03 Шілде, 2010

ӨҢІРДІҢ ӨРКЕНДЕУІНЕ КЕПІЛ КЕЛІСІМ

484 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қостанай облысының әкімі Сергей Кулагин  мен ENRC PLC компаниясының бас атқарушы директоры Феликс Вулис аймақтағы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру жөніндегі келісілген серіктестік туралы меморандумға қол қойды. Бұл кездесуге ENRC PLC компаниясының бас атқару­шы директорының кеңесшісі Ибрагим Еділбаев пен “ССКӨБ” АҚ президенті  Мұхамеджан Турдахунов қатынасты. Меморан­дум бойынша 1 миллиард 164 мың теңге Рудный қаласы мен Қашар поселкесіндегі инфра­құры­лымды дамытуға бағытта­ла­ды. Сонымен  қатар, меморандум шеңберінде жұмысшылар жатақ­ханасын салу, көп қабатты үй құрылысын бітіру, облыстық шайбалы хоккей федерациясына демеушілік көмек беру ісі де қарастырылған. Әлеуметтік нысандарды қар­жыландыруды “ENRC Көмек” корпоративтік қоры мен ENRC құрамына кіретін  “Соколов-Сары­бай кен өндіру бірлестігі” АҚ жүзеге асырады. – Меморандумда көрсетілген жобаларда қаланы абаттандыруға, денсаулық сақтау, мәдениет пен спортқа басымдық беріп отырмыз. Жыл сайынғы жобалардың іске асуы аймақ тұрғындарының тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына елеулі көмек көрсетеді,– деді Феликс Вулис кездесуде. Қонақтар кездесуден кейін “ССКӨБ” АҚ өндіріс алаңында болып, Металл илектеу зауытының құрылысы мен Соколов кенішінің болашағына назар аударды. Соңғы кен барлау жұмыстарының нәтижесінде бұл кеніштің әлі де мол қоры бар екені анықталып отыр. Кеніште кен аршылса, қалада салынатын тұрғын үйлер, өзге де әлеуметтік құрылыстар қатары артады. Мемо­ран­дум тек кеншілер қала­сының ғана емес, өңір­дің гүлденуіне кепіл келісім болмақ. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. РУДНЫЙ.