20 Наурыз, 2015

Жаркент жайсаңы

392 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Снимок-2Әділшайық Ыбыраймолдаев туралы тілге тиек еткенде ең алдымен оның алғырлығы, қашан да шалт қимылдап, шапшаң шешім қабылдайтындығы бірден еске түседі. Әдетте, ондай әрекетке бейім адамдар көбіне-көп қателікке бой алдырып жатады емес пе? Ал ол кісінің ісінде мұндай жағдай аз, тіпті мүлде кездеспейді десе де болады. Өйткені, оны өмірдің өзі шыңдап, өзі тәрбиелеп, санасына мол тағылымын терең сіңірген десек, артық айтқандық емес. Орта мектепті бітірген соң төрт жылдай туған шаруашылығында жұмыс істеп, содан соң Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтына оқуға түскен. Инженерлік мамандық алып шығып, туып-өскен Қоңырөлең ауылындағы машина-трактор стансасында еңбек етті. Тумысынан ширақ, іске мығым жігерлі жас ұзамай-ақ басшылықтың назарына ілігіп, бас инженерлікке жоғарылатылды. Одан кейін «Октябрь» кеңшары партия ұйымының хатшысы, ет комбинатының директоры, «Көктал» кеңшарының директоры, аудандық агроөнеркәсіп бірлестігінің төрағасы, Талдықорған ауданындағы «Заря коммунизма» кеңшарының директоры, тағы басқа да бірқатар маңызды тетіктердегі лауазымдардың тұтқасын ұстаған. Терең білімімен, ұтқыр ұйымдастырушылығымен ерекше тұлғаланып тұратын ол қандай істің болсын күрмеуін тез шешіп, айналасындағыларды ортақ ізгі мақсатқа жұмылдыра білетін. Қажет кезінде ақырын айтып та, батырып айтып та сөзін өткізетін. Бірақ, ешқашан қарапайымдылығынан айныған емес. Шенділермен шеңдесе, бұқарамен біте қайнасып қызмет ететін. Үлкенмен үлкендей, кішімен кішідей тіл табысатын. Негізі, нағашысы Қожбанбет би емес пе, тілінен май тамызатын. Оның үстіне Қоңырөлең өңірі Ырыскелдідей шешен шыққан қазақы қаймағы қалың орта ғой. Үлкендердің үздік үрдісін бойына молынан сіңірген ол орыс тіліне де өте жүйрік еді. Осы арада еріксіз әкесі Ыбыраймолда Өтегенұлының қайраткерлігі, сұңғылалығы еске түседі. Біз бүгінде «шекара» десек, оның басшылығында болған бір кездегі Бас хатшы Константин Черненконы, оның серіктесі Николай Головацкийді айтып таңдайымыз тақ ете қалады ғой. Шындығына келсек, онда командир болған Қасымқан Шанышов, сондай-ақ, солармен қарулас болып, тап күресінің дәл қанды оқиғаларының ортасында осы Ыбыраймолда атамыз жүрген екен. Оның өзі бөлек бір үлкен әңгіменің тақырыбы. Бұл арада айтайық дегеніміз: атамыз сол кездегі заман ағымын дұрыс бағамдап, баласы Әділшайықты орысша жетік болсын деген оймен ауылда жетінші сыныпты бітірген соң, әдейі Көкталдағы орыс тамырының үйіне тұрғызып оқытыпты. Сөйтіп, бала Әділшайық мектепте ғана тіл сындырып қоймай, күнделікті тұрмыста да орыстармен етене араласқан. Осылайша қос тілді де қатар жетік меңгерген ол кейіннен оның жетістігін бір кісідей көрді. Әдекеңнің қайраткерлігінің шарықтау шыңы әсіресе, сонау тәуелсіздігіміздің таңы атқан алғашқы кезеңде айқын аңғарылды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев бір сөзінде айтқандай: «Сана-сезімнің шиеленісі мен ширығуы ерекше болған...» осынау тоқсаныншы жылдары Әдекең туған өңірі Панфилов ауданының ең алғашқы әкімі болып тағайындалған болатын. Ескі мен жаңа тайталасып, қарапайым халық тығырыққа тірелген сол бір аласапыран кезеңде ол өзінің нағыз туған жерінің патриоты, ел үшін туған ер екендігін көрсетті. Қарым-қабілеті мен ұйымдастырушылық қасиеті бар қырынан жарқырай ашылды. Қысылтаяң кезінде халыққа ең керегі нан екенін ұғынған ол ауданда күрт бетбұрыс жасап, елді егін­шілікке, оның ішінде ең қажеттісі – бидай егуге бейімдеді. Ақиқатын айту керек, Жаркент жеріне «Еркін экономикалық аймақ» мәртебесін әперудің құқықтық негізі ол ауданға әкім болып келердің алдында қаланған болатын. Ал оны іс жүзінде пайдалану жұмысын тікелей Әдекең жүзеге асырды. Ол кезде мемлекетімізде осы ауданнан басқа екі-ақ жерде ғана осындай аймақ бар еді. Бірі кезінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің вице-спикері болған Мұхамбет Көпей басқарған Жәйрем өңірінде, екіншісі Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрінің бірінші орынбасары болған Альберт Рау жетекшілік еткен Лисаков жерінде құрылған еді. Осы құрылымдар арасында тығыз іскерлік байланыс болуы – істі ілгерілетуге өзінің игі әсерін тигізді. Оның артық­шылығын пайдалануда Әдекең өзінің тапқырлығы мен іскерлігін мейілінше молынан қолданды. Қолда барды ұқсатуға тырысып, Жаркент жерінде көтерме базар сал­ғызу арқылы аудан бюджетіне қыруар қаржы құйғызды. Аудан аумағы арқылы күн сайын ары-бері ағылып өтіп жататын жүздеген автокөліктердің экологияға тигізген кері әсері өтеуін қайтаруды да қадағалады. Қашан да жаңалыққа жаны құмар, тыңнан түрең салуға талпынғыш Әдекеңнің сол бір кездері Алматы, Талдықорған секілді қалаларда оқып жүрген жаркенттік жастарға жасаған жақсылығы тіптен тәнті етерлік. Озат студенттерге ауданнан шыққан атақты өнер, білім, ғылым, еңбек майталмандарының атында шәкіртақы тағайындатып бергізді. Жылына екі рет мереке кезінде арнайы автобустар жіберіп, оларды ауылдарына тегін тасымалдауды ұйымдастырды. Қазіргі күндері егемен еліміздің түпкір-түпкірінде әр салада қызмет етіп жүрген бір кездегі сол бозбалалар мен бойжеткендер бүгінде сол ел ағасының әкелік қамқорлығын тамсана еске алады. Әділшайық Ыбыраймолдаұлының есімі сонымен қатар алғаш сонау 1993 жылы бүкіл алты алашқа сауы­н айтып, Қазақ елінің тарихындағы айрықша орны бар айтулы оқиға – Орбұлақ шайқасындағы Ұлы Жеңістің 365 жылдығына арналған ұлан-асыр той өткізумен есте қалды. Бұл жай басқосу емес, ұлттық рухтың тірілу, рухани жан дүниеміздің жаңғыру тойы еді. Келмеске кеткен кеңестік кезеңдегі тарихи жадымызды бұғаулап тастауға тырысқан әрекеттерге қарамастан бұл орасан зор оқиға туралы көрнекті зерттеуші-жазушы жерлесіміз Бексұлтан Нұржекеұлы сананы құрсаулаған қырық қатпарлы саясатқа сыналап еніп, өзінің «Жайлаудағы жиырма күн» атты повесінде тұңғыш рет көркем шығарманың көрінісі ретінде оқырман қауымға паш еткен болатын. Кейіннен алыс-жақын шетелдердегі архивтерді ақтарып, құжаттарды анықтап, көз майын тауысып, деректі дүниелер жазып, оның ақиқаттылығын қарапайым бұқара халықтан – бүкіл биік дәрежелі лауазымдылар мен зиялы қауым арасында нақты ғылыми деректермен қаламының қуаты арқасында дәлелдеп шықты. Сонымен, Бекеңнің бекем де беделді іскерлігінің нәтижесінде ой-арманы мемлекеттік дәрежедегі іс-шараға ұласып, басшылығында Қуаныш Сұлтановтай елжанды жерлес бауырымыз отырған республика Үкіметінің арнайы қаулысы да шықты. Баяғыда батырлары ат тұяғымен дүбірлеткен, осы ер бабаларының ерлік істерін қаламгер перзенті батыл ой-пікірімен дәлелдеген өңірде еміренген елін елеулі шараны жүзеге асыруға жұмылдыра білетін жүректі ел ағалары да жоқ емес екен. Оны оңды ісімен көрсетіп, ел мен жер дегенде жүрегін жұлып беруге әзір екенін байқатқан тағы да осы Әдекең. Ол жаратылысынан еңбекқор Жаркент жұртын жарты әлем назарын тіккен үлкен мерейтойды ұйымшылдықпен өткізуге жұмылдыра білді. Әдекең шекаралық шепке қоныс тепкен ауда­нымыздағы әскери бөлімдер басшылығымен әрдайым тығыз қарым-қатынаста болып, «Әскер мен халық – біртұтас» деген қағида қалпын сақтай білді. Республикамыздағы шекара әскерлерінің жоғарғы қолбасшылығындағы Болат Зәкиевтің өзімен тікелей байланыс жасап, бұл бағыттағы істің ілгерілеуін қамтамасыз етті. Сол тұста Жаркент шекара отрядына командирлік еткен Шынтас Өтепов, Асқат Шойынбаев сияқты офицерлер бүгінде есімдері елге белгілі генералдар. Жақсы адамдар қашан да бір-бірін жатсынбай, жақын туыс­тардай болып кетеді емес пе. Шәкең Әдекеңмен тек қызмет бабында емес, отбасылармен де аралас-құралас болып, ағайындардай сыйласып кетті. Сол туыстық тіні – жылылық жібі қазір де үзілмей, тіптен беки түсті. Әдекеңнің Талғаты үшінші ұлын өскенде генерал болсын деп ырымдап, атын Шынтас деп қойды. Көзі тірісіндегі келелі ісі, кемел қалпы қазір де көмескі тартпай, қайта Әдекеңнің кісілік келбетін одан әрі көріктендіріп келе жатқанына мұндай мысал өте көп. Кезінде қызмет бабында тығыз байланыста болып, кейінірек таныса-білісе келе сыйлас азаматқа айналған Секең – Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Үмбетовтің өзі Әдекең туралы әңгіме бола қалса, ағынан ақтарыла адами қасиеттерін, қайраткерлік қабілетін майын тамыза айтады. Орайын тауып хабарласып, ол кісінің отбасы мүшелеріне ұдайы қарайласады. Ел үшін, елінің қазіргі қамы мен тарихи жады үшін жан-тәнін аямайтын аяулы аға сол кездері «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген қағиданы бұлжытпай орындап, өзіне де, ел билігінде жүрген өзгелерге де қатаң талап қоятын. Талдықорғанға келген бір сапарында Елбасымыз әкімдердің ел-жұрттың жағдайы жайлы есебін тыңдапты. Сонда Әдекең өзіне тән жігерлі де ашық даусымен аудан туралы жан-жақты айта келіп, тек жағымды деректер мен дәйектерді ғана тілге тиек етпестен барлық ауыртпалықты, тіпті қылмыс жасап, істі болғандар жөнінде, олардың қайда, қандай жағдайда екендігі жайлы нақты мысалдармен айшықтап айтып беріпті. Оны естіген Нұрсұлтан Әбішұлының өзі: «Нағыз әкім деген осындай болады» деп Израильдің озық істерімен танысу сапарына бірге апарған екен. Іс барысында айбарлы Әдекең жайшылықта өте жайдарлы еді. «Сегіз қырлы, бір сырлы» деуге әбден лайық оның музыкалық талғам-қабілетін аудан өнерпаздарынан құрылған үлкен оркестрдің орындаушылық шеберлігін реттеп, басқарып берген бір сәтінен өз көзімізбен көрген едік. Ал орайы келгенде орып түсетін тіл шеберлігіне талайлар тәнті болған. Өзі ән де айтып, домбыра да тартатын. Үлкенге қандай ізетті болса, кішіге де соншалықты қамқор еді. Оларға сенім артып, жігеріне жігер, қайратына қайрат қосатын. Ол кісінің қамқорлығымен, шыңдауымен ширап өскен бірталай азамат кезінде бір-бір мекеме, шаруашылық, округ, ауданды басқарған. Қазір алды министрлікте, қалғандары әр алуан деңгейдегі іс басында тізгін ұстап отыр. Сүйікті шәкірттерінің бірі, кезінде партия ұйымының хатшылығынан өсіп, кеңшар директоры болған, аудан басқарып, Орман және аң шаруашылығы комитетінің тізгінін ұстаған, екі мәрте Парламент депутаты болып сайланып, қазір Алматы облыстық мәслихатының хатшысы қызметін атқарып жүрген Ермек Келемсейіт: – Мен ағамен ауылдаспын. Ес білгелі ол кісі туралы ел-жұрттан жақсы пікір естіп, еліктеп өстім. Кейіннен «Октябрь» кеңшары партия ұйымының хатшысы кезінде қызметтік көлігінің жүргізушісі болғанда тіптен етене араластым. Ағаның өзгелерді өз ісіне баурай, баули білетіндігі соншалық, жүре келе мен парторгтың шоферы ғана емес, дәл бір партия ұйымының нұсқаушысы деңгейіне жеткенімді кейін аңғардым. Өзі қат-қабат қарбалас шаруалармен бас ала алмай жатқан кезінде мені кейбір жеңіл-желпі партиялық жұмыстарға да жегіп жіберетін. Сөйтсем, жарықтық ағамыздың: «Жас қой, жан-жақты жетіліп үйрене берсін», деген ағалық қамқорлығы екен ол. Осы қамқоршыл қалпынан ешқашан ауытқып көрмеген ағам тоқсаныншы жылдардың ортасында он үшінші шақырылған Жоғарғы Кеңес тарап, республикамызда екі палаталы Парламент сайланатын кезде Мәжілістің депутаттығына үміткерлікке түсуге кеңес берді, бағыт-бағдар сілтеді... Қазір міне, өзіміз де алпыстың асқарына шықтық. Алайда, әлі күнге дейін қандай да бір сындарлы сәт туа қалса алдымен «Мұндай жағдайда сол кісі не істер еді?» деп әкемдей болып кеткен қайран Әдекеңді есіме аламын, – дейді тебіреніп. Әдекеңді қарапайым халықтың қаншалықты құрметтейтініне тағы бір мысал сол: Ескелді ауда­нындағы «Заря коммунизма» кеңшарында директор болған кездегі оның көзін көргендер өз ауылдарынан бір көшенің атын беріпті. «Жақсының жаттығы жоқ» деген осы болар, сірә! Онша көп мерзім болмаса да аз уақыт ішінде елдің ықыласына бөленген Әдекеңнің есімін олар осылайша ұлықтады. Қазір өзі алғаш әкім болған аудан орталығы – Жаркент қаласының үлкен бір көшесі де ол кісінің есімімен аталады. Көп жыл қызмет етіп, көсегесін көгертуге көп күш жұмсаған Көктал ауылының орталық көшесі де ағамыздың атында. Жалпы, Әдекеңнің ел қызметінде ерен еңбегімен танылып, ерекше көзге түсуінде қай кезде де қасынан табылып, жан жары ғана емес, жанашыры бола білген марқұм Майра жеңгеміздің еңбегі өте зор. Үнемі ағамыздың тілеуін тілеп, денсаулығына қорған болып жүретін. Ағамыздың бала-шағасы да тәрбиелі болып өсіп, әкелерінің атақ-даңқына қылау түсірген жоқ. Бүгінде Әдекеңнің Талғаты – кеден қызметкері, Назары – прокурор, Гүлғайшасы – қазынашылық қызметкері, Гүлжаны   есеп-қисап саласында. Иә, өмір – өзен деген, міне, осы. Егер де ол кісінің көзі тірі болса, ортамызда жүрер еді ғой мерейленіп. Нұрәділ БЕГІМБЕТ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Алматы облысы, Панфилов ауданы.