Қазіргі таңда халықтың арасында әлеуметтік сала, оның ішінде мемлекеттік және жалға берілетін пәтерлер мәселесі қызу талқыға түсіп жүр. Оған осы пәтерлерді бөлу кезінде жіберілген түрлі заңсыздықтар себеп болуда. Кеше “Нұр Отан” ХДП Орталық аппаратында Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің 16-шы отырысында осы мәселе жан-жақты сараланды. Басқосуға Парламент депутаттары, Бас прокуратура, Қаржы полициясы, Қаржы министрлігі, Құрылыс және тұғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі агенттік және БАҚ өкілдері қатысты.
Отырыс барысында сараптамалық комиссия мүшелері Астана, Алматы қалалары мен Павлодар, Оңтүстік Қазақстан облыстары бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан бөлінген пәтерлерді тарату мәселелері бойынша талдау нәтижелерін талқылады. Бұған билік партиясының қоғамдық қабылдау бөлімдеріне түскен шағымдар себеп болған көрінеді. Жиынға қатысқан комиссия өкілдерінің айтуынша, тұрғын үй құрылысын дамытудың 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша кейбір тексерілген өңірлер жұмысы талапқа сай келмейді екен. Мұндай қорытындыға келуге жергілікті атқарушы органдар мамандарының өрескел заң бұзушылықтарға жол бергендігі де түрткі болыпты.
Мәселен, Павлодар облысында “Қалалық коммуналдық шаруашылығы” мемлекеттік кәсіпорны арқылы көп пәтер кезексіз таратылған екен. Яғни, тиісті бақылаудың жоқтығынан бұл азаматтардың тең жартысы ешқандай заңды құжатсыз баспанаға орналасқан болып шықты. Бұған қоса, арнайы жүргізілген зерттеу нәтижесі бойынша бұл кәсіпорынның балансында жатақханадан бөлінген 42 бөлме бар екендігі де анықталған. Сол секілді Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласы мен Ордабасы, Сарыағаш, Сайрам, Мақтаарал аудандарында да пәтер беру кезінде ешқандай кезектің сақталмағаны белгілі болып отыр. Мәселен, Сайрам ауданында 2010 жылға дейін баспанаға зәру азаматтарды кезекке қою жұмысы жүйесіз жүргізілген. Бұған аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімі қызметкерлерінің 5 пәтердің кімге тапсырылғаны жөнінде құжатты көрсете алмағандығы себеп болған көрінеді.
Отырыста осы мәселе бойынша ой-пікірлерін жеткізген комиссия мүшелері баспана беру кезіндегі заңсыздықтар Алматы қаласында да тіркелгендігін алға тартты. Бұл жерде де тұрғын үй комиссиясы құрылмаған, баспана алуға кезекке тұрған азаматтардың тізімі түзілмеген. Ал ең көп заң бұзушылық Астана қаласында анықталыпты. Мұнда соңғы екі жыл ішінде пәтерге мұқтаж жандар кезегі екі есеге дейін артып кеткен.
Басқосу кезінде сөз алған “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин аталған мәселенің өзектілігіне тоқтала келе, тұрғын үй саласындағы тәртіп бұзушылық пен заңсыздықтарды жүйелі түрде шешу қажеттігін атап көрсетті.
Отырыс соңында кеңес мүшелері мұндай заңсыздықтар жемқорлықтың кеңінен етек алуына жол ашады, сондықтан, оны бір жүйеге келтіру қажеттігін атап айтты. Жақын күндері аталған қала, облыстар бойынша жинақталған барлық мәліметтер Үкіметке және тиісті құқық қорғау органдарына жіберіледі.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.