Кеше Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен тұңғыш рет «Ислам – бейбітшілік пен келісім діні» тақырыбында І республикалық имамдар форумы өтті. Бұл жиын, жалпы, еліміздегі имамдар қауымының қоғамдағы рөлін айқындап, аша түскендей әсер берді. Форумға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының еліміздің түкпір-түкпірінен келген 500-ге жуық өкіл имамдары мен аудан, ауыл молдалары, ҚМБД Ғұламалар кеңесінің мүшелері, елімізге танымал дін ғалымдары жиналды. Сонымен қатар, форумның қонағы ретінде Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, бірнеше шет мемлекеттердің исламдық діни ұйымдарының басшылары, Қазақстан халқы Ассамблеясының Қазақстан Православия шіркеуімен Рим-Католик шіркеуінің өкілдері және қоғам қайраткерлері қатысты.
Шараны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы ашып, қатысушыларға тұңғыш өткелі отырған форумның мақсат-мүддесі мен маңызы турасында қысқаша тоқталды. Сондай-ақ, ол өз сөзінде Діни басқарманың осы уақытқа дейінгі атқарған жұмыстары мен игі бастамаларын атап өтіп, Ислам бейбітшілік пен татулықтың діні екенін, халқымыздың рухани өнегелік құндылықтарын бекемдей түсетінін форумға қатысушылардың назарына салды. Қадірін білгенге осының бәрі үлкен ғанибет. Алланың берген нығметі. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 1990 жылдан бері елімізге қызмет етіп, халқымыздың бірлігі жолында жұмыс істеп келеді. Осы аралықта жоғары деңгейде 5 құрылтай өтті. Бүгін тұңғыш рет І республикалық имамдар форумын өткізіп отырмыз. Бұл – еліміздің діни саласындағы тарихи шара. Имам қашанда бірліктің ұйытқысы. Ол – рухани тұлға. Халқымыздың тарихында билер мен діндарлардың рөлі ерекше болған. Құдайға шүкір, егемендігіміздің арқасында діндар қауымның мәртебесі артып келеді. Халықтың рухани танымын байыту үрдісі қайта жалғасын тапты. Дініміздің жанашыры, Елбасы Ұлытаудағы ұлағатты сұхбатында: «Бұрынғыдай жасқанбай, дінге бас иіп, Құдайға құлшылық етіп, мешіттер салып жатырмыз. Қаншама азаматтарды, білімді, дінді насихаттайтын молдаларды дайындап келеміз», деген еді. Бүгінгі айтулы іс-шара барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің құттықтау сөзін жолдап отыр. Бұл діндар қауымы үшін үлкен мәртебе, деді Е. Малғажыұлы. Осылай дей келе, Бас мүфти сөз тізгінін Қазақстан Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаевқа ұсынды.
Форумға «Халқымыздың рухани өміріндегі айтулы оқиға», деп баға берген Бағлан Асаубайұлы бұдан кейін Президенттің Құттықтау хатын оқып берді.
Елбасының Құттықтау хатында: «Форум – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қызметінің жаңа бір белесінің көрінісі. Діни басқарма талай жылдан бері халықты иман жолына ұйытатын игілікті істерге ұйытқы болып келеді. Форумның Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің қарсаңында өткізілуі оның маңызын арттыра түседі. Ислам діні қазақтың тарихында маңызды рөлге ие. Еліміздегі көптеген шығыс халықтарының руханияты Ислам құндылықтарына негізделген. Этносаралық татулық пен конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделі бүгінде әлемге танымал. Биыл еліміз Қазақстан халқы Ассамблеясы жылын атап өтуде. Қоғамдағы татулық пен келісімді нығайтуға қосып келе жатқан зор үлестері үшін алғысымды білдіремін. Парасаттылық пен отансүйгіштік сынды рухани құндылықтарды халық санасына сіңіру сіздердің абыройлы міндеттеріңіз», делінген жолдар бар екен. Сондай-ақ, Президент барша дін өкілдерінің діни тұрақтылықты нығайту, ұрпақты жат ағымдардан сақтау жолында табанды жұмыс істейтіндеріне сенімін білдірген. Елбасы өз Құттықтау хатында: «Діни ілімді ел тарихымен, ұлт мәдениетімен бірге таратып, зиялы қауыммен, жастармен тығыз қарым-қатынас орнатқан абзал. Бүгінгі форум Мүфтият қызметіне тың серпін беріп, діни мәселелерді шешудегі имамдардың рөлін арттырады. Сіздердің жауапкершілігі мен сауабы мол рухани қызметтеріңізге зор табыс тілеймін», – делініпті.
Б.Майлыбаевтан соң сөз алған Ержан қажы Малғажыұлы, ең алдымен, Мемлекет басшысының асыл дін – Исламның қамқоршысы екеніне, мәселен, Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығымен зәулім мешіттер бой көтергеніне, медреселер ашылып, білікті имамдар қалыптасып келе жатқанына тоқталды. Осылай дей келе, ол жиналғандарға өзінің көкейіндегі ой-пайымдары көрініс тапқан сөзін жеткізді. Бүгін баршамызды имамдар форумында Исламның бірлік пен татулықтың діні екенін жаһанға жар салып, дін атын жамылған радикализм мен экстремизмнің көріністерін айыптап, бейбіт тұрғындардың берекесін қашырған оқиғалардан сабақ алсақ, елдің тұтастығын сақтап, халқымыздың имандылығы мен бірлігін бекемдей түссек деген ізгі ниет топтастырып отыр. Егемен еліміздің татулықты ту еткен Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік дін қайраткерлерінің басын қосып, асқақ Астанамызды бейбітшілік пен бірліктің символына айналдырды. Бүгінгі басқосу осынау әлемдік алқалы жиынның Діни басқарма деңгейіндегі жалғасы деп есептеймін, деді Бас мүфти.
Оның айтуынша, Діни басқарма тәуелсіздік алған жылдардан бері өзінің 25 жылдық тарихында діни салада ауқымды іс-шаралар атқарып, берекелі бастамаларға ұйытқы болған. Еліміздегі екі жарым мың мешіт халықтың бірлігін ұйыстыратын, дәстүрлі рухани орталыққа айналған. Бұған қоса, бүгінгі күнге дейін толыққанды кәсіби имамдардың корпусы қалыптасыпты. Мәселен, алғашқы кезде ел имамдары 5 уақыт намазды өткізумен шектелсе, бүгінгі таңда олар халық арасындағы сұранысқа жауап бере алатын, қоғамдық мәселеге белсене араласатын тұлғаға айналып үлгерген екен. Қазір заман өзгерді, уақыт талабы тым басқа. Ақпараттар ағыны мен технологияның дамыған дәуірі, адамзат санасының күн санап өзгеруі, бізге, Діни басқарма қызметкерлеріне зор жауапкершілік жүктеп отыр. Әлемдік қоғамдастық экономикалық дағдарысты, саяси, ұлтаралық, дінаралық шиеленістерді бастан кешуде. Әсіресе, адамзат жаңа ғасырда бұрын-соңды болмаған діни алауыздықтар, дау-жанжалдар, ұлтаралық қақтығыстармен бетпе-бет келді. Дінді саясиландыру арқылы жастар санасын теріс арнаға бұру үрдісінің куәгері болдық. Дінді өз саяси мақсаттарына икемдеп алған түрлі топтар әлемнің әрбір жерінен көріне бастады. Радикалды топтар тек дәстүрлі діни түсініктерді жоққа шығарумен қатар, ашық түрде лаңкестік әрекеттер жасауда. Елімізде де мұндай радикалды ағым өкілдері көріне бастады. Мұны мойындауға мәжбүрміз, деді Ержан қажы Малғажыұлы.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы өзінің сөзінде, сонымен қатар, бүгінде Жер бетінде Ислам халифатын орнатамыз деген ұранды таратушылар Ирак және Шам елдерінде адасқан арманның, құр қиялдың жетегінде жүріп, діни дүрдараздық пен бүлік тудырып жатқанын, дінді біліммен емес, жалған сезіммен түсінген жастар олардың қатарына қосылғанын, Ислам атын жамылған бүлікшілердің бұл әрекеті, сөз жоқ, дәстүрлі дінімізге деген анық қарсылық екенін, бұл мұсылмандық қана емес, адамшылыққа да жат амал екенін атап көрсетті. Әлемдегі осындай күрделі діни ахуалға діндар қауымы да алаңдайды. Өйткені, бұл жағдай біздің саламызда да байқалуда. Мәселені айналып өту – шешім, яки нәтиже емес, деді ол өз сөзінде. Осылай дей келе, Бас мүфти қазіргідей жауапты кезеңде Діни басқарма бірнеше ауқымды шараларды жүзеге асырғанын айтып, оларға тоқталып өтті.
Бұдан кейін мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков сөз сөйледі (Көрнекті ғалымның сөзі бөлек беріліп отыр).
Ал Қазақстанның «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы тарапынан ел ынтымағын арттыруға бағытталған имамдар форумына маңызы зор іс-шара деп баға берді. Қазақта «Келісіп пішкен тон келте болмас», деген дана сөз бар. Бүгін алғаш рет өткізіліп отырған имамдар форумының мақсаты биік, алар асуы жоғары екеніне көзім жеткендей. Біз әрдайым Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметін қадағалап, жақсы, игі істеріне бір кісідей қуанып, бұрыс кетіп жатса сын айтып, қынжылыс білдіріп, жанашырлығымызды танытып келеміз. Біздің халқымыз елімізде Ислам дінінің дұрыс насихатталуына, Діни басқарманың қызметіне бейжай қарамайды. Себебі, Қазақстанның қазіргі діни ахуалының даму үдерісі, ондағы орын алып жатқан әртүрлі оқиғалар бізді де алаңдатады. Халқымыздың бейбітшілік пен өзара сүйіспеншілікке шақыратын дұрыс, дәстүрлі Ислам жолымен жүргенін қалаймыз. Сондықтан, ойымызды да ашық айтамыз. Бүгін Хазірет мүфти баяндамасында айтып өткендей, халыққа Ислам дінінің дұрыс жолын көрсетіп, бағыт-бағдар беретін тұлға – имамдардың бет-бейнесін, тұлғасын жетілдіруге, жалпы елдегі діни ахуалды тұрақтандыруға бағытталған бірқатар маңызды құжаттар қабылдануда екен. Бұл құжаттар өз уақытында қабылданып, халық арасында имамдардың да беделін арттырып, олардың діни, кәсіби тұрғыдан шыңдалуларына зор үлесін қосатынына сенімім мол, деді ол өз сөзінде.
Сондай-ақ, Ө.Озғанбаев қазақ жерінде түрлі ұлт өкілдері өзара түсіністікте өмір сүріп келе жатқанын, осының барлығы әуелі Алланың, содан кейін Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасы екенін жеткізді. Бүгінгі таңда имандылыққа бет бұрып, Алланың ақ жолына түсіп жатқан жас буынның қатары артты. Бұл, әрине, жүйелі жүргізілген жұмыстың жемісі. Бағытымыз айқын, мақсатымыз анық. Ол – біз күн кешіп жатқан, шапса тұлпардың тұяғы талатын кең-байтақ Қазақ еліндегі бірлікті сақтау. Президентіміз Н.Ә. Назарбаев «Біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – қасиетті Қазақ елі» деген болатын. Расында, біздің Елбасы бар күш-жігерін ұлттар арасындағы ынтымақты ұйыстыруға, бірлікті бекем етуге жұмсауда. Біз де, аға буын өкілдері, ардагерлер ұйымы бірлігіміздің бекем бола түсуіне атсалысып келеміз. Еліміздің ең асыл қазынасы, халқымыздың баға жетпес байлығы – ынтымақ пен бірлік екенін айтудан талмаймыз. Кеңес өкіметі тұсында қол үзіп қалған ұлттық құндылықтарымызды қайтарар сәт туғанда, нақ осы ақсақалдар алқасын немесе билер кеңесін құру қажеттілігі туралы сөз қозғамақпын. Себебі, кейде имам уағызынан гөрі, ақсақалдардың ақылы немесе билердің кесек кесімі керек болатын кез туындайды. Сондай шақта арнайы дайындалған билер кеңесінің беделі өтімді болатыны сөзсіз. Бүгінгі имамдар форумының аты «Ислам – бейбітшілік пен келісім діні» затына сай мәреге жетеді деп сенемін. Біздің міндетіміз «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», осыған қолдау көрсету, деді Ө.Озғанбаев.
Өмірзақ Озғанбаевтың сөзінен кейін Діни басқарманың өткен жылы атқарған игі шаралары бейнебаян арқылы форумға қатысушылардың назарына ұсынылды.
Форум барысында, сондай-ақ, басқа да азаматтар сөз сөйлеп, өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкіл имамы Батыржан Мансұров қазір дін қызметінде жүрген имамдар үшін де жүзеге асыратын жұмыс көп екеніне тоқталды. Біздің басты байлығымыз – иманымыз, Тәуелсіздігіміз, татулығымыз бен тұрақтылығымыз. Ендеше, осы асыл ұғымдарды сәт сайын қорғау, нығайту әрбір адамның міндеті болса, бұл тұрғыда дін өкіліне артылар жауапкершілік пен сенім орасан зор. Осы орайда, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамда діннің өсіп отырған рөлін толық шамада сезінетін саясаткер екенін әлем мойындап үлгерді. Өзара құрмет пен ынтымақтастық және толеранттылық негізіндегі әлем құруда діни көшбасшылардың рөлі маңызды орын алатын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V съезі 2015 жылғы маусымда Астана қаласында өтетіні еліміз үшін үлкен абырой, деді өз сөзінде ол. Сондай-ақ, Б.Мансұров ең алдымен халықтың діни сауатына, әсіресе, жастарымызға шариғат тұрғысынан дұрыс сенім негізінде бағыт-бағдар беретін рухани танымдық әдебиеттер және Діни басқарма аясында дәріс оқып жүрген белгілі дінтанушы-теологтардың аудио-таспалары мыңдаған тиражбен жарық көріп, халық арасында таралуына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, асыл дінімізді насихаттауға елеулі үлес қосылар еді деген ойымен бөлісті.
Жезқазған өңірі Ұлытау ауданы, Борсеңгір ауылының молдасы Қонысбай Абдрахманұлы: «Ислам – қайырымдылық діні. Бүгінде мешіттерімізде тұрмысы төмен отбасыларына жан-жақты көмек көрсету, жетім балалар мен қарттарға көмектесу – имамдардың абыройлы міндетіне айналды. Мемлекетіміз дін саласына өз қамқорлығын көрсетіп келеді. Діни қажеттіліктер үшін барлық жағдай жасалған. Біз өтпелі кезеңде өмір сүрдік. Бұл оңай емес, әрине. Бірақ, Тәуелсіздігімізді алдық. Кешегі кеңестік дәуірде мансұқталған дінімізбен және дәстүрімізбен қайта қауыштық. Сол замандарда, дінге қысым жасалған кезеңдерде дүниеден озған ата-анамыздың, ағайын-туысқанның мәйітін ақтық сапарға мұсылмандық жолмен шығарып салудың өзі мұң еді. Қазір, міне, Құдайға шүкір, дербес елміз, өзіміздің дербес Діни басқармамыз бар. Барлық мешіттеріміз Бас мүфтиіміз басқаратын бір орталыққа бағынады. Біздің мақсатымыз – осынау жүйенің шашауын шығармай, бірлігімізге бекем болу», деді өз сөзінде.
Наиб-мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай қажы Ораз өз кезегінде тәлімдік құжаттарымызға арқау болған негізгі құжатымыздың бірегейі – Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы жайлы сөз қозғады. 13 бөлімнен тұратын осы құжатта негізгі діни ұстанымдар қатарында ең әуелі сенім мәселесін айқындадық. Төл мазһабымыз, дәстүрлі жолымыз Әбу Ханифа мазһабына қатысты көзқарасы мен ұстанымы тұғырнамамыздың бірінші бөлімінде нық айтылған. «Ислам және зайырлы қоғам» деп аталатын екінші бөлім халқымызды тағаттылық жолын таңдауға, бірлігімізге бекем болуға үндейді. Тәлімдік құжатымыз – теріс ағымдарға тойтарыс бере алатын, имани иммунитетімізді күшейтетін дәстүрлі бағдарымыз, деді.
Қысқасы, бұл шара өз маңыздылығымен көпшіліктің көңілінен шықты. Форумға қатысушылар осындай игі бастамалардың бұдан кейін де жалғасын табатынына сенім білдірді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ,
журналист.
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ.
Имам деген сөз – иман деген сөз
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ.
Біз ұзына бойы тарихымызда небір қиындықтарды басымыздан кешкен елміз. Кеңес дәуірінде халық тапқа жіктеліп, дін қудалауға түсті. Мешіттер қирап, қамбаға айналды. Молдаларды сақалынан сүйреді дегенді де естігенбіз.
Бүгінгі бақытты заманға – Тәуелсіздікке ел, жер үшін басын бәйгеге тіккен хандар да, батырлар да, билер де жете алмады, біз жеттік. Жаңа Қазақ елі көш түзеді. Көшті Нұрсұлтан Назарбаев бастады. Дала төсінде жаңа мемлекет орнады. Сөйтіп, көз алдымызда, лезде жер де, ел де, заман да, адам да, қоғам да өзгерді. Ел есін жиып, етегін жапты. Қазақстанды әлем танып, мойындады.
Елордалы, Ақордалы, Елбасылы ел болдық. Қазақстан – әлемдегі ықпалды мемлекеттің біріне, Елбасымыз әлемдік тұлғаға айналды.
Жер бетінде адам адам болып жаралғалы, дін дін болып таралғалы ешбір патша, ешбір президент әлемдік және дәстүрлі дін өкілдерін біздің Елбасындай бір шаңырақтың астына жинай алған жоқ. Астанада төрт рет әлемдік діндер съезі өтті. Мұның бәрі айтса ауыз толатын, мақтануға тұратын ұлы оқиғалар.
Арғы-бергі заманда қазақтың басына мұндай бақыт қонған жоқ. Ендігі жерде осы барымыз бен бағымызды бағалай білсек, жақсы мен жаманды саралай білсек, Тәуелсіздік дейтін құдіретті ұғымның қадіріне жете білсек болғаны. Біз опық жесек, алауыздықтан опық жеген халықпыз. Бізге ең керегі – ағайынның ынтымақ-бірлігі; жеріміздің де, еліміздің де тұтастығы.
Дін сол ел іші ынтымақтастығына, қайырымдылыққа, парасаттылыққа, адамгершілікке, сыйластыққа айтарлықтай қызмет етіп келеді.
1995 жылы Иран Ислам Республикасының Президенті Рафсанжаниге біздің Елбасымыз:
– Өзге діндерді насихаттаушылар көбейіп барады, Сіздер Ислам мемлекетісіздер, Исламды неге пәрменді насихаттамайсыздар? – деп сұрақ қойды.
Сонда Рафсанжани мырзаның:
– Ислам – тасты жарып шығатын мөлдір бұлақ, әркімнің жүрегіне ол жолды өзі табады, – дегені есімде.
Шынында, Ислам – мейіріңді қандыратын мөлдір бұлақ, сарайыңды ашатын, мауқыңды басатын көктемнің бір жұпар саумалы, кеудеңе нұр құятын сәуле, мерейіңді тасытатын, жылағанды жұбататын, тарыққанды жебейтін, кем-кетікті, жетім-жесірді мүсіркейтін, егер қадіріне жетпесең – құтыңды қашыратын құдірет. Сондықтан да Исламды санамен сезініп, жүрекпен сүю керек.
Дін, Ислам туралы ойларымды ана бір жылы «Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» деген мақаламда айтқан едім. Бүгін де сол ойдамын. Дінмен ойнауға болмайды. Ойыннан өрт шығады.
Дінді саясатпен де, саудамен де шатастыруға болмайды. Дін – күн көрудің кәсібі емес, көрінгеннің қолжаулығы да емес, дін – ғылым, дін – тағылым, биік мәдениет. Дінге бару үшін үлкен ақыл, терең білім керек. Дін санаға, қанға, сүйекке сіңуі керек.
Сақал қойғанның бәрін молда, ораза ұстап, бес уақыт намаз оқығанның, дінді насихаттап жүргеннің бәрін діндар деп айта алмаймыз. Бүгінде жасына жетпей ата сақалы беліне түскендер, бесіктен белі шықпай жатып уағыз айтатындар көбейді.
Қайда барсаң да уағыз айтатындардың өлім туралы зарлап жатқанын көресің. Түбінде өлетінін әркім-ақ біледі емес пе, соншама елге үрей тудыра берудің керегі қанша? Біз жас ұрпақты «Сен өлесің» деп тәрбиелеуіміз керек пе сонда? Есі кіре бастағаннан балаға «өлесің» деп отырсақ, онда оған өмірдің керегі қанша? Қасиетті Пайғамбарымыздың өзі де бір хадисінде «Дінді сүйіншілеп жеткізіңдер» деген екен. Сондықтан да дінді үрейге айналдырмайық.
2004 жылы Ақорданы ашып, дастарқан басында отырғанымызда Елбасының:
– Шүкір, осыған да жеттік. Жылқы мінезді халықпыз ғой, тарихта кешкен шырғалаңдарды, азапты, қасіретті ұмытып кетпесек болғаны. Бағымыз – Тәуелсіздік, дініміз – Ислам, бірақ біз ата жолынан, бабаларымыздың ақ жолынан таймауымыз керек, – деп тебіренгені әлі есімде. Біз әрқашан бұл сөзді жадымыздан шығармауымыз керек. Алла біздің бағымызға берген Исламды тоқсан тарауға бөлудің қажеті жоқ.
Құранның тілі – Алланың тілі, қасиетті Пайғамбарымыздың тілі деп білемін. Осы күні жұрттың бәрі құран оқығыш болып кетті. Құран оқимын дегендердің ниеті дұрыс та шығар, бірақ құранды меңгерген кісі ғана оқу керек.
Мен университетте үш жыл, аспирантурада бір жыл араб тілін оқыған адаммын. Дұғаны кімнің дұрыс, кімнің бұрыс оқып отырғандығын ажырата аламын.
Осы күндері әулиелердің басында құран оқитын дүмше молдалар, шырақшылар көбейді. Солардың көбі құран оқығанда не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің. Құранды өйтіп қорлауға болмайды. Мүфтият мұны да қадағалауы керек деп ойлаймын.
Иранда елші болып жүргенде байқағаным, жыл сайын 5-7 миллион адам бес парыздың бірін өтеп қайтады. Сол ирандардың басына тақия киіп, мен пәлен қажымын, түген қажымын деп келгендерін көрген емеспін. Ал біздің елде қажы қаптап барады. Қажылық – мақтаныш емес, парыз екенін ұмытпайық, ағайын.
Имамдар сөзіне ел иланатын, иман жиған, нәпсісін тиған, тұла бойына қасиет дарыған, келбеті, болмысы, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, істеген ісі – бәрі имам деген атына сай тұлға болуы керек. Имам деген сөз иман деген сөзбен бірдей болуы керек.
Мешіт – Алланың жердегі үйі. Мешіт көбейгенмен, жастар арасындағы қылмыс азаймай тұр. Діни басқарма имамдармен де, мешіттермен де тереңірек айналысса дұрыс болар еді.
Діни басқарманың жұмысына араласайын деген еш ниетім жоқ. Жасым үлкен болған соң, біреуге – аға, біреуге әке болған соң, кейбір ойымдағы мәселелерді жанашырлықпен ортаға салып отырмын. Мұны жұртшылық дұрыс түсінеді деп, керегін қабыл алады деп ойлаймын.
Жақында Ержан ініммен кездестім. Діни басқармаға жаңа келген басшы ғой, танысайын, әңгімелесейін, қандай кісі екен, көрейін деп бардым.Көп әңгімелестік. Пікірлестік. Ой бөлістік. Мүфти інімнің өзіне де, сөзіне де риза болдым. Діни басқарманың кейінгі кезде атқарып жатқан шаралары елге ұнайды. Оның ішінде дін мен дәстүрге арналған кештерді ерекше айтар едім.
Соңғы кездері Мүфтият мені қобалжытып жүрген тағы бір үлкен мәселені шешіпті. Жаратушы Алланы «Аллаһ» деп айту менің жаныма қатты батушы еді.
Ұлтымыздың ұстазы Ыбырай Алтынсарин:
Бір Аллаға сыйынып,
Кел, балалар, оқылық, деп жазды.
Ұлы Абай:
Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз ешқашанда жалған болмас, деді.
Сөйтсем, Діни басқарманың Ғұламалар кеңесі таяуда мұсылман қауымға үндеу тастап, бұдан былай Алла деп айтайық деп пәтуа шығарыпты. Қатты қуандым.
Мүфтидің сөзінде көкейге қонатын, ойландыратын көп мәселелер айтылды. Форумда дін төңірегіндегі көкейде жүрген, бәрімізді де толғандырған көп мәселе талқыланды. «Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы», «Шынайы мұсылманның тұлғалық келбеті», «Имамның тұлғалық бейнесі», «Дін қызметкерлерінің қызметтік этикасы» секілді аса маңызды құжаттар қабылданды. Алла қаласа, бұл құжаттар ел ішіндегі діннің ролін, имамдардың қоғамдағы орнын көтере түседі деп сенемін.