Бүгінде, жасыратыны жоқ, адамның өз-өзіне қол жұмсауына байланысты небір жантүшігерлік оқиғалар орын алып жатады. Мектептен келген оқушының көз айнала беріп асылып қалғанын, баласы бар әйелдің көпірден нөпір суға қарғып кеткенін, қол ұстасқан жастардың үйдің биік қабатынан секіріп, құлдилай құлағанын талай адам естіп, көріп білді.
Ал осындай жағдайда «неге» деген сұрақ жұрттың бәрін мазалайтыны анық. Оған тосқауыл қалай қойылмақ? Бұл бағытта қандай шаралар қолға алынып жатыр? Осы орайда кеше Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен кәмелеттік жасқа толмағандардың өз-өзіне қол салуы, оларға зорлық қылу және оның алдын алудың мәселелері бойынша селекторлық кеңес өтті.
Адамның өзін өзі өлтіруі бүгін ғана пайда болып отырған жоқ. Ол кесірлі кесапат бағзы заманнан адамзатты Алла жазған ажалынан бұрын алқымынан алып келеді. Талай жан өзіне өзі қол салды. Бірақ бүгінгі мәселе сол кесірлі кеселдің үлкенді де, жасты да жалмап жұтып, көбейіп бара жатқандығында болып отыр. Жастардың жарқын өмірден ерте баз кешетіндей басына не күн туды немесе әп-әдемі отау құрып отырған ерлі-зайыптылардың бірінің өз өміріне қол салуы неліктен дейміз. Әсіресе, мына тұрмысымыз бен күйіміз гүлдей жайнаған Қазақстанда бар қызықты ада етіп, о дүниенің тамұғына асығатындай жастарымызға не көрінді? Кім кінәлі? Қоғам айыпты ма, әлде билік кінәлі ме? Атылып, асылып, биіктен секіріп тіл тартпай, суға өзін өзі тастап, тұңғиыққа батқандар қаншама. Бұған ел не дейді?
Иә, өз-өзіне қол салған жанның ісін суицид деп атайды. Оны қалай атаса да одан өзіне өзі қол салатындарға келер пайда жоқ. Өйткені, көпшілік мұндай қайғылы жағдайда «суицид қой» деп алақан жаяды да қояды. Ал оның неліктен жиі орын алып жатқандығына, түп-тамырына, бастау алар көзіне үңіліп жатқандар аз. Тіпті, бұл адамның өз іс-әрекеті деп жайбарақаттық танытатындар да бар екен. Өйткені, өзін өзі өлтірудің себептері көп дейді. Көп жағдайда өзін өзі өлтіруге себеп болатын нәрсе – тұрмыстық жағдайдың қиындығы және өмірден түңілу. Жеке бастың ауыр мәселесінен шығар жол таба алмағандықтан тұйыққа тіреледі. Сөйтіп, бар «азаптан» оңай құтылудың жолы – өлім деп есептейді. Ал оның соңы белгілі.
Аталған кеңес отырысына бірқатар министрліктің басшылары, Астана, Алматы қалалары және облыс әкімдерінің орынбасарлары, облыстық білім, денсаулық сақтау басқармаларының басшылары, облыс прокурорларының орынбасарлары қатысты. Мемлекет басшысы әрқашанда еліміздің жастарының тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп келеді. «Бұл орайда Елбасы жастардың құқын қорғау және өз-өзіне қол салудың алдын алу үшін тиісті шараларды қабылдау туралы берген тапсырмасына сай бұл бағыттағы жұмысымызды жандандыруымыз қажет», деді өз сөзінде Б. Сапарбаев. Бұл арада жасөспірімдердің құқық бұзушылыққа баратындығын да жасырмаған жөн. Ал былтырғы жылғы мәліметке сүйенсек кәмелетке толмағандардың жасаған қылмысы 4 мыңнан асады екен. Осы деректердің ішіндегі өз-өзіне қол салу мәселесі ойландырмай қоймайды.
Мәселен, үстіміздегі жылдың бес айы ішінде 1 мың адам өзін өзі өлтірген. Соның ішінде олардың 69-ы кәмелеттік жасқа толмағандар. Бұл – былтырғы жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 19 пайызға көп деген сөз. Ал бұл нені білдіреді? Бұл осы бағытта бірігіп жұмыс істейтін тиісті мемлекеттік органдардың арасындағы байланыстың нашарлығын, жұмыстарының тиімсіздігін көрсетеді, деді Үкімет басшысының орынбасары, демек, облыстағы, яғни жергілікті жерлердегі білім басқармалары мен құқық қорғау органдары бірлесіп жұмыс істеулері қажет. Ең басты мақсат, бұл орайда түсіндіру жұмыстарын жаппай жүргізу қажет. Мектеп директорлары, ата-аналар комитеті бірігіп жұмыс істесе ғана мұндай қылмыстар жасалмайды және кәмелетке толмағандар арасында өлім азаяды. Білім саласында ғана 4 мыңға жуық әлеуметтік педагогтар, 5 мыңға жуық психологтар, 2 мыңнан астам мектептің полиция инспекторлары жұмыс істейді. Сонда 14 мыңға жуық адам тек осы балалардың тікелей тәрбиесімен айналысады деген сөз. Ал қазіргі біздің есепте тұрған балалардың саны 10439.
Кәмелетке толмағандардың арасында мұндай қайғылы оқиғалардың орын алуының басты себептерінің бірі ата-аналар тарапынан балаларға дұрыс бақылау мен тәрбиенің жоқтығы. Сондықтан үлкендерге қашанда балаларға ерекше көңіл бөлу қажет, дейді Премьер-Министрдің орынбасары. Ол, әсіресе, Білім және ғылым министрлігінің осы салаға тікелей жауап беретін қызметкерлерінің тиімсіз жұмыс істеп отырғанын ерекше сынға алды. Кеңесте Білім және ғылым, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, Ішкі істер, Әділет, Инвестиция және даму министрліктерінің, Бас прокуратураның өкілдері сөз сөйледі.
Баяндамашылардың бәрін тыңдап болған, олардың жұмысына нақты сын айтқан Б.Сапарбаев мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар берді. Соның ішінде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне 2015-2020 жылдарға арнап Білім және ғылым, Ішкі істер министрліктерімен бірлесе отырып, жастар мен кәмелетке толмағандар арасында суицидтен сақтандырудың қосымша кешенді шараларын ұйымдастыру, өз-өзіне қол жұмсау қаупі бар кәмелетке толмағандарға көмек көрсетудің жолдарын айқындап бекіту ұсынылды.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».