18 Ақпан, 2015

Ресей түрмелерінде тәжіктердің үлес-салмағы көп

277 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

18-02-15-tiurma-1

АСТАНА. 18 ақпан. Ресей жазаны орындау федералды қызметінің академиясы 2014 жылы Ресейдің түзету мекемелерінде 28 мың 496 шет елдік азаматтың отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы «Азия-Плюс» агенттігі хабарлады. Тәжікстан ақпарат агенттігі осы шетелдіктердің төрттен бір бөлігін тәжіктер құрайтынын жеткізеді. Сотталған шетелдік азаматтардың ең көп мөлшері болып табылатын бұл көрсеткіш 7 786 адамды көрсетеді. Екінші орында 6 846 азаматы Ресей түрмесінің ауасын жұтқан Өзбекстан тұрса, үшінші орынға 2 964 азаматымен Украина шығады. Ал «лидерлер төрттігін» 2 846 адамын құлып астына берген Әзербайжан тиянақтайды. «Известия» газетінің ақпарынша, федералды қызмет Ресей колониялары мен түрмелерінде жазаларын өтеп жатқан мигранттардың психологиясын зерттейтін арнайы тәсілдеме жасап жатыр. Бұған соңғы кездері сотталушы шет елдіктердің көбейіп бара жатқаны әсер еткен. «Егер 2013 жылы жазаны орындау федералды қызметінің мекемелерінде 26,6 шет елдік азаматтар жазаларын өтесе, 2014 жылы олардың қатары 28,5 мыңға дейін жеткен. Және бұлардың 95 пайызы жазаны орындау мекемелері басшылығымен байланысқа шықпайды, ал әрбір үшіншісі тәртіпті ұдайы бұзушы болып келеді», - деп мәлімдейді басылым. «Алайда, мигранттар жалпы сотталушылардың бар-жоғы 5 пайыздан сәл жоғары бөлігін құрайды, - дейді жазаны орындау федералды қызметіндегілер. – Бірақ олар қылмысты негізінен Мәскеу мен оған жақын облыстарда жасайтын болғандықтан, жазаларын Орталық Ресейде орналасқан колонияларда өтейді». Басылым мигранттардың 95,5 пайызының мекемелер басшылығымен байланыс орнатпайтынын және тұтқындағы басқа адамдарға қарағанда, тәртіпті көбірек бұзып, жазаны артығырақ алып тұратынын атап өтеді. ТМД елдерінен сотталған азаматтардың 32,7 пайызы тәртіпті ұдайы бұзушылар болып табылады. Зерттеу сондай-ақ олардың 20 пайызының ғана ынталандыру ала алатынын білдіреді. Сонымен қатар, жазаларын өтеп жатқан мигранттардың 90 пайызы еңбекке жарамды жастағылар болып табылады. Олардың 11,8 пайызы сотталғанға дейін 2 жылдық еңбек өтілін ғана алып үлгерген. Бұдан әрі 26,8 пайызында – 10 жыл, 43,2 пайызында 15 және одан да көп еңбек өтілдері бар. Мұрат Айтқожа.