18 Ақпан, 2015

Кененбай ағаның қайырымдылығы

810 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Кененбай ҚожабековӨткен ғасырдың сексенінші жылдарының орта тұсы. ҚазМУ-дің журналистика факультетінде оқимын. «Подкурста» оқып жүрге­нім­де Меркі ауданының Бейбіт Тойбаев деген жігітімен бір бөлмеде жаттым. Сол азаматқа тағы бір мер­кілік Бектеміс Мұсаханов деген сыныптасы келіп жүрді. Қазақ­тың қара сөзінің түбіне түйе шөгер­гендей шешен жігіт. Оның үстіне Абайдан бастап, қазақтың дүлдүл ақындарының өлеңдерін жатқа оқиды. Өнер адамдарының тағдыр-талайынан да жан-жақты хабары бар. Әңгімешілдігімен қоса ән де салады. Баяғының сал-серілері сияқты, көрікті жігіт. «Қыз Жібек» фильмінде Төлеген рөлін ойнаған белгілі актер Құман Тастанбековтің ағайын інісі болып келеді. Онымен де достасып кеттім, өзі заң факультетінің бірінші курс студенті. Кейде біздің бөлмеде қонып та қалады. Жиі келіп тұратындықтан, біздің қыз-жігіттер дайындық бөлімінің тыңдаушысы деп ойлайтын. Бектеміс көп оқымай сырттай бөлімге ауысып, Алматыдан жырақтап кетті. Араға бір-екі жыл салып, оқу корпусына келіп тұр. Амандық-саулық сұрасып жатырмыз. Жуалы ауданынан бір-ақ шығыпты. Аудандық дайындау мекемесінде «заготовитель» екен. «Мен бір сабақтан зачет ала алмадым. Лекциясынан екі-үш күн кешігіп едім, ағай маңайына жолатар емес» дейді. «Журфактағы ағайларға сөзім өткенімен, юрфакта сабақ беретіндерді танымаймын ғой» деймін. «Аужеке, бір амалын жаса, енді мына «сырттан» да шығып кетсем, елге не деймін» десін. Әрі ойланып, бері ойланып, Мир көшесінің бойындағы «Қазақстан» республикалық телеарнасында журналист болып жұмысқа кіріскен қызылордалық Аманғали Дайрабаевқа бардық. Біздің журфакты 40 жасқа толуына екі ай қалғанда бітірген азамат еді. Университет ұстаздарын былай қойып, аттарынан ат үркетін кейбір мықтылармен аралас-құралас жүретін. Барған бетте шаруаны бірден баян еттім. «Егер зачетын алып жатса досым жуу жағын қатырады» дегенді айтуды да ұмытқан жоқпын. «Анау-мынау» деп көлгірсіген жоқ, әлгі ағайдың аты-жөнін біліп алған соң, «кеттік КазГУ-ге», деді. Кененбай Қожабеков -1 Бектеміс доста да, менде де жан жоқ. Көшеге жүгіріп шығып, Мир көшесімен жоғары қарай кетіп бара жатқан көлік біткенге қол көтере бастадық. Кенет, бір «Волга» тоқтай қалсын. Жүгіріп барып, «аға, ҚазГУ қалашығына...» деп абдырып қалдым. Рөлде Қыз Жібектің әкесі Сырлыбайдың рөлін сомдаған даңқты актер Кененбай Қожабеков отыр. «Отырыңдар жігіттер, апарып саламын» деді жүзі нұрлана. Жол шетінде тұрған Аманғали мен Бектеміске «Қыз Жібектің әкесі» дедім. Көлік қозғалар емес. «Ә, Кендекең бе, жолай ала кетейін деген шығар, жүріңдер, күтіп қалды» деп Аманғали актердің қатарына алдыңғы орындыққа жайғасты. Көліктің қозғалыс құралдарын рөл­­дің тұсына орнатып алыпты. Аты-жө­німізді, қайда оқитынымызды тәп­тіштеп сұрап жатыр. Аманғали аға­мыз КазГУ-ді биыл бітіргенін, теле­видениеде журналист екенін, ме­нің журфактың, Бектемістің заң фа­культетінің студенті екенін айтты. Әні-міне дегенше Тимириязев көшесімен зулап келіп, университет корпусының алдына да келіп қалдық. «Аға, осы жерден түсеміз» десек, «жоқ, жігіттер, ішке кіріп, корпустың алдына дейін апарамын» деді. Ағамыз сөйтті. Жолақысын берсем бе, бермесем бе деп ал сасайын. Қалтама қолымды сала беремін. Екі сом ғой, соны берсем ұлы актердің көңіліне қаяу түсіріп алам ба деймін. «Амангелді, сендерді осы жерде күтіп отырамын. Бүгінгі күнімді сендерге арнаймын» деп қасқайып отыр ағамыз. Соңыма жалтақ-жалтақ қарап, юрфактың корпусына ендім-ау. Бектеміс досымның екі езуі екі құлағында. Әбекең әлгі «қатал» ағайдың кафедрасына кіріп, «зачетын» бірден қойдырып шығыпты. Сыртта актер ағаның күтіп отыр­ғанын асығыс-үсігіс айтып жатырмын. Екеуі де аң-таң. «Ойпыр-ай, үлкен кісіден ұят болды ғой» дейді Аманғали. «Волганың» есіктерін ай­қара ашып қойып, ағайымыз әлде­бір кітапты оқып отыр. «Кендеке, сізді жолыңыздан қалдырдық», деп Аманғали сөз бастап еді, «Жігіт­тер, шаруаларың бітсе, отырыңдар машинаға» деді. Үшеумізге «Қыз Жібек» фильмінде Сырлыбайдың рөлін ойнағанда түскен суретіне қолтаңбасын қалдырып, ұсынды. «Енді қайда?» дейді. Жаз мезгілі еді. Аманғалиға «зачет» алсақ жуамыз деген уәдеміз бар. «Медеу» мұз айдынына көтеріліп бара жатқан үлкен жолдың сол жағында «Айнабұлақ» деген жаздық кафе болушы еді. Соған тарттық. Актер ағамыз қанша отырсақ та бізді күтіп, баратын жерімізге апарып салатынын айтып, көлігін үлкен талдың көлеңкесіне қойды. Ағамен біраз әңгімелестік. «Қыз Жібек» фильмінің қалай түсірілгені, бастапқы сценарийден қысқарып кеткені туралы айтып біраз отырды. Осы нұсқаның өзін Мәскеуден бекіту оңай болмағанына да қынжылыс білдірді. Мәскеу жақтан қазақ байларын насихаттады, ескілік салт-дәстүрді көрсетті деген сыңаржақ пікір де болыпты. Қазақстан компартиясы орталық комитетінде жауапты қызметтер атқарған кейбір кісілердің аттарына да әжептәуір сын айтты. Компартияның дүрілдеп тұрған дәуірінде олай айту үшін мықтылық, батылдық керек. Біраз отырған соң, «Жігіттер, жақсылап демалыңдар», деп манағы кітабын қайта парақтай бастады. Жүргізушіміз анау-мынау емес, қазақтың даңқты актері Кененбай Қожабековтың өзі. «Аға, қандай тамақ ішесіз» десек, «маған алаңдамаңдар» дейді. Күн ұясына қонғанда барып, бір-ақ тұрдық. Енді Аманғали ағамызды қала маңындағы Өжет ауылындағы үйіне, бізді КазГУ қалашығындағы №5 жатақхананың алдына дейін жеткізіп салды. Үлкен кісімен қимай қоштастық. Үшеуміздің басымыз қосыла қалса, сол бір естен кетпес күнді айтып, тамсанып жүрдік. «Неге бізге көлігін алға тартып, бір күн бойы бірге жүрді?» деген сұрақтың жауабын іздейміз. Аманғали ондай даңқты адамдардың қайырымды келетінін еске алды. Бектеміс «жастық шағында бейкүнә қызды зұлымдар қолынан арашалаймын деп жұлынынан айырылып, аяқтан қалған азамат емес пе, бізге де бір жақсылық жасағысы келді» дейді. Содан кейін ол кісіні көргеніміз жоқ. Екі жылдан кейін өмірден өтіп кетті. Аманғали аға да бақилық болды. Бектеміс дос біраз жыл мамандығы бойынша заң саласында қызмет атқарды, қазір Алматы қаласында бизнесте жүр. Амангелді ӘБІЛ, журналист. Жамбыл облысы.