03 Шілде, 2010

“Сіз БІЗДІ ҚАЙДА ӘКЕЛДІҢІЗ?”

484 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Бұл 1999 жылғы тамыз айының орта шеніндегі көрініс еді... Сол жылдың ақпанында еліміздің бас басылымы – “Егемен Қазақстан” газеті Астана қаласына қоныс ау­дар­ды. Газет ұжымын Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты, Қазақ­стан жур­налистикасының ардагері, жазу­шы Шерағаң – Шерхан Мұр­таза бастап келген болатын. Келген күні басылымның сол кездегі бірін­ші басшысы Ержұман Смайыл бар­лығымызға бір-бір пәтердің кілтін салтанатты жағдайда табыс етті. Балаларымыз Алматыда мектеп­те, зайыбымыз жұмыста болған­дықтан, оларды елордаға өзімізбен бірге бірден алып келуге мүмкін­шілік болмады. Ал біздің отбасыға соның сәті 1999 жылдың 15 тамы­зында түсті. Ұлым – Бекжан, қыз­дарым – Жадыра мен Ғалиябану өздері дүниеге келген әсем Ал­ма­ты­ны, сыныптас достарын қия ал­май, екі-үш күн “Астанаға бармай­мыз”, деп көнбеді. Әйтеуір, көн­дірдік-ау. ...Біз мінген Алматы – Астана жолаушылар пойызы Астана темір жол вокзалына жақындап келеді. Ол кезде Ақмола облысын қара шегіртке басып жатқан шақ еді. Пойыз вагондары терезелерінің сыртына соғылған шегірткелердің өлімтігі сыртқы дүниені көрсет­пейді, терезелерді тегіс тұмшалап алған. Балаларға көз қиығыммен қарап қоямын, олар терезеге жабы­сып, сыртқа тесіле қарайды да, “Сұмдық, сұмдық”, деп бастарын қайта-қайта шайқайды. Пойыз вокзалдың бірінші жолы­на да келіп тоқтады. Жүгімізді сүйрете көтеріп, жапа-тармағай жер­­ге түсіп жатырмыз. “Қызық” осы кезде басталды. Перрон үстін қалың қара шегіртке басқан. Жан­шыл­ған, тапталған, секірген ше­гірт­келерден аяқ басар жер жоқ, күлімсі иіс мүңкіп тұр. Қыздарым се­кірген шегірткелерден шошып, біздің қолтығымызға қайта-қайта тығылады. Сонда Ғалиябану: “Сіз, бізді қайда әкелдіңіз?” – деп жыларман күйге түскені бар еді. Содан бері он бір жылға жуық уақыт өтті. Балалар мектеп бітіріп, жоғары білім алды, жаңа достар тапты. Еңселі елордамыз – Астана қа­ла­сының тұрғындары атанды. Елорданың жыл өткен сайын жаңа­рып, жасарып келе жатқанына көз­дері анық жеткен соң, олар әсем Ал­матыны, асқақ Алатауды аңсауды қойды. Біз сол көріністі, Ғалиябанудың айтқан сол сөздерін ауық-ауық еске алып, бір күлісіп аламыз. Қаланың сол жылдардағы кескінін елор­да­ның қазіргі келбетімен салыстыра­мыз. Адам танымастай өзгерген, мүлде жаңарған, барлық жағынан өркен­деген. Мемлекет басшысы­ның тіке­лей басшылық етуімен ас­қақ­тап ке­ле жатқан Қазақстан­ның бас қаласы – Астана осындай болуы керек. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ. АСТАНА.