Мұнаймаш» АҚ-та өткен жиында сөйлеушілер тарапынан нақты ұсыныстар айтылды. Басқосуды зауыт басқармасы төрағасының орынбасары Сергей Ерофеев ашып, кәсіпорында жұмыс істейтін 1 мыңға жуық жұмысшы-қызметкерлерді үстіміздегі жылдың 26 сәуіріне белгіленген кезектен тыс президенттік сайлауға бір кісідей қатысуға шақырған үндеу тастады. Ал «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұлов өз сөзінде:
– Зауыттағы әр маман өз ісін жауапкершілікпен атқарады. Ал бұл, біріншіден, өнімнің сапасын арттыруға, екіншіден, сұраныстың молаюына оң ықпал ететін үдерістер. Бұл орайда, әрқайсымыздың басты құндылықтарымыз – тәуелсіздікті, тұрақтылықты, бейбітшілік пен Қазақстанның өсіп-өркендеуін, елдің дамуын және болашаққа деген ұмтылысын сақтауға өз үлесімізді қосуымыз керек. Мұның өзі ел тағдырына ешкімнің бейжай қарамайтынын аңғартады, – деді ол.
Жиында еңбек ардагері Григорий Кухарь, “Есіл су” РМК директоры Серік Ысмайылов, іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Бақытжан Сәмиева, кәсіпорынның кәсіподақтар ұйымының жетекшісі Нина Овсянкина сөз алып, сайлауға бір кісідей қатысу саяси белсенділікті, нақты ұстанымды танытатынын мәлімдеді және барлық әріптестерін 26 сәуір күні сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауларын жасауға шақырды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.