Қоғамда болып жатқан әрбір іс-әрекетке үн қату, әр оқиғаны талдап жазу, әр құбылысты елге жеткізу журналистің қызметі ғана емес, өмірі. Қалың әлеуметтің сауатын көтерумен қатар, санасына әсер етіп, ұлт сапасын жақсартатын да қалам ұстаған қауым мен ақпарат сүзген қаламгердің міндеті. Міне, әрбір тағдырға ара түсіп, әрбір рухқа үңілетін журналистика дейтін ғылымның күрделі салаларының бірі құқық мәселесі. Отандық журналистиканың маңызды бір ғылыми саласы ретінде осы «Құқықтық журналистика негіздері» дейтін пән айналысқа еніп, оны ұзақ жылдардан бері зерттеп жүрген ұстаз, белгілі журналист Серік ЖҰМАБЕКҰЛЫН әңгімеге тартқан едік.
– Секе, өзіңіз біраз жылдардан бері тілші қауымының бірнеше буынына «Құқықтық журналистика» сабағынан тәлім беріп келесіз. Журналистің қызметі тек ақпаратпен қамту ғана емес, оның сол ақпаратқа қол жеткізу үдерісінің өзі көп көзге байқала бермейтін «қып-қызыл» заң. Осы «құқықтық журналистика» жөнінде аз сөзбен мәлімет беріп көріңізші?
– Экономика тақырыбына, әлеуметтік, қоғамдық тақырыптарға сын жазуға болады, министрден бастап әкімді де, кез келген басшыны сынауға болады. Алайда, прокурордың шешімін, соттың үкімін, тергеушінің ісін журналистік тұрғыда баяндау, барлық істі қорыту – ол оңай шаруа емес. Министр мен әкімнің басқаруындағы іске баға беру, сынау, дәлелге сүйене отырып бұлтартпай айтуға, жазуға болады. Ал сот ісінде сен мысалдарды еркін қолдана алмайсың. Журналистік зерттеудің түрлі сапасы, әдісі болатындығын ескерсек, бұл – құжаттық зерттеу болады. Яғни, біз құжатқа, шығарылған үкім мен шешімге сүйеніп жазамыз.
Міне, айтып отырған құқықтық журналистика үдерісін ең алғаш бүгінгі «Егемен Қазақстан», бір кездегі «Социалистік Қазақстан» сонау 80-жылдары, елімізге «жариялылық» дейтін үрдіс келген кезде ең алғашқы қазақ басылымы болып бастаған еді. 90-жылдары «Сот бұзылса – кім түзейді?», «Прокурор пәрмені», «Тергеудің теперіші», «Шымбайға батса да – шындық», «Ар қазаны айыптайды», «Заң алдында бәріміз жауаптымыз», «Қылмыс құрықталмай, тұрмыс дұрысталмайды», «Сыбайлас жемқорлықпен күрес» деген секілді айдарлармен елдегі құқық мәселесін көтеріп, қоғамдық мәселені әрдайым назарда жіті ұстады.
Кез келген қоғамда түрлі саяси, экономикалық реформаны жасай беріңіз, егер заңдық қадағалау болмаса, ол еш жүзеге аспайды. Сөз жүзінде атқарыла беруі мүмкін, бірақ іс жүзінде ондай бетбұрыстар халық игілігін көрмейді. Міне, осы жерде құқықтық органдар істі қадағалап жүргізсе, құқықтық журналистика сол жауапты органның жұмысына баға береді. Заңның жүзеге асуы, жұмыс істеуі, осының бәрін көрсету, талдап тұрып халыққа түсіндіру – журналистиканың міндеті. Бізді арнайы заңмен бекітіп қоймаса да, журналистиканың қоғам тынысын, қадамы мен өзгерістерін көрсетіп, жариялап отыру ең алғы шарттары мен атқарар қызметі.
Бір нәрсе бар. Журналистика өз құқығына сай әрекет ету керек болғанда, оның да араласа алатын, қатыса алатын жері болады. Журналист сот істі қарап жатқанда, тергеу амалдары жүргізіліп жатқан тұста оған араласуға, өз тұрғысынан баға беруге қақысы жоқ. Міне, «Құқытық журналистиканың негіздері» деген пән осыны оқытады. Журналистің қақысы осыдан туындайды. Яғни, журналистің құқығы, оның үн қату амалдары мен айтуға, жазуға болатын шегі.
– Жақсы, енді журналистиканың осы саласына қалай келдіңіз? Нені зерттеп, нені зерделедіңіз?
– Сонымен, жаңа сөзіміздің басында айтып өттік, 80-жылдардың ортасынан 90-жылдардың басынан бастап «Егемен Қазақстан» газеті құқықтық тақырыпқа терең дендей бастады. Құқықтық журналистика сол кездерде қоғамдық мәселелерді құқықтық тұрғыдан зерделеді. Белгілі тілшілеріміз Нұри Муфтах, Бақтияр Ерімбет, Құдияр Біләл, Көпен Әмірбек секілді журналистер сол кезде заң тақырыбын кеңінен зерттеп, халыққа жеткізіп отырды. Мен ол кезде «Халық кеңесі» газетінде қызмет ететін едім. Сонда «Егеменнің» журналистері зерттеп, солар қозғайтын құқықтық тақырыптар маған өте қызық әрі тартымды еді. Бас газеттің журналистері барша қазақ газеттерінің жолбасшысы секілді болды. Сөйтіп жүргенде, тоқсаныншы жылдары мен аға газеттің «Құқық» бөліміне қызметке келдім. Сөйтіп, осы тақырыпты одан әрі жалғастыруға, өз үлесімді қосуға тағдыр нәсіп етті.
Бүгінде «Құқықтық журналистика негіздері» деген пән барлық жерде бар. Бірақ онда нені оқытады? «Журналистік этика», «журналистің құқығы мен міндеті», журналист қай кезде заң бұзбау керек, міне, соны ғана айтады. Соттың ісіне тікелей қатыспай отырып, қалай сын мақала жазуға болады, оны оқытпайды. Бұрынғы Кеңес Одағында да, шетелдік журналистикада да бұл пән бар. Алайда, журналистің әлгіндей шеберлігін дамытатын мәнер жоқ. Міне, мен 30 жылдан аса уақыт осы тақырыпты жаздым ба, енді осыны ғылыми негізге түсіру ісімен тереңдеп айналысып жүрмін. Осы журналистің құқықтық талаптарын ғылыми айналысқа түсіріп, шәкірттер тәрбиелеу ісін жолға қойып келемін. «Типтік бағдарламалар» ретін министрлік бекітеді, ректораттар қуаттайды. Оны сіз өз жаныңыздан шығарып, оқыта алмайсыз. Ғылыми тұрғыдан дәлел келтіруіңіз керек. Міне, мен аз да болса, осы салаға өз үлесімді қосып, қазақ журналистерінің құқықтық сауатының белгілі бір деңгейлік сапаға ие болуына қызмет етіп келемін. Бұған дейін журналистика саласында болмаған осы ғылымның кеңінен насихатталып, тереңірек қозғала бастағанына да екі-ақ жыл болды. Біз бір нәрсені мойындауымыз керек. Ол – бүгінгі қоғам, бүгінгі билік қазақ журналистикасының жаңа белеске көтерілуіне үлкен мүмкіндіктер жасап отыр.
– Көп жағдайда көңіл бөле бермейміз, расында журналистика дегеніңіз барлығынан хабардар болу ғана емес, барлық жағдайда сауатты болу дейсіз ғой?
– Әрине! Бізде кез келген саланың өз заңы бар. Әр қызметтің, әр міндеттің өз заңы, өз құқығы бар. Заңгерлердің өзі бұл саланы күнде оқыса да, зерттесе де әлі күнге түбіне жете алар емес. Ең алғаш болып сыбайлас жемқорлыққа қатысты заңды біз қабылдадық. Осы заң күні бүгінге дейін жетілдіріліп келеді. Құқықтық мемлекетте қаншама заңнамалар бар. Міне, біздің пән журналистерге осы заң мен құқықты оқытып келеді. Бұл дегеніңіз қоғамда қызмет ететін күрделі саланы үйрету. Журналист тек бір саланы немесе өз құқығын ғана оқымайды, барлық саланың заңымен қалай жұмыс істеу керектігін университет қабырғасынан біліп шығады.
Журналист деген әрбір адам тағдыры мен қоғам оқиғасына қатысушы, арашашы және үн қатысушы ғана емес, ол осы адамзат өмірінің сақшысы, дүниедегі барлық заңдылықтар сақталып, әділ қоғам орнауын тікелей бақылаушы іспетті. Сондықтан да журналисттің сауатын көтеру дамыған қоғамның ілгері басуына зор әсер етеді.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.