21 Наурыз, 2015

«Бірлігіміз жарасқан!» этнофестивалі

585 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
IMG_9987 Шығыс өңірі – қашаннан достық пен бірліктің алтын бесігіне айналғанын түрлі тағылымды шараларымен-ақ танытып келеді. Наурыз мерекесі қарсаңында облыстық Достық үйінде «Бірлігіміз жарасқан!» этнофестивалі өтті.  Қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтаудың кепіліне айналған Ассамблея институтының құрылғанына биыл – 20 жыл. Аталған шара Қазақстан хал­қы Ассамблеясының жылына арналды. Осы орайда этносаралық татулық пен та­ғаттылықты қалыптастыруға бағыт­талған мемлекеттік саясатты сәті­мен жүзеге асырған құрылымды дамыта түсу, мән-маңызын жете түсін­діру – қазақстандық қоғамның негізгі тіні болып отыр. Бұл жолы этнофестивальға қа­ты­су­шылар халық шығармашылығы арқы­лы еліміздің тәуелсіздік жылдары қол жеткізген басты байлығы – қазақ­стандық келісім моделін насихатта­ды. Фестивальге өскемендік этномә­дени ұйымдардың әншілері, вокалды ансам­бльдері, би ұжымдары, музыкалық аспаптарда ойнаушылар мен көркем сөз оқушылар қатысты. Әр қатысушы өздерінің ұлттық ерекшелігі бойын­ша жасаған қолөнер туындылары мен кәдесыйларын Достық үйінің мұражайына табыс етті. Белорус этномәдени бірлестігінің төра­ғасы Я.Волкович пен украин этно­мәдени бірлестігінің төрайымы Г.Жам­пейісова Ассамблеяның бүгінде жалпы қазақстандықтарға ортақ азаматтық және халықтық институтқа айналғанын, елі­міздің тұрақтылығы мен қоғамдық келісімін сақтау жолындағы негізгі тірегі екенін жеткізді. – Ассамблеяның жауапкершілігі жылдан-жылға артып келеді. Оның негізгі міндеті мен мақсаты ХХІ ғасырда үнемі кеңейе түседі деп ойлаймыз. Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың парасатты пайымы мен көреген саясатының көрінісі, – деді Г.Жампейісова. Этномәдени ұйымдардың мүшелері фестиваль аясында азаматтық ұстанымға адалдық танытып, алдағы президенттік сайлауға белсене қатысуға шақырды. Сон­дай-ақ, фестивальға Ұлан ауданы Айыртау ауылының Гагарин атын­дағы мектебінің оқушылары арнайы келген екен. Жас меймандар Достық үйі – қоғамдық келісім орталығы ғимара­тымен, этномәдени ұйымдардың жұмысымен танысып, «Достық бесігі» атты фильмді тамашалады. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.