19 Ақпан, 2015

Агроөнеркәсіпті дамыту – жұртты жұмыспен қамту

298 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «ҚазАгро» ұлттық басқарушы компаниясы» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Дәурен Мақажанов баспасөз мәслихатын өткізді. Ол холдингтің өткен жылы атқарған жұмыстары туралы айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Жыл қорытындысына қарағанда, «ҚазАгро» агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруға былтыр 222 млрд. теңге көлемінде ақша салыпты. «Өткен жылы агроөнеркәсіп кешеніндегі субъектілерді қаржылай сауықтырып, қолдауға және инвестициялық жобаларды жүзеге асырып, шаруалардың техникасын жаңартуда көп жұмыс атқардық. Несиені тек қана теңгемен беруге үлкен тәуекел керек болды. Мұнымен бірге, нақ бір жыл бұрын теңге бағамына түзету жасалды. Соған қарамастан холдинг жылды 5,7 млрд. теңге көлемінде пайдамен қорытындылады. Былтыр саланы қаржыландыруға 222 млрд. теңге жұмсалды. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда 15 пайызға артық екенін айтқым келеді», деді Д.Мақажанов. Спикердің сөзіне сенсек, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған шаралардың арқасында 41,2 мың адам жұмыспен қам­тылыпты. Холдингте Мемлекет басшысының таяуда берген тапсырмасын орындау ісі де тыңғылықты жүргізіліп жатыр екен. Нақты көрсетер болсақ, «ҚазАгро» 559 млн. теңге көлемінде тиімсіз шығыстарды қыс­қартуды көздеп отырған көрінеді. Шы­ғыстарды оңтайландыруға байланысты бейінсіз активтерді қысқарту жоспарда тұр. Бұйыртса, биыл 559 млн. теңге көлемінде тиімсіз шығыстарды қысқартамыз. Ол бойынша бірінің жұмысын екіншісі қайталап отырған бөлімдер мен қызметкерлер жұмыстан босатылады. Шамамен 93-тен 73 адамға дейін қысқарту көзделген. Нәтижесінде, әкімшілік шы­ғындар 194,7 млн. теңгеге, яғни 12 пайыз­ға қысқарады», деді ол. Әйткенмен, агроөнеркәсіпті дамытқан сайын, адамдарды жұмыс­пен қамту мүмкіндігі арта беретінін де меңзеді. Холдинг ағымдағы жылы 15 инвести­циялық жобаны пайдалануға береді екен. «Негізі, холдингтің инвестициялық қоржы­нында 477 жоба бар. Олардың жалпы құны 309,1 млрд. теңгеге тең. Назар салсаңыздар, бүгінге дейін 365 жоба іске қосылып, оның 236-сы толық қуатында жұмыс істеп тұр. Ал биыл 75 инвестициялық жоба­ны пайдалануға беруді ойлап отырмыз», деді Д.Мақажанов. «ҚазАгро» инвес­ти­циялық жобалармен өңірлерді қамту шарасын да біріздендіріп, ауқымын кеңей­тіп келеді екен. Мысалы, өткен жылмен салыстырғанда 28 аудан және аудандық маңызы бар алты қала жылды артық көр­сеткішпен қорытындылапты. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».