Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті және “Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты” РМК Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Президентінің “Алтын сапа” сыйлығын алуға арналған өңірлік семинар өткізілді.
Семинардың негізгі мақсаты жергілікті мемлекеттік бағдарламамен қоғамдық мекемелер, шағын және орта кәсіп өкілдерінің арасында менеджмент жүйесінде мемлекеттік саясатын, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің “Алтын сапа” сыйлығын алуға арналған конкурсы және “Қазақстанның ең үздік тауарлары” көрме-конкурстарын кеңінен насихаттау; БЭК аумағында Кедендік одақты құру процесін барлық қоғам өкілдеріне ақпараттандыру, сонымен қатар олардың техникалық реттеу және менеджмент жүйесі саласында білім деңгейін көтеру болды.
Семинарды Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Т.А.Момышев ашып, Қызылорда облысы әкімінің кеңесшісі Е.Уәйс өз сөзінде бәсекелестікке қабілетті, жоғарғы сапалы отандық өнімдерді өндіруге жәрдемдесу және Қазақстанның тұтыну рыногын сапалы отандық тауарлармен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің “Алтын сапа” сыйлығын алуға арналған конкурсы және “Қазақстанның ең үздік тауарлары” көрме-конкурстарын өткізу жөнінде іс-шаралар жүргізіліп жатқандығын кеңінен әңгімеледі.
Технологиялық реттеу және метрология комитетінің Сәйкестікті бақылау және метрология басқармасы бастығы Г-Б.О.Мейірбаева “Алтын сапа – жетілдіру және бизнесті басқару құралы” атты баяндамасында соңғы жылдары елімізде көптеген мекемелер мен кәсіпорындар сапа менеджмент жүйесін өз өндірістеріне енгізу жұмыстары қарқынды жүргізілуде екенін айта келе, қазақстандық кәсіпорындардың халықаралық стандарттарға жеделдетіп өту жөнінде қойылған Үкімет тапсырмалары халықаралық менеджмент жүйесін ендіруде оңтайлы шешімін табуда екенін баян етті. Елімізде халықаралық стандарттарды енгізу үшін қажетті инфрақұрылым, нормативтік және әдістемелік база қалыптасқан.
Бүгінгі таңда, еліміз бойынша халықаралық стандарттар мен әдістемелер негізінде 45 мемлекеттік стандарт және 15 әдістемелік ұсыныстар қабылданды. Жалпы қабылданған халықаралық стандарттар: ИСО 9000 (сапа менеджмент жүйесі), ИСО 22000 (өнімдердің қауіпсіздік менеджменті), ОХSAS 18001 (кәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау стандарты), SA 8000 әлеуметтік жауапкершілік стандарты нормативтік құжаттары Қазақстан Республикасының ұлттық (мемлекеттік) стандарттары ретінде қабылданды. Халықаралық ИСО 9000 сапа менеджменті жүйесін өндіріске енгізу 2007 жылмен салыстырғанда екі есеге өсіп, қазіргі уақытта 2681 кәсіпорын халықаралық стандарттарды енгізсе, 230 кәсіпорын халықаралық стандарттарды енгізу жөнінде жұмыстарын жүргізуде.
“Қазақстанның ең үздік тауарлары” республикалық көрме-конкурсына 16 облыстан аумақтық конкурстардың 9 жеңімпазы, барлығы 144 мекеме қатысады деп күтілуде. Конкурстың ұйымдастырушысы Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті болып табылады.
– Қазіргі таңда Қазақстанның алдында экономиканы индустрияландыру мен отандық тауар өндірушілерге ең жақсы жағдай жасау міндеті тұр. Алға қойылған міндетті шешу үшін техникалық реттеудің тұтқасы ретінде стандарттауды тиімді қолдану үлкен мәнге ие. Бұл жөнінде Елбасы өзінің Жолдауында “Қазақстанның халықаралық экономикалық алаңда бәсекелестікке толыққанды қатысуы халықаралық техникалық стандарттарды орындауды қажет етеді” деп атап өткен болатын. Сіздерді, өнімді дайындаушы және тұтынушылар және барлық басқа да мүдделі талаптарды жұмысқа қосылуларыңызды және белсенді қатысуларыңызды сұраймыз. Стандарттау ықпалын күшейту, дәлірек айтқанда, үйлестірілген стандарттардың үлесін арттыруға ұмтылу – нақты қажеттілік болуға тиіс және рынокта, тең құқылы серіктестікке экономикалық пайда көруге, рынокта өнімнің өтуін кеңейту кілті болатынын атап өткім келеді. Сонымен қатар кез келген уақытта және кез келген рынокта бағаланатын бірден-бір экономикалық шама-өнімнің және көрсетілетін қызметтің сапасы, қауіпсіздігі және құндылығы болатынын үнемі ескеру керек. Сапа менеджменті, экологиялық менеджмент, (ИСО 14000) және т.б. жүйелерін әзірлеу және енгізу арқылы немесе әр түрлі жолмен жетуге және растауға болады, – деді өз сөзінде “Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты” РМК Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің басшысы Г.Ж.Шарапат.
“Қазақстан метрология институты” РМК бас директоры В.Н.Михалченко Қазақстанда қазіргі таңдағы өлшем құралдарымен қамтамасыз ету жүйесінің қарқынды дамып келе жатқандығы туралы баяндаса, “Халықаралық аккредиттеу орталығы” ЖШС-нің маманы К.Х.Әбенова “Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылдарға арналған Қазақстан халқына Жолауын іске асыруда “Халықаралық аккредиттеу орталығы” ЖШС-нің алға қойған мақсаттарды іске асыру жөнінде атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде қысқаша баяндама жасады. Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті директоры Ә.Б.Бапалақов “Енгізілген тәуекелділік бағалау жүйесі аясында техникалық регламенттер талаптарының сақталуына мемлекеттік бағалауды дамыту және жетілдіру туралы” баян етіп, бұл үш бағытта асырылып жатқандығын айтты. Олар: Қазақстан Республикасында шығарылатын немесе шет елдерден әкелінетін өнімді өткізу (сату) кезінде қауіпсіздігіне мемлекеттік бақылау; мемлекеттік метрологиялық бақылау; тауардың шығу тегі жөнінде сертификаттың тәртібін сақтауға мемлекеттік бақылау.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, Елбасының “Алтын сапа” конкурсына сырбойылықтар бел шеше, білек түре кірісіп-ақ кеткен. Осы байқауда сырбойылық кәсіпкерлердің өзгелерден оқ бойы оза шабуына жағдай жасау мақсатында жергілікті бюджеттен 1,3 млн. теңге қаржы бөлінген.
Еркін ӘБІЛ.
ҚЫЗЫЛОРДА.