23 Маусым, 2015

Тағаттылық – татулық тірегі

374 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
zeynullin1Біз облыстық дін істері басқармасының басшысы Мұратбек ЗЕЙНУЛЛИНМЕН кездесіп, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның өңірде жүзеге асуы жөнінде әңгімелескен едік. – Мұратбек Бегайдарұлы, алдымен Әлемдік және дәстүрлі дін­дер көшбасшыларының V съезіне қатысушы ретінде алған әсерлеріңізбен бөліссеңіз. – Қазақстан демократиялық мемлекет ретінде этносаралық, конфессияаралық, рухани жаңарулар мен жаңашылдықтарға үнемі қолдау көрсетіп келеді. Соның нақты дәле­ліне Елбасымыздың тікелей бас­тамасымен 2003 жылы Астанада алғаш рет ұйымдастырылған Әлем­дік және дәстүрлі діндер көш­басшыларының І съезін айтуға болады. Оған 17 конфессиялық делегация келсе, ІІ съезге – 29, ІІІ съезге – 77 делегацияның қа­ты­­суы адамзатты толғандырып отырған мәдениеттер мен діндердің қатар өмір сүруі жағдайындағы өркениеттер үнқатысуының қанша­лықты маңызды екенін аңғартса керек. ІV съезге төрткүл дүниенің әр қиырынан 87 делегация қаты­сып, «Бейбітшілік пен келісім–адам­заттың таңдауы» деген ұранмен өтуі есте қаларлықтай болды. Бұл жолғы алқалы басқосуда діни экстремизм мен терроризмге қарсы әрекеттер шараларына Қазақстанның бастамашылдығы тағы бір мәрте қуатталды. Съездің ашылуында сөйлеген Мемлекет басшысы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің назарын ашық үнқатысу, сұхбат барысында дәстүрлі діндер идеяларын рухани негіз ретінде адамзат бойына ұялатуға, қолдау тапқан идеялар мен шешімдер діни адасушылықтан сақтануға көмектесетініне аударды. «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі беретін артықшылықтарды да пайдалануымыз керек. Осы әңгімелесу ала­ңының базасында діни ыңғай­дағы дауларды шешудің жаңа тұғырнамасын жасауымыз қажет», деп Н.Назарбаев атап өткендей, мұндай ұжымдық ой-пікірлер тоғысы кез келген ке­ліспеушілікті тоқтатудың шешу­ші факторына айналып жатса, ұтарымыз көп. – Облыстың этностардың, ді­ни конфессиялардың сан алуан­дығымен ерекшеленуі басқарма алдына үлкен талаптар мен мін­деттер жүктері анық қой. – Әрине. Өңір тұрғындарына да өзара сыйласымдылық, төзім­ділік, бір-бірін құрметтей білу қасиеттері тән. Осындай дәстүрлерге беріктіктің, адалдықтың ізгі ниет­терін діни конфессиялар танытып келеді. Бүгінде әділет басқармасына 70-тен астам діни бірлестік, 7 шетелден 45 миссионер тіркелген. 169 діни ғимарат, оның ішінде 66 мешіт, 31 православие храмы, 44 католик костелі, 28 протестанттық ғибадат үйі жұмыс істейді. Әлеуметтік зерттеу нәтижелеріне қарасақ, өңірде діни ахуал орнықты, жағдай тұрақты. Тұрғындардың 84,8 пайызы діндарларға үлкен құрмет­пен қараса, 92,3 пайызы еліміздегі діни ахуал мен конфессияаралық қарым-қатынасты оң бағалайды, мемлекет жүргізіп отырған келісім саясатын қолдайды. Облыста құрылған 16 ақпарат­тық-насихат тобы құрамына дәс­түрлі конфессиялар өкілдері, ғалымдар, дінтанушылар, құқық қорғау органдарының өкілдері, ардагерлер мен жастар тартылған. – «Қазақстан-2050» Страте­гиясы – қалыптасқан мем­лекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында жастарымыздың бір бөлігі жал­ған діни көзқарасты көзсіз қабыл­дайтыны, шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз келетіні айтыл­ған болатын. Жас толқынды соқыр фанатизмнен сақтандырудың жолдары қандай? – Қоғамдық тұрақтылықты сақтаудың айрықша маңыздылығын, халқымыз үшін дәстүрлі емес ді­ни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұрғанын Мемлекет басшы­сы үнемі айтып келеді. Ата Заңымызда сенім бостандығына толық кепілдік берілген. Бірақ солай екен деп заңдар талабын бұзуға болмайды. Ата салт-дәстүрлері мен құндылықтарды қастерлейтін жас­тар теріс бағытқа түспейтінін, ақ жолдан адаспайтынын баса айтқым келеді. Ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден арылу үшін елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сананы қалыптастыруымыз, өмір салтында, тұрмыста зайырлы қоғамның дәстүрлерін орнықтыруымыз керек. Бұл орайда, келеңсіз жайттарды еңсерудің профилактикасын кү­шейтудің, үгіт-насихат жұмыс­тарын талмай жүргізудің маңызы зор. Біз осы жағын қатты ескере оты­­рып, Қазақстан халқы Ассам­блеясының 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақ­стан Конституциясының 20 жылдығы қарсаңындағы кешенді шаралар тізбегін діни сананы қалып­тастыруға, қазақстандық патриотизмді насихаттауға, ради­­­кализмнің, экстремизмнің, терроризмнің кез келген түрлерінің жолын кесуге бағыттауымыз өз нәтижесін беріп келеді. Жыл басынан бері 29 мыңдай адам қамтылған 200-ден астам түрлі пішімдегі іс-шаралар өткізілді. Олардың арасында «Дінтану негіздері» факультативтік курс ұстаздарының ашық сабақтары, семинар-практикумдар, шеберлік сыныптары, «Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау», «Қазақстан Республикасындағы діни ахуал», «Радикалды діни ағым­дар» тақырыптарындағы дәрістер жұртшылықтың ерекше қызығушылығын тудырды. Аудандарда көшпелі семинарлар ұйымдастырылып, жалған діни ұйымдар, терроризм, экстремизм жайлы кең мағлұматтар берілді. Ақпараттық-әдістемелік қамтудың әдіс-тәсілдері жетілдіріліп, деректі фильмдер, бейнероликтер, DVD дискілер және электрондық пішім­дегі дәрістер топтамалары ұсынылды. «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік-конфессиялық қа­рым-қатынастар» тақырыбында өткізілген оқыту семинарына жас­тар бастамасы орталығының жетекшілері, мектеп директорлары, облыстық, қалалық газет редакторлары қатысып, дін саласындағы құқықтық және дінтанушылық білімді арттырудың өзекті мәселелері талқыланды. Оның қорытындысы бойынша 38 қатысушыға сертификат тапсырылды. Құқық қорғау органдарымен, әскери бөлім­шелермен жұмыс жасау барысында әскерге шақырылушыларға, студенттер мен оқушыларға, олар­дың ата-аналарына айбынды мемлекетіміздің діни экстремизммен, терроризммен күрес жөніндегі бағдарламалары, ұлт­ты сақтандыру шаралары, төзімділік еркіндігі қағида­лары, бірлік пен татулық құнды­лықтары, қазақстандық ерекше то­леранттылық жан-жақты түсіндірілді. Құқықтық және діни білімді арттыруға бағытталған бірлескен іс-шаралар жоспары негізінде бас бостандығынан айы­рылып, жазасын өтеушілермен өткізген ашық сұхбат барысында деструктивті діни қозғалыстардың азаматтардың рухани өміріне теріс әсері туралы кең түсініктер берілді. Дәстүрлі конфессиялардың, діни қызметшілердің түзеу мекемелеріне бару кестесінде бабаларымыз ұстанған ұлттық салт-дәстүрлер мәселелері молынан қамтылған. Радикалды діни көзқарасқа душар болған адамдарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуге исламдағы дәстүрлі көзқарасты жетік білетін азаматтар көптеп қатыстырылады. Солардың бір мысалы ретінде «Ақниет» оңалту орталығы ұсынған жобаны айтуға болады. – Әлеуметтік, этностық, діни шиеленістерді еңсерудің сенімді тетіктерін қалыптастыруға кон­­фес­­сияаралық бірлестіктер қаншалықты үлес қосып келеді? – Елбасының «өз еліне пайдасын тигізу, өз Отанының тағдырына жауапты болу – әрбір жауапты сая­саткер үшін, әрбір қазақстандық үшін парыз және абырой» деген сөзі бар. Жергілікті конфессияаралық ұйымдар да қоғамға кереғар діни келеңсіздіктерге қатты алаң­дау­шылық білдіреді. Қазақ­стан Республикасының дін сала­сындағы заңнамасын бұзып, заңсыз миссионерлік қызметпен айналысқаны үшін «иеһова куәгерлері» діни бірлестігінің 4 өкілі және «ЕХБ Шіркеулерінің халықаралық кеңесі» ЖДБ өкілі әкімшілік жауапқа тартылды. Қазіргі уақытта шетелдік тео­логиялық оқу орындарында – 4, «Нұр» қазақ-египет Ислам университетінде – 7, медреселерде 13 студент оқиды. Ондағы мақсат – қатарымызды сауатты да білікті дін мамандармен толықтыру. Діни әдебиет пен діни маз­мұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды таратуға арналған ста­ционарлық үй-жайларды орналастыру біріздендірілген. Қазір облыста 3 стационарлық үй-жай бар, жақын арада тағы 5-еуін ашу жоспарланған. 11 ғибадат ғимараты салынуда. Күзде Қарасай ауылында мешіт қолданысқа беріледі. Славян этномәдени бірлестігінің бастамасымен Құдай Иенің аспанға көтерілуіне орайластырылған мереке өткізу белгіленген. Рухани келісім күні қарсаңында «Деструктивті діни ағымдардың алдын алудағы православиенің рөлі», «Қазақ мәдениетінің дәстүрлері және ислам», «Қазіргі азаматтық қоғамдағы дін және этнос» тақырыптары бойын­ша республикалық, аймақтық ғылыми-практикалық конференция­лар ұйымдастырылады. Мұндай маңызды шаралар аудандарда да жалғастырылады.  Әңгімелескен Өмір ЕСҚАЛИ,  «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.