбейеді.
Иә, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы бесжылдығы қарлығаштарының бірі саналатын «Қазхимнің» бүгінгі тынысы мен келешектегі жоспары осындай.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».