Рига тарихы мұражайында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «G-global: XXI ғасыр әлемі» авторлық кітабының латыш тілінде шыққан нұсқасының тұсаукесері өтті.
Салтанатқа Латвияның көрнекті қоғам және саяси қайраткерлері, депутаттар, сарапшылар, журналистер, ірі компаниялардың басшылары, сондай-ақ, дипломаттар қатысты. Тұсаукесер Риганың ежелгі және көрікті ғимараттарының бірінде өтті.
Қазақстан Республикасының елшісі Бауыржан Мұхаметжанов жиналған қауым алдында сөз сөйлеп, қауіпсіз және әділетті әлемдік тәртіпті орнату жолында бүкіл адамзатты біріктіру деген Президент Н.Ә.Назарбаевтың G-GLOBAL бастамасының негізгі мәні туралы айтып берді. Ол Қазақстан басшысының бастамасына білдірген қызығушылығы үшін латыш тарапына алғысын білдіріп, оны Қазақстан ұсынып отырған коммуникативті алаңда жаһандық құрылым жөніндегі үнқатысуға белсене қатысуға шақырды.
Н.Назарбаевтың кітабы мен «G-Global» идеясы латвиялық сарапшылардың қызығушылығы мен оң пікірлерін тудырды. Олардың пікірінше, Қазақстан басшысының еңбегі стратегиялық ойлармен, көптеген жаһандық оқиғаларды, сондай-ақ халықаралық саясат пен экономикадағы байсалды өзгерістерді талдауымен өзекті.
Латвия Жазушылар одағының президенті Юрис Пайдерстің айтуынша, Қазақстан Президенті Латвияда үлкен беделге ие. Қазақстан басшысы кітабының латыш тілінде шығуы екі ел арасындағы қатынастардың дамуына септігін тигізіп қана қоймай, болашақта елдеріміз қай бағытта дамитыны туралы түсініктің қалыптасуына оң ықпал етеді.
Сейм депутаты, Қазақстан Парламентімен ынтымақтастық тобының басшысы Ингуна Судраба кітаптың латыш тілінде шығуы достас Қазақстан халқының мәдениетін, дәстүрін және болашақтағы жоспарларын түсінуге мүмкіндік беретінін атап көрсетті.
Елбасының кітабы Латвияның жоғары оқу орындарына, кітапханаларға, ғылыми және зерттеу орталықтарына таратылады. Кітап Латвия университетінің кейбір факультеттерінің қосымша оқулықтар тізіміне енгізілді.
«Егемен-ақпарат».