18 Ақпан, 2015

«Орыс» Қасымбек

354 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Қасымбек таңмен таласа тұрып суыт жетті. Көп келе бермейтін немереден де алыс шөбере Пәштайдың таңғы шәйінен де ерте келді. Суыт жүрісті кісі келгенде келін Раушанның жаны қалмай самауырға шоқ салып, шәй қойды. Қайнағаның қабағында кірбің бар. Арбасы дөңгеленген «Урал» мотоциклін қиғаштап бұрып қойып, шәй қайнамай-ақ «орыстығына» салып сөз қозғады. – Пәштай, мен ұзамаймын. Аз жасаған жоқпын. Пайғамбар жасына жеттім. Бір-ақ арманым бар. Ол, – деді де, айналасына қипақтап бір қарады. – Мені Құлшықбай баласы деп көтеріңдер. Соны саған айтайын деп келдім. Қалған ет жақыным өзіңсің ғой... – Сіз де бір... қайдағыны айтады екенсіз. Сонша не боп қалды... – Боласысы болды ғой. Енді менікі де жөнсіз. Құдай балдарға өмір берсін... «Орыс» Қасымбек мотоциклін пар еткізді. – Оу, Қасеке-ау, ең болмаса бір кесе шәй ішсеңізші. Келе де бермейсіз. «Қуыс үйден құр шықпа» деген. Нан ауыз тисеңізші. Қасымбек бірбеткейлігіне салып бетінен қайтпаса да, нанды айтқасын бұл да бір ретті жерде иілгені болды. Әйтпесе, «орыс» Қасымбек те бір, темір мотоцикл де бір. Бірақ, ешкімнің ала жібін аттап, нақақ көңілін қалдырған емес. Бұның бәріне кінәлі – соғыс. Он бес жыл тұтқындық, темір тордың ар жағындағы арпалыс өмір, шетелде қалған өзге ұлттан туса да өз қанынан жаралған жанының бір бөлшегін өзекке тебе алмай, ақыры, Сталиннің рахымымен ақталып елге келгенде, жалғыз ағасы ешқайда жібермей қойды. Перзентінің артынан ақша мен қыс ауасы түскенде қауын-қарбыз салып тұрса да, жалғыз ағасы үлкендігін алға тартып: «Мен барда ешқайда аттап баспайсың», деп шорт кесті. Сөйтіп, біреудің он алтыдағы бойжеткен қызын қолға қондырып, көңілін алдандырып, балалы болғасын көңіл де, өмір де күрт өзгерді. Қасымбек ел қатарлы мамыражай күн кешіп, үбірлі-шүбірлі боп, соғыстан кейінгі қасаң тірліктің қызығын бір адамдай бастан өткерді. Өзі теміржол мекемесінде қарауыл. Ерте көктемде жұрт егін еккенде, қауын мен әңгелектің тұқымын Қасымбектен сұрап ап жерге көмгенде, ол ешкімнен ештеңе жатсынбайтын. Жомарт, қолының ашықтығымен ағайынға жаққан жампоз, ағайынға беруді біледі, алуды білмейді. Ағайынға берсең жағасың, бермесең сөзге қаласың. Әйтпесе, сылдырап аққан арық пен ортасы ойық кетпен өздерінде де бар, бірақ неге берген несібенің басын біріктіріп бабын келтірмейді екен деп бұл іштей таң қалады. Үш шақырым жердегі үйге ет жақын деген ағайынның балдары ерте көктемде тайлы-таяғы қалмай түгел келеді. «Бұлардың неге келіп отырғанын білесіңдер ме?» дейді де, өзі барып қап-қап әңгелекті қауындықтан арқалап алып келгенде, ауыздарынан сілекейі ағып тамсанып, қауыннан көздерін алмай қадалып қалады. «Жеңдер, қалғанын алып кетіңдер», – дейтін жан-тәнімен еміреніп. Бәрі жеп болғасын: «Ал, көке, жақсы. Үйге сәлем айтамыз» дейтін апыл-ғұпыл жіңішке жолға түсіп. Әңгелекке тойып келгенін айтқанда әке-шешесі: «Ол сөйтпесе «орыс» бола ма?» деп, жеңгелері қайнысының атын атай алмай тұспалдап өтетін. Енді сол Қасымбек аяқ астынан таңмен таласа тұрып інісіне келіп, мотоциклін бұрып қойғанда екі арада жыланның ізіндей жіңішке жол ғана жатты. Етін жеп, сүйегін беретін ара ағайын тағы біраз нәрселер күтіп еді, ол томсарған күйі қабағын ашпады. Келін дастарқан жайып, шәй әкелді. Сол кезде таба наннан бір үзіп алған Қасымбек: «Мені көтергенде Құлшықбай баласы деп көтеріңдер», – деді қайталап. – Шәй ішіп, аздап отырайықшы. Биыл Жеңістің жетпіс жылдығы. Сонда Комиде қанша жыл отырдыңыз? – деді Пәштай көкейіндегі көптен білгісі кеп жүрген нәрсесін сауал ғып қойып. – 41-де ауылдан кеттік. 41-де немістің торына түстік. 55-жылы келдім. Балам да елудің бел ортасында. Хабарсыз кеттік. Менің білетінім – қазақта әмеңгерлік деген салт бар емес пе. Сол бойынша шешемді қайнысына атастырған ғой. Мен сонда шешемнің ішінде келіппін. Сексеннен астым, өз әкемнің есігін бір рет ашпаппын. Ағамнан сескендім. Шешеміз бір, әкеміз бөлек ағам менің басқан ізімді бір адамдай аңдыды. Енді әкем түсіме кіріп жүр. Қоймай кіріп жүр. Өмірден үлкен ұлым кетті, онан кейін келінім кетті. Маған енді қызық жоқ. Қызықты соның балдары көрсін. Менің айтарым – мені Құлшықбай баласы деп айқайлап айтып көтеріңдер. Саған айтқан ағалық аманатым. Осыны орындасаң, мен екі дүниеде өзіңе разымын. Екеуіміздің түбіміз бір. Осы саған айтарым, – деді де, төрт саусағымен кесенің бетін жапты. Бір саусағы Комиде қалған. Арманы мен мұңын бас бармақтың орны білдіріп тұрғандай. – Күн жұма екен, Құран бағыштап жіберші. – Сіз үлкенсіз ғой. – Мен өмірі бет сипап көрдім бе екен. Аруақ осы ниетіме риза болсын, – дегесін Пәштай ағасына жалт қарады да, білетін Фатиха сүресін оқыды. Үй іші түгел сілтідей тынды, ерте тұрған бала-шағаға дейін ауыздарын ашып, дастарқан басы мүлгіп қалды. Ілкіде «Урал» мотоциклі пар етіп оталып, дәу каналды бойлап кете берді. Сол күні Қасымбек екі-үш үйге бас сұғыпты. Жұрт таңғалыпты. Біреуге бермесе, ешкімнен алмайтын ол есігін ашпаған үйлерінің есігін ашып, жолай әзіл айтып кетіпті. Ең соңынан қол-басын жуып, бір саусағының орнын бипаздап ұстап отырып: «Сендердің Комиде бауырларың бар. 45- жылы туған. Түбі бір табарсыңдар. Сендер...» депті де, мүдіріп қап, шалт басып жатар орнына жетіпті. «Ұлған, а, Ұлған!» деп даусы құмығып шыққанда, «Не боп қалды? Не айтайын деп едің?!» – деп әйелдік әбжелдікпен күйеуінен жауап күткен жан жарына аузы ашылып қараған күйі жүріп кетіпті. Жаназаға тұрған дін өкілі «орыс Қасымбек» деген үйреншікті сөзді ауыз еркіне сап айтып қап, «Құлшықбай баласы Қасымбек» деп қайта түзетті. Дәл сол күні өмірден озғанына таң болған жұртшылық орыс Қасымбектің өлімі де тұрақты болғанына таңғалып, жағаларын ұстады. Кімнің баласы екенін де үш рет айқайлап айтып, аманатын адал орындады. Былай шыға бере жаназаға жиналғандар «Бұл орыс емес, неміс қой» деп, оны да күбір-күбір сөз қылды. Қуандық ТҮМЕНБАЙ.