20 Наурыз, 2015

Бал мен сүт оқушыларға тегін беріледі

279 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
IMG_5747 «Бал ұстаған бармағын жалайды» деген өмірдің өзінен алынған тәмсіл бар. Бүгінде Шығыс Қазақстан брэндтерінің біріне айналған бал өнімдері өңірдегі мектеп оқушыларының ас мәзіріне кеңінен енді. Сондай-ақ, респуб­лика көлемінде сүт өндіруден де алғашқы орында тұрған облыс оқушыларына балмен бірге сүт беріліп келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында отандық өнімдерді қолдау мақсатында «Қазақстанда жа­салған» акциясын өткізу жөнін­де айтқан болатын. Осыған орай Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов облыс орталығындағы бастауыш сынып оқушыларына тегін берілетін сүт пен балдың тек отандық өнім болуы қатаң қадағаланып отырғанын жеткізді. Бұл ретте таяу­да Өскемен қаласының әкімдігі мен өңірдегі ірі сүт өндірушілер санатындағы «Шығыс-сүт» ЖШС, «Эмиль» ЖШС және бал өнімдерін өндіретін «Пасека» шаруа қожалығы өзара әріптестікті дамыту туралы меморандумға қол қойды. Қала әкімдігімен бекіткен меморандум аясында аталған кәсіп­орындар мектептерге сүт пен балды арзан бағамен жеткізіп беруде. Бүгінде облыс орталығында 43 жалпы білім беру мектебі бар. Оның барлығы дерлік, яғ­ни 42 мектепте оқушыларды ыс­тық тамақпен қамтамасыз ету ұйымдастырылған. Әлеуметтік тұрғыдан әлжуаз отбасыларының балалары толықтай бюджет есебінен ыстық тамақпен қамта­масыз етілді. Аталған санатта 4 мыңнан астам оқушы бар. Қазіргі кезде барша бастауыш сынып оқушыларына аптасына үш рет сүт және күнделікті бал берілуде. Әр оқушыға 10 грамдық блистерлі қаптамаға құйылған бал мен 200 грамдық ыдысқа құйылған сүт беріледі. Бұл ретте кәсіпорындар оқушыларға беруге ыңғайлы болуы үшін шағын ыдыстағы сүт өнімдерін шығара бастады. Қазір мұндай өнімдерді қаланың сауда нүктелерінен де сатып алуға болады. Сүйкімді қаптамадағы сүт балаларды қызықтыратыны рас. – Мен жазда қала іргесіндегі саяжайға атаммен бірге барып, омартадан балды қалай алатынын көргенмін. Қазір бізге сондай тәтті балды әдемі ыдыстарға құйып береді, – дейді өскемендік оқушы Асқар Нұртазаұлы. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.