18 Ақпан, 2015

Генерал Байкенов ұмыт қалып барады

310 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Ел басына қиын-қыстау күндер туғанда белді бекем буып, ешбір қауіп-қатерден қаймықпай ерен ерлік таныт­қан азаматтар қаншама?! Халық жүрегінен орын алған мұндай жандар қандай да құрметке лайық. Осы ретте биыл 100 жасқа толып отырған генерал Нұрлы Байкенов туралы айтпасқа болмайтындай. Нұрлы Байкенов Омбының М.Горький атындағы педаго­гикалық институтын 1936 жылы бітіріп, 1936-1940 жылдары Омбы педагогикалық учили­щесінің оқытушысы, директоры қызметтерін атқарады. 1940 жылдың 18 наурызында әскер қатарына шақырылады. Ұлы Отан соғысы жылдарында ол Заполярьеде, Украи­нада, Чехославакияда болған соғыс қимылдарына қатысып, алғашқыда Карел майданының, содан кейін 4-ші Украина майда­нының құрамында жауынгерлік борышын атқарды. Соғыстан кейін Нұрлы Байкенов Түркістан әскери округінде әртүрлі дәре­жедегі қызметтер атқарып, жау­ын­гер­лерді әскери өнерге баулу мақ­сатында жұмыс істеді. Атап айтқанда, саяси бөлімнің атқыштар корпусының инспекторы, аға инс­пектор, атқыштар полкының саяси бөлімі коман­дирінің орынбасары. Түркістан әскери округінің саяси бөлімі бастығының орын­­басары, таулы-атқыштар дивизиясының саяси бөлімінің бастығы болды. Ол қай қызметте болса да біліктілік пен іскерлік танытты. 1952 жылы Мәскеудегі В.И.Ле­нин атындағы әскери-саяси академияны сырттай оқып бітіреді. 1958-1960 жылдар аралы­ғында тәжірибелі әскери маман Нұрлы Байкенов Қазақ КСР-інің әскери комиссариатының саяси бөлім бастығы, 1960 жылдан  Қазақ КСР-інің әскери комиссары қызметін абыроймен атқарады. Барлық саналы ғұмырын әскери қызметке арнаған ол 1978 жылдан бастап зейнеткерлікке шығады. 1960-1978 жылдары ҚазССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің мүшесі болып сайланады. Нұрлы Байкенов Отан алдындағы сіңірген еңбегі үшін үш орден, бірнеше медальмен марапатталған. Кеңес Одағы тұсында Қазақ КСР-інің әскери комиссары болған бірінші қазақ Н.Байкенов еді. Кезінде мінсіз қызмет ат­қарған адал азамат Үкімет, қо­ғамдық ұйымдар тарапы­нан бүгінде ескерусіз қалып отыр. Осы уақытқа дейін генерал Н.Байкеновтің тұрған үйі­не мемориалдық тақта да қой­ыл­­маған, ардагердің құрметіне Алматының бір көшесіне есімін беру мәселесі де тиянақталмады. Нұрлы Байкеновтің 90 жыл­ды­ғына орай осыдан он жыл бұ­рын дайын­далған еңбектері, мақа­лалары, жолдас-достарының, әскери шә­кірт­терінің естеліктері де жа­рық көрмей қалды. Биыл Ұлы Отан соғысы жеңісінің 70 жылдығына орай бүгінгі бейбіт өміріміз бен жарқын тұрмысымыз үшін жанқиярлық ерліктері мен еңбектерін арнаған соғыс ардагерлеріне қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Ол – парызымыз. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген ғой дана халқымыз. Ендеше, атақты генерал Нұрлы Байкеновтің есімін де ерекше ілтипаттап, ұрпаққа ұлағат ету міндет. Әділхан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор. АЛМАТЫ.