Бес күндік жалғанда жайлы өмір кешіп, майлы тамақ жеп, жақсы тұрып, жақсы жүрсек деген әдепкі пенделік пайым, адами арманнан әрі аса алмай жатамыз. Діни тұрғыдан ой қорытсақ, мұндай тіршілікте сауаптың жұғыны да жоқ. Оны білсек те, бірбеткей қалпымыздан қайтпай, қара бастың қамын күйттегеннің үстіне күйттей түсеміз. Сөйтіп, еншімізге берілген уақыт мағынасыз, мәнсіз өтеді де кетеді.
Алайда, көпшілікке ортақ таным-түсініктен жоғары тұратын жандар, бұл өмірді жарық етіп, тұтас қоғамды қараңғылық түнегінен құтқарып жатады. Ұлағатты ұстаздарды адамдардың сол санатына жатқыза аламыз. Бір өзі жүздеген, мыңдаған бүлдіршінге ақыл құйып, білім дарытатын оларды арлы адам тәрбиелеудің ең тиімді құралы деп қабылдасақ та артық емес.
Осы айтылған игі істерді өміріне өзек еткен жетелі ұстаздардың бірі, Қарағанды облысының тумасы – Ибрагим Әлібаев. Ол 1924 жылы қазаққа небір жақсы менен жайсаңдарды сыйлаған Жаңаарқа өңірінде Түгіскен ауылында дүниеге келген. Отбасында кенжесі болған кейіпкеріміз жастайынан зерек, ойлы болып өсті. Оқуын да озат аяқтап, үлкен өмірдің табалдырығына енді тақаған сәтінде Ұлы Отан соғысы басталып кетті. Сөйтіп, 18-ге енді толған Ибрагим Әлібаев 1942 жылдың қазан айында майданға аттанып кетті. Мәскеу түбіндегі Красная Поляна мекенінде мергендер курсынан өтіп, сұрапыл соғыстың отты жылдарын Белорусь майданында өткерді. Сан мәрте ұрысқа түсіп, ерлікпен шайқасты. «Ерлігі үшін», «Кенигсбергті азат еткені үшін», «Жуков» медальдары мен II дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені – соның айғағы. Қантөгіс соғыс кезінде ефрейтор шенінде болған ол, әскери қызметін аға лейтенант шенінде аяқтаған.
1946 жылдың қыркүйек айында соғыстан аман оралған Ибрагим Әлібаев білімге ден қойып, оқу оқыды. Педагогикалық институтты тәмамдап, өзі оқыған Түгіскен мектебіне ұстаз болып барды. Кейін сол мектептің директоры қызметіне тағайындалды. Жарты ғасырдан астам уақыт бала оқытып, шәкірт тәрбиелеу ісіне шынайы берілген бұл еңбегі де сол кездегі Қазақ КСР Оқу министрлігі тарапынан жоғары бағаланып, ол «Халық ағарту ісінің үздігі» атағын алды.
Ибрагим Әлібаевтың өмір жолына қысқаша шолу жасап отырғанымыздың бір мақсаты бар. Ол – ардақты ұстаздың есімі ұмыт қалмауы тиіс. Осы орайда Түгіскен ауылының орта мектебіне Ибрагим Әлібаевтың есімі берілсе деген ойымыз аудандық білім басқармасының атқамінерлері тарапынан қолдау тауып, тиісті шешімін табады деп сенеміз. Асыл дініміздің өзінде мешіт, көпір, мектеп салғандар мен шәкірт оқытқандардың амал кітабы жабылмайды делінген. Осыны да естен шығармайық, ағайын!
Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан».